Облыс орталығында автокөлік әуесқойларын бір алаңға тоғыстырған ауқымды LowKzMeet автофестивалі алғаш рет ұйымдастырылды. Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шараға еліміздің әр өңірінен 150-ден астам автокөлік иесі қатысып, көздің жауын алар ерекше жобаларын көпшілікке таныстырды. Автокөрме мен әсерлі дрифт-шоу, спорттық сайыстар, балаларға арналған ойындар және концерттік бағдарлама қатар өріліп, фестиваль алаңы думанға бөленді. Қала тұрғындары мен қонақтары техниканың түр-түрін тамашалап, қызықты бағдарламаларға қатысып, мазмұнды демалыстың куәсі болды.
Таңертеңнен бастап ипподромға жиналған жұрттың қатары көбейе түсті. Алаңға келгендердің қатарында кәсіби автоспортшылармен бірге көлікке қызығатын жастар, отбасымен серуендеуге шыққан қала тұрғындары мен қонақтары да болды. Фестиваль аумағында әр жастағы келушіге арналған түрлі бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар ойын алаңдарында асыр салып ойнаса, жастар стритболдан және PlayStation платформасындағы турнирлерде бақ сынады. Өзге қатысушылар да спорттық сайыстар мен ойын-сауық бағдарламаларына белсене араласып, мерекелік көңіл- күйді еселей түсті.
Көпшілік үшін фестивальдің басты қызығы – бір алаңға топтастырылған алуан түрлі автокөлік болды. Бірі сыртқы келбетімен ерекшеленсе, енді бірі техникалық мүмкіндігімен назар аудартты. Келушілер көліктерді жақыннан тамашалап, иелерімен тілдесіп, олардың жасалу тарихына қанықты. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов та қатысып, фестиваль алаңын аралап, ұйымдастырылған бағдарламалармен танысты.
Фестивальдің басты бөлігі – автокөлік көрмесі. Мұнда сирек кездесетін модельдермен қатар,
қолдан қайта жасалған және техникалық мүмкіндіктері жетіл-дірілген спорттық көліктер қойылды. Әр машинаның өзіндік тарихы бар. Кейбір көлікке иелері бірнеше жылын арнаса, енді бірі техникалық мүмкіндігін жетілдіруге, дизайнын өзгертуге ерекше көңіл бөлген. Осылайша көрме алаңындағы әр автокөлік оның иесінің талғамы мен еңбегін танытқан жеке жобаға айналды.
Мәселен, Астана қаласынан келген Бауыржан Байкеновтің Toyota Sera көлігі де көрермен назарын аударған жобалардың бірі болды. Ерекшелігі – көлікті иесі ұлы мен қызын қатыстыра отырып, отбасымен бірге жасаған.
– Павлодарда осындай үлкен автофестиваль өткеніне қуаныш-тымын. Біз балаларыммен – ұлым және қызыммен бірге жинаған Toyota Sera жобамызды алып келдік. Осындай тамаша мереке ұйымдастырған Павлодар қала-сының әкімдігіне көп рақмет! – деді Б.Байкенов.
Фестивальдің негізін қалаушы әрі бас ұйымдастырушысы Дархан Ысқақовтың айтуынша, LowKzMeet Қазақстанда 10 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашында өздігінен ұйымдастырылған кездесулерден басталған қозғалыс бүгінде ауқымды фестивальге айналған.
– 10 жыл ішінде алғаш рет автофестиваль Павлодарда қала әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен 150-ден астам жарқын әрі ерекше автокөлік жиналды. Қатысушылар өз көліктерін көрсетіп, көлік жүргізу шеберліктерін таныстыру үшін келді. Олардың арасында келушілердің барлы-ғына дрифт-такси ұйымдастырған кәсіби дрифтерлер де бар, – деді Д.Ысқақов.
Фестивальдің экшн-аймағы да көрерменге ерекше әсер сыйлады. Арнайы дайындалған алаңда кәсіби пилоттар көлік басқарудағы шеберлігін көрсетті. Қозғалтқыштың гүрілі, дөңгелектен көтерілген түтін мен күрт бұрылыстар көрер-мендердің назарын бірден аударды. Жанкүйерлер жүргізушілердің әр қимылын жіті бақылап, әсерлі сәттерді ұялы телефондарына түсіріп жатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, LowKzMeet-тің негізгі мақсаттарының бірі – автоспортқа қызығатын жастарға өз қабілетін арнайы дайындалған алаңда көрсетуге мүмкіндік беру. Осы арқылы көлікке деген қызығушылықты көшедегі қауіпті жарыстардан аулақ ұстап, оны спорт пен жауапкершілікке бағыттау көзделеді. Яғни, мұндай шаралар автокөлікке деген әуестікті қауіпсіз ортада дамытуға мүмкіндік береді.
Дрифт-такси де фестиваль қонақтарына автоспортты жақыннан сезінуге жол ашты. Кәсіби пилоттың жанына отырған көрермен көліктің күрт бұрылыстары мен жоғары жылдамдықтағы қозғалысын өз басынан өткерді. Қысқа уақыттың өзінде адреналинге толы әсер алған жолаушылар көліктен көтеріңкі көңіл күймен түсті. Бұл бастаманы облыс әкімі Асайын Байханов та қолдап, дрифт-шоу кезінде көлік жолаушысы ретінде ерекше сәттің куәсі болды.
