Мемлекет және қоғам қайраткері Тито Сыздықов: Тарихи шешім қабылдауға қатысқанымды бақытқа балаймын

Қаз 22, 2026

25 қазан – қазақ елі үшін ерекше күн. Ешкімге елеңдемей, ертеңін өзі айқындайтын ел ретінде егемендігін жариялаған тарихи күн. Яғни, егемендік декларациясы қабылданды. Бұл – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуға құқықтық негіз қалаған тарихи құжат. Құнды құжаттың қабылдануымен дербес ел болып, жеріне, барына үстемдік етуге бет бұрды. Бүкіл табиғи ресурста-
рына иелік етуге құқығы айқындалды. Тарих қойнауына енсе де, бұл күннің мән-маңызы ешқашан төмендемеуі тиіс. Керісінше, ұрпақ жадында ұлықталуы керек, ұмытылмауы қажет. Осы ретте, тарихи сәттің нағыз куәсі, маңызды құжаттың қабылдауына тікелей қатысқан, Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірінде, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік үлесі бар,
мемлекет және қоғам қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы
Тито Сыздықовпен сұхбаттасқан едік.

– Тито Уақапұлы, 1990 жылғы 25 қазан күні Егемендік декларациясы қабылданды. Сол кезде, білуімізше, сіз Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты болдыңыз. Осы саяси күн есіңізде қалай сақталды?

– 1990 жылы Жоғарғы кеңестің 12-шақырылымына сайлау жарияланды. Бұл кез Кеңес үкіметі бөліне бастаған шақ еді. Эстония, Латвия, Литва секілді Балтық жағалауы Прибалтика мемлекеттері бөлініп шығып жатты. Оның алдында Венгрия, Польша мемлекеттері егемендіктерін жариялап, дербес ел болды. 1990 жылы Украина, Беларусь, Ресей президенттері Украинада жиналып, бөлек мемлекет болуға бел буды. Үлкен саяси өзгерістер біздің елді де күтіп тұрды. Сол сәтте Жоғары кеңеске депутаттыққа сайландым. Алдымен, сайлану оңай болмағын айта кетейін. Кеңес депутаттарының саны 360 деп белгіленген еді. Оның ішінде 270-і мажоритарлық жолмен, яғни, тікелей дауыс берумен өтеді. Қалған 90 депутат әртүрлі қоғамдық кеңестер, кәсіподақ, комсомол, партия, мүгедектер ұйымдарынан сайланады. Өзім Успен аудандық партиясы-
ның бірінші хатшысы болатынмын. Сонда партияның облыстық комитеті бюросының шешімімен Жоғары кеңеске ауданымыздан өзге екі азаматты жіберу ұйғарылған екен. Елімізде өз азаматтарымыздың сайлануы қажет деген ойлар ашық айтыла бастады. Соның әсері болар, мен де облыстық комитеттің шешімімен келіспей, депутаттыққа үміткерлікке ұмтылдым. «Қазақстанның 30 жылдығы» деген колхоз бар еді. Сол жерде өткен жиналыста халық ұсынып, депутаттыққа үміткер атандым. Успен мен Шарбақты бір округ болатын. Сөйтіп, халық сенімінің арқасында 1990 жылы Жоғары кеңестің 12-шақырылымының депутаты ретінде сайландым.

Жас, албырт кезіміз. Жұмысты әр салада істеп, тәжірибе де жинақтап үлгерген едім. Кеңшарда маман, директор болып еңбек еттім. Кейін аудандық, қалалық комитеттер хатшысы, бірінші хатшысы қызметтерін саты-сатысымен атқардым. Әкемнің жолын жалғадым. Ол кісі ұлағатты ұстаз, Май ауданының бірінші хатшысы қызметінен зейнетке шыққан. Жоғары кеңестің 12-шақырылымы депутаттары әр саланың өкілі, ірі өндіріс орындары басшыларынан құралған еді. Облыстық комитеттің бірінші хатшылары, төрағалары да болды. Сол кезде Жоғары кеңестің спикері болып академик Ерік Мағзұмұлы Асанбаев сайланды. Өте білгір, ұлтжанды азамат еді. Кейін бұл азамат Қазақстанның вице-президенті, елші болды.

