Екібастұзда күрес спортының өзіндік мектебі қалыптасқан. Қаладағы бапкерлер жас ұрпақты спортқа баулып, олардың бойында тәртіп, төзімділік пен жеңіске деген жігерді қалыптастырып келеді. Самбо, дзюдо және қазақ күресі бағыттарында жаттығатын жас спортшылардың арасында болашағынан үлкен үміт күттіретін таланттар аз емес. Солардың бірі – жақында Грекияның Салоники қаласында самбодан әлем чемпионы атанған Айнұр Мұқарам.
Екібастұзда күрес спортының тарихы терең. Әсіресе, самбо мен дзюдо бағытында спортшылар талай жетістікке жеткен. Кезінде екі дүркін әлем чемпионы атанған Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Людмила Семутина — осы спорт мектебінің мақтанышына айналғандардың бірі. Бүгінде оның ізін жалғастырып келе жатқан жас буын бар.
Қаладағы жас спортшыларды тәрбиелеуге үлес қосып жүрген бапкерлердің бірі – Алмагүл Қашина. Ол дзюдо, самбо және қазақ күресінен жаттықтырып, балалардың спорттық шеберлігін шыңдап келеді. Спорт саласындағы еңбек жолын 1991 жылдан бастаған маманның өзі де күрестің бірнеше түрінен тәжірибе жинақтап, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.
– Менің спортқа келгеніме көп жыл болды. Күрестің бірнеше түрімен айналыстым. Дзюдо, самбо, еркін күрес, сумо, қазақ күресі – барлығын да көрдім. Сондықтан балаларды жаттықтырғанда әр спорт түрінің ерекшелігін ескеруге тырысамын. Бүгінде мен үшін маңыздысы – балаларды спортқа баулып қана қоймай, олардың арасынан болашақ чемпиондарды тәрбиелеу, – дейді А.Қашина.
Бапкердің айтуынша, қазір оның тобында 50-60-қа жуық бала жаттығады. Олардың арасында қыз балалар да бар. Спортқа келетін әр баланың қабілеті мен мақсаты әртүрлі. Бірі денсаулығын нығайтуды көздесе, енді бірі кәсіби спортшы болуды армандайды.
– Мен балалардың спортқа ерте келгенін қолдаймын. 6 жастан бастап жаттыққан бала денесін де, мінезін де қалыптастырады. 12 жасқа келгенде жарыстарға қатысып, тәжірибе жинай бастайды. Күрес тек күшті болуды үйретпейді. Ол тәртіпке, сабырлыққа, өзіңе сенуге және қарсыласыңды құрметтеуге тәр-биелейді, – дейді ол.
Алмагүл Қашинаның шәкірттері арасында халықаралық деңгейде танылып үлгерген спортшылар да бар. Солардың бірі – 16 жастағы Айнұр Мұқарам. Ол жуырда сам-бодан әлем чемпионатында топ жарып, Екібастұздың ғана емес, облыстың мерейін үстем етті.
– Айнұрмен сегіз-тоғыз жасынан бері жұмыс істеп келеміз. Ол — еңбекқор, талапты қыз. Қай жарысқа барсақ та, бар күшін салуға тырысады. Грециядағы әлем чемпионатында да зор жауапкершілікпен өнер көрсетті. Финалда Ресей спортшысымен кездесті. Қарсыласы мықты болды. Самбо — олар үшін де төл спорт түрі. Біз оның әдістерін мұқият бақылап, талдау жасадық. Финал кезінде бәріміз қатты қобалжыдық. Бірақ Айнұр өзін жинақтап, шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде жеңіс біздікі болды, – дейді Алмагүл Қашина.
Әлем чемпионатына дайындық та оңай болмаған. Спортшы төрт кезеңдік оқу-жаттығу жиынынан өткен. Дайындық Алматы, Түркістан және Шымкент қалаларында ұйымдас-тырылды. Павлодар облысының жоғары спорт шеберлігі мектебі де спортшының дайындығына қолдау көрсетті.
Бапкердің айтуынша, бір спортшыны осындай жоғары деңгейдегі жарысқа дайындау үшін қомақты қаражат пен жүйелі жұмыс қажет. Дайындық пен жарысқа байланысты жалпы шығын шамамен 6 миллион теңгені құраған. Мұндай қолдау жас спортшының халықаралық деңгейде тәжірибе жинауына мүмкіндік берген.
Алмагүл Қашина шәкіртінің алдағы жоспарларына да зор үмітпен қарайды. Қазір Айнұрды Қазақстан чемпионатына дайындау жұмыстары жалғасуда. Одан кейін Азия және әлемдік жарыстарда бақ сынау міндеті тұр.
– Айнұрдың мүмкіндігі мол. Ол әлі жас, алда талай жарыс бар. Менің арманым – шәкірттерімнің үлкен белестерді бағындырып, болашақта Олимпиадаға дейін жетуі. Ол үшін үздіксіз дайындық, тәжірибе және қолдау қажет. Біз өз тарапымыздан бар күшімізді саламыз, – дейді бапкер.
Екібастұзда спортқа құштар жастар мен оларды биік мақсаттарға жетелейтін тәжірибелі мамандар бар. Айнұр Мұқарамның әлемдік жеңісі – соның айқын дәлелі. Бүгінгі татамиде шыңдалып жүрген жасөспірімдердің арасынан ертең тағы да әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын чемпиондар шығарына сенім мол.
Айдана БОРАНБАЕВА.
