Айсұлу. Атына заты сай көркем мінезді көрікті жан. Жан сұлулығы мен тән сұлулығы үйлесім тапқан аяулы ана, асыл жар, ибалы келін. Алтын асықтай ұл мен күміс қасықтай қыз тәрбиелеп отырған көп балалы, Күміс алқалы жас ана. Алты балаға аналық мейірімін төгіп, отбасының ұйытқысы болып отыр. Балаларын қолындағы басты байлығына балайды ол.

Жары Рахаділмен 2010 жылы отау құрды. Екеуі де көпбалалы отбасынан шыққан. Сондықтан көпбалалы отбасының өмірдегі мән-маңызын жіті түсінеді. Кей жандар көпбалалы болудың машақаты көп деп, оларды асырап-жеткізудің қиындығынан қашады. Ал Рахаділ мен Айсұлу мұндай ойдан ада.

– Екеуіміз де көпбалалы отбасынан шықтық. Өз басым отбасымда тоғыз баланың жетіншісімін. Ет жақындары көп жандар есейгенде бір-біріне қолдау көрсетіп, тірек болады. Сол қолдау-жәрдемді күйеуім екеуіміз екі жақтан да көріп келеміз. Ата-анамыз да тәлім-тәрбиесімен бәріміздің бойымызға мейірімділік, жанашырлық дәнін себе білді. Ағайын-туысқа деген құрмет, бір-бірімізге деген бауырмалдықта тәрбиелеп өсірді. Сол тәрбие бізге өмір бойына азық болып келеді, – дейді Айсұлу Кәкешхан.

Жас ана 23 жасында тұңғышы Бексұлтанды дүниеге әкелді. Одан кейін Айым есімді қыздары өмірге келді. Алланың сыйы болар, ағасы мен әпкесінің соңынан Кәусар мен Іңкәр есімді егіздер ерді. Содан соң ағасына серік болып, Ерсұлтан дүние есігін ашты. Кенжесі Айғанымды Айсұлу 2021 жылы 32 жасында дүниеге әкелді. Жас ана балаларының арасы жиі болғандықтан алғашында қиын болғанын жасырмайды. Бірақ, жары қарайласып, алғашқыларын өсіріп алған соң кейінгілеріне үлкендері қолғабыс жасайтын болыпты.

– Бала бізге берілген аманат қой. Сондықтан, барынша баптап өсіруге міндеттіміз. Ананың мейірімін, әкенің қамқорлығын сезінген бала жаман болмайды деп санаймын.  Тұңғышымыз дүниеге келгенде тәжірибе жинағанша, үлкендердің кеңесіне құлақ астық.  Егіздер дүниеге келгенде күн мен түніміз ауысып, бірі ұйықтаса, екіншісі оянып, біраз қиналғанымыз бар.  Бірақ, мұның бәрі уақытша қиындықтар екенін бүгінде түсініп отырмыз. Қазіргі таңда екі үлкеніміз үй шаруасына әжептәуір қолғабыс жасайды. Кішілеріне қарайласып, көмек-
тесіп жүреді, – дейді жас ана.

Ана ретінде әр баласының жеке тұлға болып қалыптасуына мүдделі. Айсұлумен әңгімелесу барысында жиі балаларын тілге тиек етті. Әр баласының жетістігінен қуат алып, өмірге құлшына түсетінін айтады. Осы ретте, балаларының икеміне қарай әрқайсысын түрлі үйірмелерге қатыстыруға ден қояды. Алтыншы сыныпта оқитын тұңғышы Бексұлтан көп үйірмеге барып жүріп, домбыраға тоқтаса, төртінші сыныпта білім алатын Айымы тоғызқұмалақты жанына жақын етіпті. Сондай-ақ, екі үлкені қалалық, облыстық олимипадаларда топ жарып, қуанышқа бөлеп жүр. Егіздер ән мен биге бейім. Өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Кіші ұл мен қызы балабақша жасында.

– Балалар кішкентай болған-дықтан көп уақыт жұмыс істемедім. Жарым Рахаділ балаларын асырау үшін тыным таппай, еңбек етіп келеді. Үйде отырғанда менің міндетім – балалардың ас-суын дайындап, үйірмелеріне, мектепке апарып-әкелу болды. Ал отағасы кешкісін жұмыстан кейін балаларға барынша көңіл бөледі. Үлкенімен домбырада күй шертіп, теннис ойнайды. Кейінгілерімен асық, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, шеберліктерін шыңдайды. Әкелік қамқорлығын танытуда жарым жалыққан емес. Міне, осы екі жақты жұмыстың арқасында бүгінге күйге жеттік деп ойлаймын, – дейді бақытты ана.

Рахаділ мен Айсұлу бала-ларының кітап оқуына да көп көңіл бөледі екен. Жас шамасына қарай түрлі шығармаларды әкеліп беруді әдетке айналдырған.

Ерлі-зайыптылар балаларының болашағына, денсаулығына басым-
дық береді. Соның бір дәлелі – ұл-қызы таза экологиялық тағам жесін деген ниетпен Кенжекөлдің шет жағынан мал ұстауға ыңғайлы жер алып, үй салып, бүгінде сиыр сауып отыр. Бұған дейін ауылдың ортасында да өздері салған алты бөлмелі үйлері болған. Жазда балаларынан артылған ақтан май мен ірімшік жасап, сатып та табыс табады. Одан бөлек, тігін тігіп, аракідік тапсырыс алады.

Кішісі балабақша жасына жеткендіктен Айсұлу енді тұрақты жұмысқа араласуға бел буыпты. Жастар практикасы бойынша ауылдағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Бұл бағдарламаның мерзімі – бір жыл аяқталған соң әрі қарай да көпбалалы жас ана тарихтан сабақ беруге ниетті. Әзірше, сағат саны болмай жатқан көрінеді. Ал күйеуі Рахаділ бүгінде Кенжекөл ауылдық әкімдігінде абаттандыру мәселесіне жауапты маман болып еңбек етеді.

Айсұлу аналық махаббатымен еліне еңбек етер мықты азаматтар тәрбиелеу жолында әлі де аянбақ емес. Аяулы ана деген атқа лайық болу үшін өзінің бала кезінде анасынан, әпкелерінен көрген тәліміне әрдайым иек артпақ. Әр баласының қоғамға қайырымды, өмірге құштар, бір-біріне бауырмал болып өскенін қалайды. Содан асқан бақыт жоқ деген ойда  көпбалалы асыл жан.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