Кеңес одағы құрамында болған мемлекеттер бірінен соң бірі декларациясын қабылдап жатты. Біз де осы маңызды іске кірістік. Арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына атақты заңгерлер, академиктер, облыс басшылары, Президент әкімшілігінен өкілдер кірді. Сол комиссия отырыстарына қатысып, ұсыныстарымызды беріп отырдық.

– Сол бір тарихи кезеңде Қазақстанның дербес мемлекет болатынына сендіңіз бе? Сіз бұл тарихи құжатты қабылдауға қандай үлес қостыңыз?

– Комиссия отырыстары өте тартысты өтті. Әр депутат ұсынысын ортаға салды. Павлодар облысынан 22 депутат едік. Қазір олардың ішінде Қайыржан Шәбенов есімді азамат қана ортамызда. Біз де ұсынысымызды айтып, құжатқа енгізуге тырыстық. Мәселен, комиссияға жеткізген «жер қойнауы, су ресурстары тек қана Қазақстан халқының меншігі» деп жазылуы тиіс деген ұсынысым өтті. Еліміздің атауына қатысты да саналуан ұсыныс болды. Қазақия, Қазақстан атаулары ұсынылды. Өз басым алғашқысын құптаған едім. Бұл сұрақ көп талқыланды. Ортақ шешімге келе алмай кешке дейін ұзақ пікірталасқа ұласты. Содан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев комиссия отырысына қатысып, біраз сабырлық танытып, «көпұлтты халықпыз, мемлекетіміз баршаға ортақ үй болсын, Қазақстан Республикасы болсын» деген тоқтам жасалды. Жасыратыны жоқ, әлі де Қазақия деп атап жібергенде ғой деген арманым іште қалды.

– Маңызды отырыстан есіңізде ерекше сақталған оқиға немесе әріптестеріңіздің сөзі болса, ортаға салсаңыз…

– Әрбір тақырып жан-жақты талқыланды. Түрлі пікір, ой айтылды. Тарихи құжат қабылдауға әзірлік жүргізілген комиссия отырыстары үш күн бойы тартысты өтті. Кейбір мәселелерде қызуқандылыққа салынып, келіспеушілік танытып, жаға ұстасуға дейін барған сәттер болды. Кәдімгідей қара тер бұрқ ете түсетін. Қара терге түсе, пікірталастырдық. Түбі тыныш болса екен деп іштей тілеуімізді де тілеп отырдық. Мәселен, декларация қабылданарда федеративті немесе біртұтас мемлекет ретінде жариялауға қатысты да кеңес мүшелерінің ойы екіге жарылды. Бір бөлігі біртұтас ел болғанды қаласа, бір бөлігі федеративті мемлекет үлгісін дұрыс деп санады. Федеративті атанса, әр облыстың өз бетінше заң шығаруға құқы болар еді. Жоғары кеңес депутаттары құрамының 48 пайызы өзге ұлт болатын. Олар федеративті форманы құп көрді. Оған біз қарсы болдық. Осы тақырыпта да бір шешімге келу қиын өтті. Айғай-шуға дейін көтерілген кезде үзіліс жасап, сабырға шақыруға тура келді. Әйтеуір, соңында біртұтас мемлекет болып жарияланды. Тіл мәселесіне келгенде де пікірталас қызды.