Павлодарлық 17 жастағы спортшы Темірлан Сейітқазиновтің өнері де көпшіліктің назарын аударды. Ол көлік тізгініне 9 жасынан бастап отырған. Қазір жергілікті жарыстарға тұрақты қатысып, дрифт, дрифт-такси, ралли және қысқы дрифт бағыттарында бақ сынап жүр.
Жас спортшының тағы бір ерекшелігі – дрифт-шоуды көпшілік үйренген қуатты BMW көлігінде емес, «Жигулимен» көрсетуі. Қарапайым көлікке ерекше техникалық сипат беріп, оны жарысқа дайындағаны да көпшілік қызығушылығын тудырды.
– Жергілікті дрифт, дрифт-такси, ралли, қысқы дрифт сынды автожарыстарға қатысуға тырысамын. Қазір жүргізуші куәлігім жоқ. Сондықтан көлік жүргізуге тек осындай арнайы алаңдарда рұқсат етіледі. Әкем мені қолдайды, өзі алып келеді. Көлікті де өзім жинадым, – деді Темірлан.
Фестиваль бағдарламасы автомобиль мен автоспортпен ғана шектелген жоқ. Жастар арасында стритболдан жарыс өтіп, PlayStation платформасында EA Sports FC турнирі ұйымдастырылды. Балаларға арнайы ойын алаңы жасалып, түрлі интерактивті шара өткізілді. Осылайша фестивальге келген әрбір қонақ өзіне қызықты бағыт тауып, бір күнін мазмұнды өткізуге мүмкіндік алды.
Шара барысында павлодарлық құтқарушылар да өз мүмкіндіктерін таныстырды. Арнайы дайындалған көлікке өрт қойылып, мамандар заманауи робот-өрт сөндірушінің жұмысын көрсетті. Құтқарушылардың шұғыл әрекеті мен техниканың мүмкіндігі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл көрініс төтенше жағдай кезінде қолданылатын жаңа технологиялардың мүмкіндігін таныстырумен қатар,
қауіпсіздік мәдениетіне назар аударуға бағытталды.
LowKzMeet-тің Павлодарда өтуі «Ertis» ипподромының да жаңа мүмкіндіктерін көрсетті. Жаңарған нысан тек ат спортына арналған орын емес, бұқаралық спорттық, мәдени және жастар іс-шараларын өткізуге қолайлы кеңістік екенін аңғартты. Бір күн ішінде мұнда спортшылар да, автокөлік әуесқойлары да, балалар мен жастар да бас қосып, ортақ қызығушылықтарын бөлісті.
Кеш түсе ипподромдағы қозғалыс жаңа арнаға ауысты. Күндізгі қозғалт-қыштардың гүрілі біртіндеп сахнадағы музыка үніне ұласты. Фестивальдің музыкалық бөлігінде Niman, Truwer, Экси және Captown өнер көрсетті. Кештің басты қонақтарының бірі болған Omerta да павлодарлықтарға мерекелік көңіл- күй сыйлады. Музыкалық бағдарлама басталған тұста фестиваль алаңындағы жастардың қарасы көбейіп, кештің қарқыны одан әрі жандана түсті.
Осылайша, бір күнге «Ertis» ипподромы автокөлік әуесқойлары, спортшылар, жастар, балалар мен өнерпаздар бас қосқан үлкен қоғамдық кеңістікке айналды. Бір алаңда техника, спорт, музыка мен отбасылық демалыс тоғысып, қала тұрғындарына өзгеше нұсқадағы мерекелік күн сыйлады. Қозғалтқыштардың гүрілі мен сахнадағы әуен тоғысқан бұл күн Павлодардың жазғы күнтізбесіндегі жарқын оқиғалардың біріне
айналды.
Ерболат НҰРБАЙ, блогер:
— Автокөлікке қызығатын адам ретінде мұнда ұсынылған әр жобаға қызығушылықпен қарадым. Қазақстанның әр өңірінен келген көліктердің арасынан талғамға сай ерекше безендірілген, техникалық тұрғыда жетілдірілген үлгілерді көруге мүмкіндік болды. Дрифт-шоу кезінде адреналин мен көңіл-күй қатар сезілді. Көрермендердің де жарысқа қызу қолдау көрсеткені фестивальдің атмосферасын одан әрі жандандыра түсті. Жалпы, шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқадым. Павлодарда осындай фестивальдің алғаш рет өтуі мен үшін де, автоәуесқойлар үшін де есте қаларлық оқиға болды.
Нұрлан ӘБДІРАХМАНОВ, Екібастұз қаласының тұрғыны:
— Мұндай ауқымды автофестивальдің Павлодарда алғаш рет ұйымдастырылып отырғаны қуантады. Әсіресе, әр өңірден келген көліктерді тамашалап, дрифт-шоуды тамашалау ерекше әсер қалдырды. Балаларға да, жастарға да, ересектерге де қызықты бағдарлама қарастырылған. Қала тұрғындары үшін осындай мазмұн-
ды әрі заманауи шаралардың көбірек ұйымдастырылғанын қалаймыз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Павлодар қаласы.
