Шабандоздар тартысы

Қаз 1, 2026

Павлодарда жастар арасында көкпардан Қазақстан Республикасының XX чемпионаты өтті. 26 қыркүйекте «Ертіс-Павлодар» ипподромында басталған жарыс бес күнге жалғасты. Чемпионат 2006-2008 жылдары туған жастар арасында өтті.  Додаға Шымкент қаласы мен еліміздің 13 облысынан командалар келген.

Олар – Жамбыл, Түркістан, Алматы, Ақмола, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстары.

Чемпионаттың ашылу рәсіміне Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Мұқанов қатысып, спортшыларды құттықтады. Содан кейін жастар арасындағы чемпионаттың ұлттық спортты дамытудағы маңызы зор екенін айтып, барша шабандоздарға сәттілік тіледі.

– Қазақ барда көкпар бар, көкпар бар жерде ұлттық рух бар. Бұл ұлттық спортымыздың халқымыздың салт-дәстүрімен, ұлттық рухымен және ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Бүгінгі жас спортшылар – ұлттық спортымыздың ертеңгі ізбасарлары, ел намысын қорғайтын азаматтар. Барша шабандоздарға сәттілік тілеймін, – деді Руслан Мұқанов.

ҚР Көкпар федерациясының вице-президенті Жанысбек Саевтың айтуынша, чемпионаттағы нәтижелер жас спортшылардың алдағы жолына да әсер етеді.

– Көкпар жігіттерді жүректілік пен табандылыққа тәрбиелейді. Батыс пен шығыстан, солтүстік пен оңтүстіктен келген шабандоздар үлкен додада бас қосып отыр. Бұл – ресми жарыс. Мұнда көрсетілген нәтижелер ұлттық құраманы жасақтау кезінде де ескеріледі. Барлығыңызға сәттілік, тұлпарларыңыз сүрінбесін, – деді ол.

Республикалық көкпар федерациясының ресми өкілі Сәкен Сейітхан өз сөзінде Павлодар республикалық көкпар додасын араға ұзақ уақыт салып қайта қабылдап отырғанын айтты.

– 2012 жылы Павлодарда жасөспірімдер чемпионаты өткен болатын. Енді өңірде жастар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр. Оның үстіне бұл – мерейтойлық, жиырмасыншы чемпионат. Барлығы 14 команда қатысуда. Қазір олардың деңгейі бір-біріне жақын, – деді ол.

Жалпы бұл жарыстағы Павлодар жастар құрамасының ойынын ерекше атап өтуге болады. Жерлестеріміз топтық кезеңнен бастап қарқынды ойын көрсетті және қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп отырды. Павлодарлық шабандоздар алғашқы ойынды Солтүстік Қазақстан командасымен өткізіп, 9:2 есебімен біздің жігіттер чемпионаттағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Командадағы жас бөрілердің арасында Диас Төлеудің ойын өрнегін ерекше атап өтуге болады, ол 3 салыммен сыйлады. Одан кейін Қызылордамен «шайқаста» 10 салыммен жанкүйерлерін қуантты. Ал қызылордалықтар бір салыммен ғана жауап қайтара алды. Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін қолға алып, шабуылда ширақ қимылдады. Мүмкіндіктерін нәтижелі салымға айналдырған павлодарлық көкпаршылар кездесуді сенімді жеңіспен түйіндеді. Бұл кезеңде Шымкент, Түркістан және Алматы шабандоздары да алаңның сәніне айналып, нәтижелі салыммен көзге түсіп жатты. Павлодар облысы топтық кезеңді 6 ұпаймен аяқтады.

Ширек финалда Ақмоланы қабылдаған павлодарлық шабандоздар жеңіс жолын жалғастыра түсті. Есеп-2:6! Бұл тартыста Нұрислам Оңланбектің (3 салым) салымдары талай жанкүйерді сүйсінтті. Сонымен қатар, Диас Төлеу, Ербол Ескермес, Дінмұхаммед Тынышбайлар бір-бір салымнан салды.

—    Ойын тартысты өтті. Ақмола көкпаршылары да жақсы дайындықпен келіпті. Біз жаттықтырушылардың қойған тактикасы бойынша ойнап, жеңіске жеттік. Әсіресе жерден жақсы алатын балаларды алға шығарып отырдық. Сосын қорғанысты күшейтіп, аттарды тез-тез ауыстырып демалдырып отырдық,- деді Нұрислам Оңланбек.

29 қыркүйекте өткен ширек финалда Түркістан облысы жетісулықтарды ірі есеппен жеңіп, жартылай финалға шықты. Бұл ойын 11-1 көрсеткішпен аяқталды. Сонымен Алматы, Павлодар, Түркістан облысы және Шымкент қаласының командалары тартысты ойын көрсетіп, жартылай финалға жолдама алды.

30 қыркүйек күні Павлодарлық команда Алматы облысының көкпаршылармен тартысқа шықты. Жартылай финалда Шымкент облысының спортшылары Түркістан облысының сайыпқырандарымен «айқасқа түсті».  Көкпардан жастар арасындағы ХХ Қазақстан чемпионаты шешуші кезеңге жақындады. Екі ойынның жеңімпаздары  чемпиондық атақ үшін өтетін басты бәсекеге жолдама алады.

Өкінішке қарай, 30 қыркүйек күні Павлодар облысының көкпаршы-
лары Алматы облысының командасынан 11:0 есебімен жеңілді. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының көкпаршылары арасындағы бәсекеде түркістан-дықтардың бағы басым болды, есеп 4:10. Сөйтіп, ақтық сында Алматы облысы және Түркістан командасы чемпиондық атаққа таласатын болды.

Чемпионатқа Павлодар облысының әкімдігі, Республикалық көкпар федерациясы, «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры қолдау көрсеткенін еске саламыз.

Т.САХАБА.