Мемлекеттік және жекеменшік тақырыбы да ұзақ талқыланды. Өйткені, ол кезде мүліктің 98 пайызы мемлекеттің иелігінде еді. 2 пайызы ғана – жекенің қолында. Оның өзінде тұтынушылар одағының еншісінде еді. Содан Қазақстан Республикасы нарықтық экономикаға көшетін болды. Мемлекеттік және жекеменшіктің аражігі ажыратылды. Жекешелендіру бағытына бет бұр-
дық. Қазір соның арқасында 80 пайызы – жекеменшікте, 20 пайызы – мемлекет меншігінде. Бұл – дамыған елдер тәжірибесі. Франция, Америка, Ұлыбритания нарықтық экономикаға көшу арқылы қарқынды дамыған. Егемендікпен бірге келген осы нарықтық экономика бойынша шешім өз жемісін берді деп есептеймін. Еліміз дамып, әлеммен иық тірестіре бастады емес пе?! Оған біз бен сіз бүгінде куәміз.

– Тарихи шешім, құнды құжат қабылданған шақта қандай күй кештіңіз? Сол күннің атмосферасын сипаттап берсеңіз…

– 25 күні декларация қабылданар шақта қарсылық танытқандар да аз болмады. Дегенмен, көпшіліктің күшімен егеменді ел деп атандық. Бүкіл әлемге дербестігімізді жарияладық. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жетті. Ол сезімді, сол күні кешкен күйімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алматыда тұратынбыз. Түні бойы ұйықтамай, бір-бірімізді құттықтап, бөркімізді көкке лақтырып, қатты қуандық. Туған-туыс, дос-жаран, әріптес болып, сүйіншілеп, мәре-сәре болдық. Өмірге ерекше риза болдық.

Егеменді ел болдық. Осы құжат еліміздің алдағы маңызды құжаттарының бастауы екенін сезіндік. Әрі қарай заң жобаларын қабылдадық. Сол кезде ел тұтастығына, ертеңіне қажетті парламент, ішкі істер, қауіпсіздік туралы заңдарды бірінен соң бірін талқылап, қабылдадық. Шекараны бекіту туралы шешімдер де қолға алынды. Жекешелендіру тұрғысында көп мәселе қаралды. Жоғары кеңестің 12-шақырылымының төрт жылын өзіміздің заңдарымызды, Қазақ елінің заң жобаларын қабылдауға жұмсадық. Осылай дегенде, сол бір сәттерді есіме түсіргенде кеудемді мақтаныш кернейді. Өз еліңнің іргесін бірге қалауға қатысу, ертеңі үшін қажетті құнды құжаттардың түзілуіне атсалысу кез келген адам үшін қуаныш сыйлайтын сәттер екені сөзсіз. Жоғары кеңесте еліміздің мемлекеттік рәміздері бойынша ұсыныстарды қарап, бірнеше нұсқадан таңдау жасау жұмысына да қатыстық. Президенттің қатысуымен көк байрағымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бекітілді. Сондықтан, егемен ел болып қалыптасудың бастауында, Қазақ мемлекетінің іргесі қаланғанда бірге болғандықтан, тікелей үлес қосқандықтан өзімді бақытты адаммын деп есептеймін.

Егемен елдің Елордасының көркеюі де көз алдымда өтуде. Астанаға қоныс аударғанымызға – 27 жыл.  Әсем қала бой көтерді. Бұл да – егемендіктің жемісі. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдім. Немере-жиен, олардан екі шөбере көріп отырмын. Осылай отбасыммен бақытты, баянды өмір кешіп жатқанымыз дәл осы дербестігіміздің нәтижесі деп білемін.

– Бүгінгі Қазақстанның жетістіктеріне қарап, сол кездегі шешімдердің нәтижесін қалай бағалайсыз? Өзіңіз, тәуелсіз Қазақстанның заң шығарушы органында бірнеше шақырылымында депутат болдыңыз. Еліміздің даму жолына қосқан үлесіңізге тоқталсаңыз.

