Қыспен бірге боранды, аязды күндер, көктайғақ қатар келеді. Кей күндері көлік қозғалысы шектеліп, қар құрсауында қалу қауіп туындайды. Иә, соңғы жылдары бұрынғыдай қыстың қатты аязды күндері азайғаны рас. Дегенмен, табиғат тосын мінез танытып, әп-сәтте әбігерге салатыны да жоқ емес. Сондықтан, қыстың қытымыр мінезіне әзірлік мығым болуы тиіс. Сала мамандары қатты суық сирегенімен өзге де қатерлер барын айтады.
Облыстық төтенше жағдай департаменті бастығыың орынбасары Думан Қыдырмоллаев климат өзгергенімен әзірлік күшейтілмесе, кемімейтінін айтады.
– Ауа райы жылдан жылға өзгеріп жатыр. Алайда, мына мәселені ескеру керек. Бұрынғы кезбен салыстырғанда көлік ағыны көп, қозғалыс қарқыны жоғары. Жолдың жайы да жақсарып, жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік берілді. Сәйкесінше, жолды уақытылы тазартпаса, апаттық жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан, техниканы көбейтпесек, азайтпауымыз, күшейтпесек, нашарлатпауымыз керек. Материалдық-техникалық жағдайды жақсартуға мән береміз, – дейді Думан Нығмытұлы.
Материалдық-техникалық база демекші, соңғы кездері қар құрсауында қалған адамдарды іздестіруде заманауи тәсілдер де қолданыла бастаған. Мәселен, дрондардың көмегіне жүгінеді. Дрондағы тепловизор арқылы қар бетіндегі адамды оның денесінің жылуымен табу мүмкіндігі бар. Ал боранды күні әуеден жәрдемдесетін құрылғылармен жұмыс істеу мүмкін болмаса, жол талғамайтын өзге техникаларды қолданады.
Жалпы, облыста қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қою үшін азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының 2 212 адамнан және 1 073 бірлік техникадан тұратын жалпы күштер мен құралдар тобы айқындалған. Облыстың су айдындарында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін «Сибэкс» аэроқайығын пайдалану көзделген. Бұл техника суда, таяз суда, мұзда, қар жамылғысында және батпақты учаскелерде қозғала алады. Ол кәдімгі жүзу құралдарын пайдалану қиындайтын мұз қату және өзендердегі мұздың сөгілуі кезеңінде ерекше тиімді көрінеді. Мамандар соңғы жылдары қыста өзен-көлде мұз да бұрынғыша қалың қатпайтынын айтады. Сондықтан, аталған қайық аса қажет.
Қыста жолдарды уақытылы тазалап, күтіп ұстаудың маңызы артады. Осы мақсатта биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына қызмет көрсетуге 6,8 млрд теңге, оның ішінде ақылы учаскелерге 4 млрд теңге бөлінген. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 2,2 млрд теңге қарастырылған. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауды қамтамасыз ету үшін 307 адам және 118 қар тазалау техникасы жұмылдырылмақ. Ал жергілікті маңызы бар жолдарда 334 техника жұмыс істейді.
Құзырлы орган өткен жылдардағы қысқы кезеңдердің талдауын ескере отырып, жалпы ұзындығы 414,48 шақырым болатын қар басу қаупі бар 222 учаскені айқындаған. Соның ішінде 128 учаске республикалық жол бойында. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қизат Жақұповтың мәлімдеуінше, республикалық жолдарды күтіп-ұстау, уақытылы қардан тазарту мақсатында биыл техника паркі жаңартылуда.
15 жаңа арнайы техника сатып алынған. 10 жылыту пункті қарастырылған. Көктайғаққа қарсы материал да әзірленіпті. Қар ұстайтын аумақтардың жол жиегіндегі шөп, бұта оталған. Биыл 2600 метр ағаш қалқан орнатылмақ. Одан бөлек, бүгінде республикалық жолда 29 мың метрден астам темірбетон қар тоқтату қоршауы бар.
Департамент мәліметінше, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қар тоқтатқыш қалқандардың ұзындығы –
9 710 метр. Оның ішінде, 6 760 метр ағаш қалқан, 2 950 метр темірбетон қалқан. Жалпы, биыл қар басатын учаскелер саны 21-ге азайған. Сонымен қатар, қауіпті аумақтарда жол талғамайтын техникалар орналастырылыпты. Облыс көлемінде жолда қалған адамдарды жайғастыратын 189 жылыту пункті қарастырылған.
Төтенше жағдай саласының мамандары қабылданған барлық шараларға қарамастан жолаушылардың қар құрсауында қалу қаупін толық жою әрдайым мүмкін болмайтынын да жоққа шығармайды. Сондықтан тұрғын-дарды қолайсыз ауа райы туралы ақпарат жеткеннен соң алыс жолға шықпауға шақырады. Ал қар құрсауында қалған жағдайда қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
– Алыс жолға шығуға дайындалған кезде жүргізушілер метеорологиялық жағдайларды алдын ала бақылап, «Darmen» қосымшасы мен ресми дереккөздер арқылы дауылды ескертулерді және автомобиль жолда-
рының жай-күйі туралы өзекті ақпаратты тексеруі қажет. Жолға шығар алдында көлік құралының техникалық жарамдылығын, аккумулятордың зарядын және техникалық сұйықтықтардың деңгейін тексеріп, сондай-ақ сүйреткіш арқан, күрек, жылы киім жиынтығы, отын қоры, ауызсу, құрғақ азық, медициналық қобдиша және қуатталған мобильді құрылғылар кіретін міндетті авариялық жиынтықты дайындау алу керек, – дейді Д.Қыдырмоллаев.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
