Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні қарсаңында әлем дәрігерлері көпшілікке осы аурудың алдын алу жолдары жайлы ақпарат беріп, халықты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Себебі, қант диабетіне шалдыққандар қатары үздіксіз артуда. Бұл ретте, аймақтағы жағдай да алаңдатарлық деп айтуға болады. Қазіргі таңда 27 мыңнан астам павлодарлық қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Сондай-ақ, жыл сайын облысымызда шамамен 1 500-ге жуық адамнан осы дерт анықталады, дейді мамандар. Өкініштісі, бүгінде бұл дерттің құрығына балалар да ілінуде. Бұған не себеп? Аурудың алғашқы белгілері қандай? Одан толық айығу мүмкін бе? Осы және өзге де сұрақтарымызға Павлодар қалалық №3 емхананың эндокринолог дәрігері Айнұр Қанатқызы Мәлікова жауап береді.
– Айнұр Қанатқызы, бұрын қант диабетімен ересек адамдар ғана ауыратынын естуші едік, енді балалар арасында да жиілеп кетті. Бұл сырқат неге жасарып барады?
– Қант диабетінің жасаруына өмір салтының өзгеруі әсер етіп отыр деп айтуға болады. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типті қант диабетінің көбеюі алаңдатады. Бұған дұрыс тамақтанбау, калориясы жоғары тағамдарды жиі тұтыну, тәтті сусындарды шамадан тыс ішу, артық салмақ пен қозғалыс белсенділігінің төмендігі себеп болады.
Шыны керек, қазіргі балалардың көп уақыты телефон, компьютер, планшет алдында өтеді. Сөйтіп, дене қимылы азаяды. Мұның соңы семіздікке, ағзаның инсулинге сезімталдығының төмендеуіне және соның салдарынан екінші типті қант диабетінің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл ауру тұқым қуалайды. Яғни, ата-ананың бірі қант диабетімен ауыратын болса, олардың баласы да осы дертке шалдығуы мүмкін.
Ал бірінші типті қант диабетінің даму механизмі мүлдем басқаша болып келеді. Бұл – ауто-иммундық ауру. Мұндай кезде ағзада инсулин тапшылығы пайда болады. Оның нақты себебі толық анықталмағанымен, гене-тикалық бейімділік пен қоршаған орта факторларының әсер ету ықтималдығы да бар. Сондай-ақ, бірінші типті диабет дұрыс тамақтанбаудан немесе тәттіні көп жеуден пайда болмайтынын да айта кеткен жөн.
– Адам ағзасында қант диабеті басталғанын қалай білуге болады? Қандай алғашқы белгілерге мән беру керек?
– Қант диабетінің алғашқы белгілерін дер кезінде байқау өте маңызды. Оған ауыздың құрғауы, қатты шөлдеу, жиі зәр шығару, әлсіздік, тез шаршау және көздің бұлдырауы сияқты белгілер жатады. Кейбір адамдар тәбеті жақсы болғанына қарамастан, себепсіз салмақ жоғалтуы мүмкін. Ал балалар арасында жиі дәретке бару, түнде төсекке жіберіп қою, үнемі шөлдеу, басқа да жағдайлар орын алады.
Бірінші типті қант диабеті көбіне жылдам дамиды. Ал екінші типті диабет ұзақ уақыт бойы ешқандай айқын белгі бермей, жасырын өтуі мүмкін. Сондықтан адамның өзін жақсы сезінуі қандағы қант мөлшері қалыпты дегенді білдірмейді. Кейде ауру тек профилактикалық тексеру кезінде анықталатын жағдайлар да кездеседі. Диагнозды нақтылау үшін қандағы глюкоза деңгейін тексеру керек. Сонымен қатар, гликирленген гемоглобин (HbA1c) көрсеткішін де анықтату қажет.
Жалпы, артық салмағы бар, қан қысымы жоғары, жақын туыста-рында қант диабеті кездесетін немесе басқа да қауіп факторлары бар адамдар дәрігерлерге үнемі тексеріліп жүргені жөн. Ең дұрысы, әркім аурудың белгісі пайда болғанын күтпей, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.
– Қант диабетіне шалдық-қандар өмір бойы дәріге немесе инсулинге тәуелді бола ма? Бұл аурудан толық айығуға мүмкіндік бар ма?
