Photo Valeriy BUGAYEV

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Павлодар қаласында 30 жаңа автобус қолданысқа берілді. Заманауи қоғамдық көліктер шағын автобустарды алмастырып, жолаушыларға жайлы жағдай жасалмақ.

Үлкен санаттағы автобустар аймақ басшысы Асайын Байханов пен қала жұртшылығына таныстырылды. Облыс әкімі жаңа қоғамдық көліктер қала тұрғындары үшін, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы болатынын атап өтті.

– Қоғамдық көліктерді жаңарту – игі іс. Бұл істі алдағы уақытта да жалғастыру керек. Қаланың әр тұрғыны таза әрі кең қоғамдық көліктерде жүруге лайық, – деді А.Байханов.

№1 автобус паркіне қарасты бұл көліктердің сыйымдылығы – 56 адам. Жаңа автобустардың жолға шығуы нәтижесінде тұрғындарды тасымалдау жұмысы жақсара түспек. Аталған қоғамдық көліктер №115, №126 бағыттарда қатынайтын шағын автобустарды алмастырады.

– Бұрын №115, №126 қалалық маршруттардың қозғалыс интервалы 20-25 минут аралығында болатын. Сондай-ақ, маршрут-тардың жетіспеушілігі болды. Бұл шаһар тұрғындарына қолайсыздық тудырды. Ал жаңа автобустардың қатынауы нәтижесінде интервал 10-11 минутқа дейін қысқарады. Әр автобус механикалық пандуспен, ауабаптағышпен, USB заряд-тағыштармен қамтамасыз етілген. Бұл көліктер Франция елінде шығарылып, бөлшектері Өзбекстанда құрастырылған, – дейді №1 автобус паркінің басшысы Әнуар Нұралинов.

Енді №115 маршрутымен жұмыс күндері 12, демалыс күндері 10, ал №126 маршрутымен жұмыс күндері 16, сенбі-жексенбіде 14 автобус жүреді. Шағын автобустардың үлкен қоғамдық көлікке алмастырылуына байланысты қозғалыс бағыттарына өзгеріс енгізілді. Енді №115 автобус Лермонтов көшесінен Торайғыров көшесіне, М.Жүсіп көшесінен Ак. Бектұров көшесіне ауысса, №126 бағыт Бұқар жырау көшесінен Ак.Бектұров көшесі бойымен қатынайтын болады.

Сонымен қатар, аймақ басшысы басқа да қоғамдық көліктерді жаңарту қарастырылып жатқанын айтты. Әсіресе, жаңа трамвайларды сатып алуға баса мән берілмек. Бүгінде қолданыстағы 70-тен аса трамвайдың көпшілігі 1980-інші жылдары шыққан. Оларды жаңарту мақсатында жаңа бағдарлама енгізілді. Соның аясында биыл 20-30, келесі жылы қалған трамвайларды жаңарту жоспарда бар.

Айдана Боранбаева.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.