Елді қырғыннан, жаманшылық пен азаптан қорғайтын ерлердің дүниеге келуін аңсаған халық таңғажайып туындыларды – батырлар жырын   өмірге әкелді. Әсіресе, ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы қазақ пен қалмақ арасындағы көп жылға созылған қиян-кескі ұрыстар – батырлар жырының көптеп тууына негіз болды. «Беліндегі бес қару тал бойына жарасқан» батырлардың елі мен жерін қорғаудағы ерлік істері, мақсатына жету жолындағы табандылығы азаттықты аңсаған бабаларымыздың арман-мұратының айқын көрінісіне айналды.

«Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Алпамыс» секілді жырларды оқып отырып, батырдың сенімді серігі – астындағы тұлпары мен үстіндегі сауыт-сайманы екенін анық аңғарамыз. «Ер Сайын» жырында жау әскерінің ортасында қалған батырдың тұлпары мен сауытының:

«…Батыр Сайын, саспашы!

Қатарланған қамалды

Қақ жармасаң, саған серт!

Оқ жеткізсем, маған серт!

…Батыр Сайын, қорықпашы!

Қатарланған қамалды

Бұза алмасаң, саған серт!

Тоқсан қабат оқ жетсе,

Оқ өткізсем, маған серт!»,
деп тіл бітіп, батырға дем беруі, әсірелеумен баяндалса да, жоғарыдағы сөзімізді айқындай түседі.

Ел қорғаған батырдың тағы бір ақылшысы, серігі – қалап алған жары. Бала кезімізден оқып өскен батырлар жырындағы Гүлбаршын («Алпамыс батыр»), Құртқа («Қобыланды»), Ақжүніс («Ер Тарғын»), Аюбике («Ер Сайын»), Назым («Қамбар батыр») сынды «бет ажары жазғы түскен сағымдай» аруларды жақсы білеміз. Осы сұлулардың қайсысы болмасын ақылына көркі сай, батылдығына батырлығы сай арулар болып суреттеледі жырда.

Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» еңбегіндегі: «Қазақ эпосында батыр, оның сенімді сүйген жары, сенімді тұлпары – тағаның «үш емшегі» сияқты қатар тұрады. Солардың біреуі болмаса, қалған екеуімен тұра алмайтын темір ошақ тәрізді, ер жігіт те омақаса құлайтындай көрінеді…

«Түртіп өтіп кеткені, тақиядай ұшатын, екпініне шыдамаған жау, аттың жалын құшатын» батыр бабаларымыз – өмірде болған және қарапайым халықпен бірге етене өмір сүріп, ел тыныштығы үшін жанын пида еткен тұлғалар. Демек, олардың сенімді серігі сұлу жарларының да өмірде болған жандар екеніне шүбә келтіру қисынсыз болар. Біздің сөз қылғалы отырғанымыз да сол – ақылшы һәм батыр аналарымыз.

Адамзаттың алғашқы ақыны Гомер жырлаған «Одиссея» дастанындағы Одиссей батыр мен Пенелопа арудың махаббаты, әсіресе, Пенелопаның ондаған жыл хабарсыз кеткен жарына деген адал сезімі қаншама мыңжылдықтарды таңдай қақтырды. Әлі де тамсантып келеді.

Пенелопа сұлу «Патшайым тұрмысқа шығуы керек» деген арандатушылардың сөзіне ақылмен айла табады. «Кестемді тоқып болған күні ғана тұрмысқа шығамын» деп уәде еткен ару, патша тағына қызыққан көрсеқызарға тұрмысқа шықпауы үшін күні бойы тоқыған өрмегін түні бойы тарқатып амал қылады. Әлқисса, батыр елге оралып, Отанын сатқан опасыздардың сазайын береді. Жарымен бірге ұрпақ өрбітіп, бақытты-баянды ғұмыр кешеді. Қазақ эпостарындағыдай.