– Қазақстан деген елді бүгінде әлем таниды. Экономикамыз сан түрлі бағытта өрістеп келеді. Қазақстанмен санасады. Төрткүл дүниенің азулы мемлекеттері де дербес ел ретінде бізбен ынтымақтастыққа ұмтылуда. Әріптестік орнатуға әрдайым қызығушылық танытып жатыр. Қазақ елі білімде, өнерде, спортта өзгелерге мықты екенін көрсетуде. Оған әлемдік додаларда топ жарып жүрген жерлестеріміздің жетістігі дәлел. Сондықтан таңдаған жолымыз, бағытымыз дұрыс деп санаймын.

Бұл жолда әрбір азамат аянып қалмауы тиіс. Өзім де еңбек жолымда туған өлкемнің өркендеуіне, ел дамуына шама-шарқымша үлес қосуға тырыстым. Ертіс, Успен аудандарына, Ақсу қаласына басшылық еттім. Егемен елдің Парламентінде 2,3,4-шақырылымдарында депутат ретінде елдің дамуына қажет заң жобаларының қабылдануына қатыстым. Кейін Үкіметте біраз уақыт ұйымдастыру-кадрлар және өңірлік даму бөліміне жетекшілік еттім. «Қазақстан Теміржолы» компаниясында 6 жыл директорлар кеңесінің мүшесі, кадрлық ынталандыру жөніндегі комитеттің төрағасы қызметтерін атқардым. 73 жасқа дейін жұмыстан қол үзбедім. Қоғамдық жұмыстардан да тартынбадым. Өйткені, ел өзіміздікі, еңбек етіп, үлес қосу – міндетіміз.

–  Егемендік туралы құнды құжат қабылданғанына да биыл – 36 жыл. Жалпы, тәуелсіз ел ұрпағы 1990 жылғы тарихи шешімнің мәнін толық түсіне ме?

– Декларацияның, егемендіктің маңызын жастар жете түсіне қоймайды. Оның түпкі мәнін терең сезінбейді. Егемен ел атанып, өз жеріңнің, мемлекеттік тіліңнің болуы қандай бақыт екенін бүгінгі ұрпақ білсе деймін. Жері жоқ ұлттар мемлекет ретінде ешқашан қалып-таса алмайды. Сондықтан Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұлан-байтақ жеріміздің басты құндылық, Алланың сыйы екенін ұғынуымыз қажет. Патриоттық сезімдерін оятуымыз керек. Егемендіктің ата-бабаның қандай құнымен келгенін өскелең ұрпаққа айтудан жалықпауымыз қажет. Әйтпесе, бүгінде жастардың бірі батысқа, бірі арабқа еліктеп, ұлттық кодынан, құндылықтарынан ажырауға жақын. Оған жол бермеуіміз керек. Себебі, олар – ел тұтқасын ұстайтын ертеңіміз.  Яғни, ұлттық тұрғыдан ойлай білу – елді, жерді сақтауға деген басты қадам.

1996 жылы Президенттің ресми делегациясымен Израильге бардық. Ол кезде Ертіс ауданының әкімі едім. Сондағы бір дерек – әлі есімде. Еврей халқы жер жүзінде 11 млн екен. Оның 6 миллион адамы Израильде тұрса, 5 млн адам шет елдерде өмір сүреді. Шет елдегі азаматтары Израильдегі қарттар үйін, шіркеулері мен мүгедектерді қаржыландырып, қажетіне жарауға тырысады екен. Шет елде өмірден өтсе, өз еліне сүйегін жеткізуге асығады екен. Яғни, бұл жерден ұлтына деген ұлы сезімді, жанашырлықты байқауға болады. Біздің жастарымыз да еліне, жеріне осындай жанашырлықпен, сүйіспеншілікпен қараса деймін. Ата-бабасының жерінде өсіп-өніп отырғанын ұл-қызымыз мақтан тұтуы керек. Аз ғана халық болсақ та, қойнауы бай жеріміз бар болашағымыз жарқын елміз. Егемендікке, жерімізге, тілімізге жастарымыз көзінің қарасындай қарап, сақтаса деймін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.