Биыл аймақ айнасына айналған облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жарық көргеніне – 95 жыл. Осыған орай облыстық деңгейдегі мәдени мекемелерде түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, жуырда Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылдық кітапханасында газеттің тұрақты оқырмандарымен кездесу өтті.

 

Ата басылым осы уақыт аралығында оқырманынан бір елі ажыраған емес. Көзі қарақты қауым да басылыммен бірге жасап келеді. Олардың қатарында Мұхит Жақсылықұлы да бар. Ол басылымды тұрақты түрде жаздырып алатынын айтады.

– Бала кезден шығармашылыққа құмар болып, болашақта жазушы, ақын болуды армандадым. Алайда арманым мақсатқа айнала алмады. Таңдаған мамандығым бұл салаға қарама-қайшы болды. Бірақ шығар-машылық тасада қалмады. Еліміз Тәуелсіздігін алған соң отбасыммен Моңғолия елінен Баянауыл ауданына қоныс аудардық. Сол сәтте «Ата жұрт – алтын бесігім» деп шабыттанып өлең жазғаным бар. Бұл өлеңді сол кездегі совхоз директорына көрсетіп едім, ол аудандық «Баянтау» газетіне жариялады. Араға бір ай салып, ақын Сүлеймен Баязитовтың бастамасымен «Сарыарқа самалы» газетінде жарық көрді. Ол кезде аталған редакцияға Мұхит Омаров жетекшілік етті. Сол сәттен бері жазған мақалаларым мен өлеңдерім басылым бетінде тұрақты түрде шығып тұрды. Соның арқасында 2004 жылы басылымның «Үздік авторы» деген атаққа ие болдым. Шығармашылығымды дамыта алдым. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым еңбек адамынан журналиске айналдым, – дейді тұрақты оқырман.

Кенжекөл ауылдық көпшілік кітапхананың меңгерушісі Амангүл Жұмабайдың айтуынша, әр қоғамда сан түрлі ақпараттық құралдары қызмет етіп келеді. Олардың арасында газеттің алар орны ерекше.

– Аймақтық басылымды павлодарлықтар жаңалықтың жаршысы деп қана емес, халықтың қамқоршысы ретінде таниды. Себебі басылымның бастамасымен жыл сайын тың жобалар жүзеге асуда. Бұдан бөлек, облыстың саяси-қоғамдық өміріне араласып, толымды жұмыс атқарып жүрген азаматтарды да көпшілік өңірдің бас үнпарағы арқылы танып, оқып білді. Тоқсан бес жыл елге хабар таратуда өзіндік орнын қалыптастырған басылымның ғұмыры ұзақ болғай! Бұл мерейтой тек газет ұжымының емес, оқырманның мерекесі деп білеміз, – дейді ол.

Шара барысында көрермендер назарына газеттің тарихынан сыр шертетін көрме ұсынылып, редакция өкілдері мен ауыл тұрғындары өзара ой-пікір алмасты.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.