Қазақ арулары да дәл осындай ерлікке бара алған. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін, «Ер Тарғын» жырын мысалға келтірейік. Биік ағаштан құлап мертіккен батырды Ханзада хан жұртқа тастап кетеді. Сонда Ақжүніс:

«Ерлігіңде шама жоқ,

Ағаштан биік мерт тауып,

Қызметші қара құлдарша,

Қорлықпенен өлген ер!

Қай батырдан кем едің,

Өлерде болдың қара жер!»
деп өмір мен өлімнің арасында жатқан батырдың намысын қайрайды. Тарғын батыр «қаһары келген соң, бүйтіп жатқанша, біржолата өлейін деп, белін қолмен басып қалғанда, бел омыртқасы сырт етіп орнына түсіп кетеді». Осылайша, жарының ақыл-парасаты қайтадан батырды атқа қондырады.

«…Туғызып сіздей сұлтан Ноғайлыдан,

Құдайдан айналайын батыр қылған», – деп ерінің ерлігін асырған Назым сұлу («Қамбар батыр») мен Қобыландыдай батырға қырық күндік кемдігі бар Тайбурылды баптап, ақыл-парасатымен дараланған Құртқа сұлудың Пенелопадан еш кемдігі жоқ. Еуропа біздің батырлар жырын оқыса, таң-тамаша қалар еді-ау. Батыр бабаларымыздың, аналарымыздың ерлігіне, өрлігіне!

«…Сен кеткелі он бес жыл,

Бөтен үйге бармадым,

Езу тартып күлмедім», – деп еңіреген Аюбике арудың («Ер Сайын») жорықта жүріп, жаралы күйде жау қолында қалған Сайын батырдың соңынан іздеп барамын деп, енесіне айтқанын оқып көріңіздер:

«Жылағанмен өнбеді-ай!

Дауыстағанмен,  келмеді-ай!

…Мен тұл үйде тұра алман,

Күнде дауыс қыла алман.

Жер жүзінде бар болса,

Өзім іздеп табармын,

Жаралы болса, бағармын…

…Сол сықылды батырды,

Іздемей, неғып тұрармын!». Дәл осы жолдар денеңізді шымырлатып, жүрегіңізді елжіретіп әкетеді. Сонымен бірге, жарын іздеп шыққан Аюбике арудың ерімен бірге жау қолында қалып қойған сәтінде: сенің жаныңнан менің жаным садаға, аман болсаң кегімді аларсың, қос ұлыңа бас-көз болып, ертіп алып соғыс, – деп ақылдылығын танытуы – нағыз көреген жардың, ананың сөзі.

Тағы бір мысал. «Парпария» жырындағы Парпария батырдың жары жорыққа аттанып бара жатқан батырға:

«…Мен де бірге барайын,

Қолыма қару алайын,

Лұқсат етсең, батырым,

Қалмаққа ойран салайын.

Сені жалғыз жіберіп,

Үйде қалай қалайын?», – деп үн қатуы батырдың жарының ержүректігін байқатады…

Кейде қала көшесінен қасы-көзі қиылған қыздардың оғаш қылықтарын көріп күйініп кетесің. Осы жанымызға бататыны. Қазақ қызы – қашаннан кербез, кірпияз, тәкааппар еді ғой. Жұматай Жақыпбаев ағамыз жырлаған  «Ханшадай өзін ұстаған, қара алмас көзді, бал ерін» Ләйлә қаншама қазақ жігітін ғашық етті. Нағыз қазақ қызының, аяулы қарындастарымыздың бейнесі Ләйлә емес пе? Біз келтірген мысалдардағы арулар емес пе?!

Батырлар жырындағы арулар:

«… – Қамықпа, батыр, қамықпа,

Жалғызбын деп жабықпа.

Батыр жалғыз болмайды,

Жақсылығы тисе халыққа» («Парпария»), – дейді. Ер азаматқа деген нағыз қолдау – осы.

«Қыз өссе елдің көркі» дейтін ата-бабаларымыздың нақылы босқа айтылмаса керек-ті!

 

Бекмырза ЛЕКЕР, Баянауыл ауданы.