Жақында Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Аталған жиында Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов министрлікке «Мәдениет туралы» заңға баспа мен әдебиет редакторы туралы тармақ енгізуді ұсынды. «Соңғы кезде баспа да, редактор да кітап шыққан бойда ұмыт қалады. Әсіресе, әдеби редактор деген мамандықтың мәртебесін көтеретін уақыт әлдеқашан жетті», – деді төраға.

Осы ұсыныс төңірегінде қаламгерлерден ой-пікір білген едік. «Сіз кітап шығаруда әдеби редактор жұмысына қаншалықты жүгінесіз және оған қаншалықты маңыз бересіз?» деген сауалды ортаға тастадық.

Серік САТЫБАЛДИН, жазушы, аудармашы, балалар қаламгері:

– Әдеби редактор мәртебесі заңмен анықталуы керек деп ойлаймын. Өйткені, қазір әрбір қалада бірнеше баспахана бар. Олар  –  кітап баспасы емес, баспаханалар. Олардың корректорлары болғанмен, редакторлары жоқ. Осы баспаханалар белгілі бір автордың, сондай-ақ авторлар ұжымының контентін, яғни мәтінін, сурет-иллюстрациясын, сызбаларын, т.б. сол қалпында, ешбір редакциялаусыз белгіленген тариф бойынша кітап етіп шығара береді.

Егер, кітап шағын бір топқа немесе автордың отбасына, жақындары мен ағайын-туыстарына арналған болса, оған редактор тағайындаудың қажеті бола қоймас. Ал егер шығарылатын кітап көпшілік оқырман қауымға арналса, онда міндетті түрде кітаптың жалпы мазмұны үшін автормен бірдей жауап беретін редактордың болуы – міндет.

Қазір халықтың санасы ұсақталып, екінің бірі жазушы, ақын болып кетті. Сондықтан баспаханаларды әртүрлі тақырыпта көпшілікке арналған кітаптарды басып шығарғанда әдеби редактордың болуын заңмен талап ету қажет. Ондай талап қойылғанда авторға редактор тауып алу қиындайды. Есесіне кітаптың сапасы елеулі түрде жақсара түседі.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

–    ҚР Мәдениет және ақпарат
министрі Аида Балаеваның «Кітап шығару Ережесін» ұсынғаны көңілімізді ерекше серпілтуде. Кітап шығару, баспа жұмысын реттеу салалары бақылаусыз қалып, әркім өз шама-шарқына сай тыраштанып кітап шығарып келеді. Соның ішінде кітап бастыруда кәсіби редактордың жоқтығы ерекше білініп тұрады. Кітаптың ішкі құрылымы, әрбір сөз, сөйлемнің мән-мағынасына ерекше ден қойып, кәсіби кеңес беретін редактордың болмауы біздің шығарып жатқан кітаптардың сапасына кері әсерін тигізуде. Тіптен, бұл – ұлттық біртұтас идеологияны қалыптастыру мүддесіне орасан нұқсан келтіретін, басқару-бақылаусыз кетсе, зардабы тиетін дүние. Себебі «Кітап, ғылым – үнсіз мұғалім».

Сондықтан қазір елімізде саңырауқұлақтай қаптаған әрбір қаладағы баспаханалардан шығып жатқан әдеби өнімдердің сапасына назар аударып, мемлекеттік біртұтас идеологияға қызмет ететін әрі әдеби норма тұрғысынан кеңес беретін кәсіби кітап редакторларын даярлау, танымал ақын-жазушыларға осы міндетті жүктеу, оларға мемелекеттен жалақытөлеп отыру механизмін енгізу қажет. Яғни әрбір елді мекен, қалаларда орналасқан баспа өндірістерінің, сол жерлердегі кәсіби редакторлардың сараптамасынан өтпеген әдеби кітапты басып шығармау, мемлекеттік тіркеуден өткізу-өткізбеу секілді құқықтары болуы шарт деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген – Е.Әшім.