Жетіген – қазақ халқының ең көне аспаптарының бірі. Біздің заманымызға дейін IV-V ғасырларда Азия мен түркі елдері арасында кеңінен қолданылған. Алайда XIX ғасырда ұмыт бола бастады. Дегенмен, бір ғасыр бойы үнсіз қалған фольклорлық аспапты этнограф ғалым, академик Болат Сарыбаев 60-жылдары іздеп тауып, қайта жаңғыртады.

Естай атындағы мәдениет сарайында қазақтың ұлттық өнерін, ұлттық музыкасын, сонымен қатар, мәдениетін танытып жүрген
68 клубтық құрылым жұмыс істейді. Солардың бірі – көркемдік талғам мен шығармашылық ізденіс дағдыларын дамыту, халық музыкасымен сусындату мақсатында құрылған «Қорлан» жетігеншілер ансамблі. Жуырда аталған топ ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен «Үлгілі» атағына ие болған еді.

Ансамбль жетекшісі, ҚР күйшілер одағының мүшесі Раушан Нағышпаеваның айтуынша, «Қорлан» ансамблі 2015 жылы Естай атындағы мәдениет сарайы жанынан құрылып, Естай ақынның ғашығы Қорланның есімі берілген. Топта алғашында 3-4 қыз өнер көрсетті. Уақыт өте келе құрам кеңейе бастады. Ансамбльдің әр мүшесі өнерлі. Олар ұлттық аспаптардың көпшілігін меңгерген.

Ұлттық аспап – ұлтымыздың жаны. Ұлтымыздың мәңгі жасауы да ұлттық құндылығымызда. Осы мақсатта, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық өнерді сіңіріп, жетіген аспабын үйретудеміз. Бұл аспапты меңгерген бала да өзгеше болады. Өнерлі адам жаман әдеттен аулақ, мәдениетке жақын келеді. Бала бойындағы қызығушылығына қарай жетігенді меңгеріп, түрлі шығармаларды орындай алады. Әр баламен жеке жұмыс жасаймыз. Бекітілген кестеге сәйкес, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырамыз. Алдымызға келген бала берген білімімізді жақсы меңгеріп, нәтиже көрсетсе біздің басты жетістігіміз саналады, – дейді ол.

Жетігеннің репертуары бүгінгі күнге дейін жетпеген, шығармалары сақталмаған. Сол себепті жетігенге арналған репертуарды музыканттар өздері жаңа шығармалармен толықтырып жасап шығарды. Ал бұрынғы жетігеннен қазіргі жетігеннің құрылымы өзгеше. Себебі тек қана жеті ішек емес, үш октаваға дейін созылған жиырма бір немесе жиырма екі ішектен тұрады. Дыбысты пернелерді басу арқылы емес, әрбір ішекті шерту арқылы орындалады.

Осы аспапты толық меңгеріп, қазіргі уақытта қаншама шәкірт тәрбиелеп отырған Раушан Абылайқызының сөзінше, әрбір ішектің дыбысына мән беру, әрбір ішектен дыбыс шығару – ол өзінше бір күрделі жұмыс. Сонда да жетігенге деген махаббат, үлкен табандылық болса, оны алып ойнап кетудің ешқандай қиындығы жоқ. Тек әр істі бастап, оны әрі қарай жалғастыру үшін өте үлкен еңбек керек.

Қазақтың кез келген аспабы егер адам бойында таланты болмаса еркін меңгеріп кете алатындай оңай шаруа емес. Әр аспаптың өзіндік ерекшелігімен қатар қиындығы мен шыдамдылықты талап ететін қыңырлығы бар. Жетіген – тіпті күрделі аспап. Соған қарамастан төзімділік танытып жүрген ансамбль кез келген жерде жетігендерді жандарынан тастамай, әндерін шырқап жүреді.

Бүгінде «Қорлан» ансамблінде 7-17 жас аралығындағы 13 қаты-сушы бар. Биыл қыркүйекте балалардың бөлек тобы ашылған. Өнер орталығында шәкірттерді жас ерекшелігіне қарай дайындап, өнерге баулиды.

– Жетіген аспабын көпшілігі біле бермейді. Қыздарымыз алғаш рет үйірмеге келгенде барлығын өз ретімен үйретіп түсіндіреміз. Алайда оған көп уақыт кетеді. Алғашқы екі жылда бұл аспапты меңгеруде қиындықтар кездесуі мүмкін. Бастысы, шыдамдылық қажет. Жалпы, жетіген аспабын толық меңгеру үшін жеті жылдай уақыт керек. Дәрістер барысында қатысушылар қазақтың әртүрлі ұлттық әндері мен күйлерін, шығармаларын орындауды үйренеді. Оған қоса заманауи үлгідегі әндерді де жаттап, ойнайды, – дейді Р.Нағышпаева.

«Қорлан» ансамблі алғаш рет 2018 жылы Мәскеу қаласындағы халықаралық сайысқа қатысып, бірінші орынды иеленген. Сол кезден бастап ансамбльдің деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Одан бөлек, 2021 жылы «Рухани қазына – 2021» облыстық онлайн фестивалінде «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы – 2021» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. 2023 жылдың ақпан айында Астана қаласында өткен республикалық «Дала әуені» атты сайыста бас жүлде иегері атанды. Ансамбльдің құрамында жеке орындаушылар да бар. Олар – көптеген халықаралық және республикалық байқаудың лауреаттары.

                              Түйін:

Бала – біздің болашағымыз. Олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, дәріптеу – біздің басты міндетіміз. Ол – біздің мәңгілік ел болып қалыптасуымыздың алғышарты. Сондықтан олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуы үшін біліммен қатар өнер үйірмелеріне қатысуын қамтамасыз ету әрбір ата-ананың борышы әрі парызы екендігі – ақиқат. Ал жас дарынға қолдау көрсетіп, дара жолын салуға атсалысып жүрген «Қорлан» ансамблінің болашағына артылар сенім мол.

Айдана БОРАНБАЕВА.