WorldSkills Kazakhstan – бұл кәсіби білім беруді дамытуға, қазақстандық мамандардың біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін халықаралық деңгейде арттыруға бағытталған ұлттық жоба. Жоба әлемдік стандарттар мен әлемдік қозғалыс шеңберінде қабылданған әдістемелерге сәйкес ұйымдастырылады және жүзеге асырылады. Кәсіби жұмысшылардың беделін көтеріп, үздік жас жұмысшы мамандарын анықтайтын және білім беру жүйесі мен бизнес саласын біріктіретін алаң.

 

Жуырда Павлодар техникалық сервис колледжінің қабырғасында WorldSkiilsPavlodar-2024 чемпионатының өңірлік кезеңі өтті. Оған облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік деген 14 студенті қатысып, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзіреттілігі бойынша өзара сынға түсті.

Байқау тапсырмасына сәйкес, сайыс-керлер қозғалтқыш пен беріліс қорабындағы жөндеу жұмыстары, автомобильдің электронды және тежеу жүйелерін диагностикалау атты 4 модульді орындауы керек болды. Байқау қорытындысы бойынша 2024 жылғы республикалық жарысқа қатысатын облыс құрамасының құрамына кіретін жеңімпаздар анықталды. Облыстық байқаудың қорытындысы мамыр айында байқаудың жабылу салтанатында жарияланады. Аймақтық команда алдағы уақытта чемпионаттың 30 негізгі құзыреттілігі бойынша қатысады.

WorldSkiils Kazakhstan» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының бас сарапшысы Рүстем Миникеевтің айтуынша, Өңірлік чемпионаттың нәтижелері осы жылдың мамыр айының басында белгілі болмақ.

– Чемпионаттың өңірлік кезеңі 2 күнге созылды. Байқаудың нәтижесі бойынша 1-орынды иеленгендер респуб-ликалық кезеңге жолдама алады. Онда әр облыс- тан әр бағыт бойынша үздік деген 20 қатысушы бақ сынайды. Ал республикалық деңгейде жеңімпаз атанғандар әлемдік WorldSkiils чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Жалпы, чемпионат 3 сәуірде басталса, 10 мамырда жабылу рәсімі өтеді, – деп атап өтті Р.Миникеев.

Колледжде WorldSkiils стандарттарын ілгерілету бойынша тиімді жұмыс жүргізілуде. Оқу орны WorldSkiils чемпионатына 2017 жылдан бастап «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Дәнекерлеу технологиялары», «Сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарындағы токарьлық жұмыстар» құзыреттері бойынша қатыса бастады.

Павлодар техникалық сервис колледжінің директоры Әнуарбек Ахметшаиховтың сөзінше, аталған колледж облыстың үздік деген
10 колледждің қатарына кіреді. Оқу орнының құзіреттілік орталығы бүгінде WorldSkiils чемпионаттарына қатысушыларды даярлайтын оқу-жаттығу лагерінің алаңы, сондай-ақ сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік бағдарлау және мансап алаңына айналды.

– Павлодар техникалық сервис колледжі құзіреттілікті арттыру және жаңа деңгейге шығу мақсатында ERG компаниясына кірді. Студенттеріміз әр жыл сайын WorldSkiils чемпионатының өңірлік, республикалық кезеңіне өтіп, жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.  Одан бөлек, мұғалімдеріміз де өз мамандықтары бойынша жылда республикалық байқауларға қатысып жүр. Өткен жылы «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреті бойынша «WorldSkiils Kazakhstan» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының бас сарапшысы Рүстем Миникеев көлік және байланыс саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсының бас жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, Нұрбек Балтабеков осы бағытта 3-орынды иеленсе, Анар Асқапова инженерлік сала бойынша «Креативті инженер» аталымымен марапатталды, – дейді ол.

Айта кетейік, Павлодар техникалық сервис колледжі – облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің көне оқу орындарының бірі. Колледждің педагогикалық ұжымы «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Токарьлық іс» және «Машина жасау технологиясы» мамандықтары бойынша білікті орта буын мамандары мен жұмысшы біліктіліктерін даярлау бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.