Мына ұлан-ғайыр даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған және кейінгі ұрпаққа аманат еткен батыр бабаларымыздың барлығы ат үстінде жауына қылыш сермеп, найза лақтырып, садақ атқан. Бүгінгі ұрпақ бұл көріністі теледидардан ғана көргені болмаса, атқа мінуден алыстап барады. Сондықтан бұрынғының жауынгерлік өнерін ұлттық спорт түріне жатқызып, кейінгі ұрпақты соған баулу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Павлодар облысы бойынша ұлттық спортты дамыту жұмыстарын «Қайырбаев атындағы ұлттық спорт клубы» үйлестіреді. Осы мекеме директоры Дархан Жоламановты әңгімеге тартып, біздің өңірдегі ұлттық спорттың аяқ алысы, даму қарқыны туралы әңгімелестік.

– Дархан Әдеппайұлы, Қайырбаев атындағы ұлттық спорт клубының  құрамында қанша түрлі спорт кіреді?

– «Қайырбаев атындағы ұлттық спорт клубының» құрамында спорттың жеті түрі бар. Олар: көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, қазақ күресі, саятшылық. Бұрын мен осы қызметке келгенге дейін спорттың үш түрі ғана бар еді. Атап айтқанда қазақ күресі, көкпар және аударыспақ ойындары бойынша жұмыс жүргізіп келген екен. Соңғы бірнеше жылдың ішінде ұлттық спорт түрлерін көбейтіп, әрбіріне бапкерлер, жаттықтырушылар тағайындадық.

– Бұрын саятшылық, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу сынды спорт түрлерін жүйелі дамыту жұпыстары жүргізілген жоқ. Жекелеген азаматтар айналысып, түрлі жарыстарға барып жүргенін білеміз. Осыларды спорт клубқа тіркеу, жеке-жеке бапкер дайындау қиын болған жоқ па?

– Оған дейін спорттың бұл түрлері бойынша жаттықтырушылар болған жоқ. Саятшылыққа не болмаса ат спортына жақын азаматтар өздерінің хобби ретінде қызығығушылығы бойынша айналысып жүрді. Ал жарыстар болса, спорт басқармасы атынан баратын еді.  Кейін Қайырбаев атындағы ұлттық спорт клубы арқылы жаттықтырушылардың штатын ашып, балалармен жұмыс жасауға мүмкіндік тудырдық. Жас мамандарды жұмысқа алдық. Жүйелі жұмыс жүргізіле бастады.

Жалпы спорттың қандай түрі болса да білікті маман шығып, «осы спортты дамытамын» деп құлшынып тұрса, оларды қолдау жағынан мәселе болмайды. Яғни, жергілікті билік тарапынан қолдау шаралары жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатыр.

–  Сіз осы мекеменің тізгінін ұстағалы ұлттық спорт  түрлері бойынша қандай үлкен жетіс-тікке жеттіңіздер?

– Иә, ұлттық спорт бойынша ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар. Мәселен, қазақ күресі бойынша балуандарымыз  облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Соңғы екі жылда республика көлемінде командалық есеп бойынша үздік үштіктен түскен жоқпыз. Спортшылар республикалық чемпионаттардың боз кілемінде жиі топ жарып жүр. Ал ең басты жетістігіміз – Қазақстан барысының қола медалі. Өңірімізге белгілі балуан, жерлесіміз Мұхтар Дәлелхан өткен жылы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Павлодар облысы тарихында алғаш рет үшінші орынды қоржынға салды. Ал басқа да түрлі жарыстарда жүлделі оралып жүр, мысалы, бір жарысқа 20 бала жіберсек, соның 7-8-і жүлдемен келіп жүр. Жақында Астана қаласында ұлттық спорт түрінен фестиваль өткен болатын, сол додада асық  ату мен тоғызқұмалақ спортшылары командалық есепте бірінші орын алды. Қазақ күресінен үш медаль келді. Жамбы атудан және саятшылықтан орын ала алмадық. Есесіне саятшылық бойынша соңғы Қазақстан чемпионатында үшінші орынды қоржынға салды. Ал көкпар бойынша өткен жылдары Екібастұз қаласының «Сайфолла» командасы облыстан топ жарып, Қарағандыда өткен ашық республика турнирінде екінші орын алды.

Биыл біздің өңірде жамбы атудан бірінші рет Қазақстан чемпионаты өтеді деп жоспарлануда. Жарыс тамыз айында өтеді.

– Саятшылық өнеріне жастардың қызығушылығы қалай?