– Қант диабетінің емделуі оның түріне байланысты. Мысалы, бірінші типті қант диабетінде ұйқы безі инсулинді жеткілікті мөлшерде өндірмейді. Сондықтан мұндай науқастар өмір бойы инсулин қабылдауға мәжбүр. Әзірге медицинада бірінші типті диабетті толық емдеп жіберетін әдіс жоқ болып тұр. Десе де, қазіргі медицина саласы күн сайын дамып келе жатқанын ойласақ, болашақтан үміт үзбейміз.
Ал екінші типті қант диабетімен ауыратын науқас бастапқы кезеңінде салмағын қалыпқа келтіріп, дұрыс тамақтанып, тұрақты дене белсенділігін сақтаса, қандағы қант деңгейі айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Кейбір науқастар ремиссияға өтеді. Яғни, қандағы қант көрсеткіштері белгілі бір уақыт бойы дәрі-дәрмексіз де қалыпты деңгейде сақталатын жағдайлар да кездеседі. Алайда бұл толық сауығып кетті деген сөз емес. Сондықтан медициналық бақылауды тоқтатуға болмайды. Инсулин қабылдайтын екінші типті диабетпен ауыратын кейбір науқастардың жағдайы жақсарып кетсе, дәрігердің шешімімен инсулин мөлшері азайтылуы немесе басқа емдеу тәсіліне ауыстырылуы ықтимал. Бірақ науқас өз бетінше инсулинді де, басқа дәрілерді де тоқтатпауы тиіс. Емдеу тәсілі әр адамның жағдайына қарай жеке анықталады.
– Қант диабеті қандай қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін?
– Қант диабетімен ауыратын адамдардың қанындағы глюкоза деңгейі ұзақ уақыт бойы жоғары болған жағдайда оның ағзасының көптеген мүшелері зақымдануы мүмкін. Ең алдымен жүрек-қан тамырлары, бүйрек, көз және жүйке жүйесі зардап шегеді. Ауру дұрыс бақыланбаған жағдайда инфаркт, инсульт, бүйрек жеткіліксіздігі, көру қабілетінің төмендеуі, тіпті,
соқырлыққа дейін әкелуі ықтимал.
Сондай-ақ, диабеттік нейропатия, яғни жүйке талшықтары зақым-данады. Соның салдарынан адам-
ның аяқ-қолының сезімталдығы төмендеп, ұю, шаншу, ауырсыну байқалады. Сол үшін осы жағдайға жеткізбеу керек.
Қауіпті асқынулардың тағы бірі – диабеттік табан синдромы. Бұл кезде аяқта жазылуы қиын жаралар пайда болып, инфекция қосылуы мүмкін. Ауру асқынып кеткен жағдайда аяқтың бір бөлігін немесе тұтастай ампутациялауға тура келеді. Сондықтан қант диабеті бар науқастар қандағы қант деңгейін ғана емес, қан қысымы мен холестерин көрсеткіштерін де бақылауда ұстауы тиіс.
– Бұл аурудың алдын алу үшін тұрғындар нені білуі тиіс? Маман ретінде қандай кеңес бересіз?
– Ең алдымен, әр адам дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстануы керек. Артық салмақтан арылу, дене салмағын қалыпты деңгейде сақтау, күнделікті қозғалысты арттыру арқылы ғана екінші типті қант диабетінің алдын алуға болады. Сондай-ақ, күнделікті тағам рационында көкө-ністерді көбірек пайдаланып, тәтті сусындар, қант мөлшері жоғары тағамдар мен шамадан тыс майлы өнімдерді шектеген жөн. Спортпен айналысудың пайдасы мол екенін естен шығармау қажет. Сонымен қатар, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, қандағы қант деңгейін бақылап отырудың маңызы зор.
Ал бірінші типті қант диабетінің алдын алудың дәлелденген әдісі әзірге жоқ. Ол өмір салтына немесе тәтті тағамдарды тұтынуға тікелей байланысты емес. Тіпті, бұл ауру 1 жастағы балаларда да кездесуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаларындағы шамадан тыс шөлдеу, жиі зәр шығару, әлсіздік және себепсіз арықтау сияқты белгілерге бейжай қарамауы тиіс.
Атап өтерлігі, қант диабетімен ауыратын жандар дұрыс ем қабылдап, дәрігердің ұсынымдарын орындап отырса, ұзақ әрі сапалы өмір сүре алады.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Нұржайна ШОДЫР.
