Жыл сайынғы дәстүрлі турнирге айналған «Павлодар барысы» сайысы биыл да жалғасын тапты. Аудандық, қалалық бәсекелерде үздік атанған балуандар боз кілемде белдесіп, өзара мықтыны анықтады.

Облыс орталығындағы «Баянтау» спорт кешеніне қазақ күресі бойынша өңірдегі кіл мықты спортшылар жиналды. Барлығы 12 аудан-қаладан 25 спортшы бақ сынады. Олар «Павлодар барысы» атағын сарапқа салды.

Жарыстың бас төрешісі Еркін Кәмша-товтың айтуынша, бүгінде тұтас елімізде, оның ішінде Павлодар облысында қазақ күресі қарқынды дамып келеді.

– Оны «Павлодар барысы» жарысына қатысушылардың қатары жыл сайын артып келе жатқанын да айқын аңғаруға болады. Бүгінде тәжірибелі балуандар да, болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар да боз кілемде барын салуда. Тыңғылықты дайындықпен келген, бағы мен бабы қатар келіскен қос спортшы аймақ намысын республикалық чемпио-натта қорғайды, – дейді бас төреші.

Шынымен, «Павлодар барысы» атану үшін сақа спортшылар да, дәстүрлі додада алғаш рет бақ сынауға келген жастар да аянып қалған жоқ. Тартысты өткен жарыста былтыр «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде қола белбеу-
ді қоржынға салған баянауылдық Мұхтар Дәлелхан қарсылас шақ келтірмеді. Ол биыл да аймақ намысын қорғайтын болады.

– «Павлодар барысы» турниріне тыңғылықты дайындалдық. Себебі, басты мақсат – респуб-ликалық чемпионаттың алтын белбеуін алу. Бұл мақсатқа жету үшін өңірдегі іріктеуден іркі-лмей өтуім керек. Бүгін сол алғашқы белесті бағындырдым. Ендігі ретте «Қазақстан барысы» атануға барымды саламын, – дейді Мұхтар Дәлелхан.

Ақтық сында оған есе жібергенімен, бұған дейінгі белдесулерінде жақсы қырынан көрініп, екінші орынды еншілеген павлодарлық Еркебұлан Егінбай да республикалық турнирге жолдама алды. Сөйтіп, қос балуан 2 шілдеде Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» чемпионатында бақ сынайды. Ал облыстағы іріктеу турнирінің үздік үштігін тағы бір павлодарлық Әлихан Айтжанов түйіндеді. Жарыс жүлдегерлері арнайы белбеумен, медальдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Суретті түсірген – Константин Музалевский.