– Жалпы, ұлттық спорттың қай түрі болса да кейінгі буынның қызығушылығы жоғары. Саятшылық өнері бойынша ақсулық Бекболат Исқақов есімді құсбегіні облыстың аға жаттық-тырушысы етіп тағайындадық. Қазір өзінің құсбегілікке баулып жүрген шәкірттері бар. Негізі жастарға үйрететін және жол көрсететін маман болса, олар қызы-ғады, үйреніп, алып кетуге тырысады. Сондықтан алдымен оларға мүмкіндік тудырып, жағдай жасауымыз керек. Екі жыл бұрын Қазақстан чемпионатын өткіздік, сонда бір жерлесіміз Павлодар тарихында тұңғыш рет чемпион болды және спорт шебері нормативін орындады.

– Ұлттық ат спорты бойынша көкпаршыларымыздың есімі республикалық ойындарда көп атала бермейтіні баршаға аян. Яғни, ауыз толтырып айтарлықтай жетістік жоқтың қасы. Осы олқылықты толтыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Облыс әкімінің қолдауымен әр ауданда жастардан команда құрылды. Бұл кейінгі жастардың көкпарға деген қызығушылығын ояту болып табылады. Қазір әрбір ауданда көздерінде оты бар, кеуделерінде намысы бар шабандоздар өсіп шығып келеді. Міне, осы екпінмен жұмысты жалғастыра берер болсақ, бірер жылда оңтүстіктің көкпаршыларына төтеп бере алатын команда жасақтаймыз деп ойлаймын.  Яғни, осы қарқыннан таймасақ, жақын уақытта біздің командалар үлкен көкпарда да топ жарады деп сенемін. Сондықтан енді өсіп келе жатқан бозбалалардың болашақта рухты, жігерлі болып өсуін қаласақ, осындай ұлттық спортқа, соның ішінде ат спортына көбірек баулуымыз керек. Жалпы, көкпарға қатысты дүниенің барлығы тікелей қаражатқа байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар, осы салада тәжірибесі бар білікті жаттықтырушыларды да қажет етеді. Негізі, соңғы уақытта үлкен көкпарды дамыту мәселесіне ерекше мән берілуде.  Өткен жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мерейтойына орай өткен Павлодар облыстық чемпионаты соған дәлел бола алады. Яғни, барлық ауданнан команда келіп, жоғары деңгейде тартысты ойын көрсетті, жүлде қоры да қомақты болды. Міне, командалар арасында осындай мықты бәсекелестік болса ғана деңгейіміз өсетіні белгілі. Яғни, командалардың саны көп болса және ойыншылары бірінен бірі асып тұрса, нағыз бәсекелестік пайда болар еді.

– Қыс мезгілінде аттарды күту-баптау жұмыстары қалай жүргзіледі?

– Жалпы, біздің облыстың шабандоздары қолайлы мезгілде ғана көкпар шабады. Яғни, қыста, көктемнің басында көкпар ойыны өткізілмейді. Сондықтан аттар ұзақ уақыт байланып тұрғандықтан, бабы кетіп қалады. Ал қыс бойы мінілмеген аттың бабын қайта келтіру біраз уақыт алады.  Негізі аттарды қыс бойы күтіп баптап ұстаудың өзі – үлкен жұмыс.

– Биыл көкпар бойынша жастар құрамасына көп үміт артып отыр екенсіздер…

– Иә, жақында ғана көкпардан жастар арасында Павлодар облысының чемпионаты өтті. Оған 18-20 жас аралығындағы жас шабандоздар қытысып, өз мықтылықтарын көрсетті. Ойын өте жоғары деңгейде өтті. Жас шабандоздар арасында өткен бұл жолғы чемпионатқа  бірінші рет жеті команда қатысып, жеңіс үшін бар күштерін көрсетті. Бұл жастардың көкпарға деген қызығушылығы артып, бәсекелестіктің туындағанын көрсетеді. Алдағы уақытта жастар командасын күшейтуге, командалардың санын көбейтуге барымызды салып жұмыс істейтін боламыз. Ойын нәтижесі бойынша жақсы өнер көрсеткен көкпаршылардан облыстың құрама командасын жасақтаймыз. Содан кейін олар мамыр айында Жамбыл облысында өтетін ел чемпионатына барады.

– Ертіс-Баян өңірінің спортшылары дүниежүзілік көшпенділер ойынына қалай дайындалып жатыр? Біздің облыстан қандай спортшылар барады?

– Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық басталған, дүбірлі додаға баратын спортшылар да анықталып қойды. Атап айтсақ, қазақ күресі бойынша Мұхтар Дәлелханұлы жолдама алып, дайындығын жасап жатыр. Сол көшпенділер ойыны аяқталғаннан кейін көп кешікпей Азия және әлем чемпионаттары басталады. Бұл жарыстарға бізден де балуандар қатысып, облыс намысын қорғайды. Сонымен қатар, асық атудан төрт спортшы іріктеуден сүрінбей өтіп, көшпенділер ойынына жолдама алды.

–  Әңгімеңізге рахмет! Ұлттық спорт төрден түспесін!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.