Ақсу қаласындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайында дәстүрлі «Алтын сақа» асық фестивалі өтті. Жарысқа Ақсу қаласы мен ауыл мектептерінен 30-ға жуық команда қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.

 

Ақсу қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Серік Нурконың айтуынша, жарыс ұлдар арасында бес табан, қыздар арасында бес асық түрі бойынша өтті. Әрбір командада алты ойыншыдан өнер көрсетті. Аталған фестивальге биыл «Казхром» компаниясы демеушілік көрсетіп, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаражат бөлген.

– Ақсуда асық фестивалі осымен екінші рет ұйымдастырылуда. Жарысқа барлығы 29 команда келді. Олардың 20-сы ауыл мектептерінен, 9-ы қала мектептерінен шықты. Жарыс екі күнге жалғасты. Балалардың дайындығы өткен жылдан қарағанда әлдеқайда жоғары екені байқалады, яғни, ойындарды тамашалағанда балалардың арасындағы бәсекелестіктің өскенін аңғардық. Әрбір спортшы жеңіс үшін бар күшін салып ойнады, – дейді Серік Нурко.

Облыстық асық ату федерациясының президенті Қалибек Қуанұлының айтуынша, биыл Ақсу қаласы асық фестивалін челлендж ретінде Павлодар және Екібастұз қалаларына жолдап отыр. Алдағы уақытта мұндай асық мерекелері Ақсумен ғана шектелмей, облыстағы барша қала, аудан және ауылдарда жалғасатын болады.

Биыл Қазақстанда әлем көз тіккен Көшпенділер ойыны өтеді. Осы үлкен ұлттық спорт тойы қарсаңында асық ату бойынша жарыстарды көптеп ұйымдастырып жатырмыз. Басы мақсатымыз –  жасөспірімдердің ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру, асық ату шеберлігін шыңдау. Ал асық ойынының балалардың денсаулығына, ойлау жүйесіне, ептілігіне тигізер пайдасы зор. Сондықтан әр қазақтың баласы епті, әр қазақтың баласы мерген болуы керек, – дейді Қалибек Қуанұлы.

«Алтын сақа» асық фестивалінің қоры-тындысы бойынша қыздар арасындағы бес асық ойынында Үштерек орта мектебінің командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші жүлде Алғабас ауылының М.Қабылбеков орта мектебіне бұйырды. Үшінші орынды Ақсу қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі олжалады. Сонымен қатар, Үштерек мектебінің мергені Сәния Баймұрат «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.

Ұлдар командасы арасында Жамбыл орта мектебінің оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Ақсу қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасы қанжығалады. Үшінші орын Алғабас ауылының М.Қабылбеков орта мектебіне бұйырды. Ұлдар командасында «Үздік ойыншы» аталымына Көпбай Бейбіт (Қ.Қамзин орта мектебі) лайық деп
танылды.

Тілеуберді САХАБА, Ақсу қаласы.