Қазақ қоғамындағы «неке» сөзінің мәні мен маңызы қашан да жоғары. Майқы бидің: «Некесіз жігіт ел қадірін білмес, некесіз әйел ер қадірін білмес» деген нақыл сөзінен неке ұғымының қазақ дәстүрі мен мәндениетіне ежелден сіңіп кеткенін аңғарамыз. Дегенмен, соңғы уақытта «неке» сөзінің отбасындағы жауапкершілігі мен шариғаттағы талаптарын жете түсінбеген жастардың арасында түрлі түйткілдердің туындап жатқаны жасырын емес. Сондықтан мешіт имамдары неке қиюдың талаптарын күшейткен. Бұдан былай мешітке қол ұстасып кірген кез келген қыз бен жігітке неке куәлігін ұстата бермейді. Толығырақ Павлодар қаласындағы «Омар әл-Фарух» мешітінің имамы, облыс бойынша пәтуаға жауапты маман Есімбек Советұлынан сұрап білдік.

– Есімбек Советұлы, жалпы некенің шариғаттағы үкімі қандай?

– Неке дегеніміз – ер мен әйелдің шариғат бойынша адал жолмен отбасын құрып, ұрпақ жалғастыруды қамтамасыз ететін келісім. Отбасын құрып, шаңырақ көтерген жастар үшін неке қию сүннет амал болып саналады.

– Қазіргі таңда шаңырақ көтерген жастардың көбі алдымен мешітке келіп, шариғат жолымен неке қидырып жатады. Бұл заңды ма?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі соңғы уақыттарда қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, діни некені тек АХАТ (азаматтық хал актілерін тіркеу) бөлімшесінің құжатымен ғана қию туралы талап тәртіп орнатты. Яғни, бұдан былай мешіттен діни жолмен неке қидыратын жастарға екі талап қойылады. Олардың бірі – АХАТ бөлімшесінің құжаты, екіншісі – ата-аналарының бірге болуы. Міне, осы екі талап орындалған жағдайда ғана ерлі-зайыптылардың шариғат жолымен некесін қиып, неке куәлігін береміз. АХАТ бөлімшесіне тіркелгеннен кейін міндетті түрде мешітке келіп, неке дұғасын оқытып, неке суын ішу қажет.

– Қазір жастар арасында мәһір сұрау трендке айналып кетті. Енді босаға аттап жатқан қыздардың ер азаматынан қалаған затын сұрауы дұрыс па?

– Жалпы «мәһір» деген ұғым асыл дінімізде бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ қазаққа басқа атпен кірген болуы қажет. Мысалы, қалың мал деген сияқты. Бірақ мұны да зерттеу қажет, яғни, қалың мал мен мәһірдің шарттары бірдей ме, жоқ па? Ал шариғат бойынша мәһір сұрау дұрыс болғанымен, оны келешек күйеуінің жағдайына қарап таңдағаны дұрыс болады. Себебі, бес саусақ бірдей емес. Бір бойжеткен шынымен қалағанын алып бере алатын ауқатты жігітке тұрмысқа шықса, ал енді біреулері жағдайы орта немесе төмен жігітті жолықтырады. Екіншіден, бұл екі жастың арасындағы құпия болып қалуы қажет. Сол себепті мәһір мәселесін әлеуметтік желіде жария етіп, трендке айналдыру дұрыс емес. Бұл – келесі бір қарындасымыздың ойын бұзып, бағын байлауына себеп болатын дүние. Жалпы, мәһірдің айналасындағы мұндай дау-дамайдың туындауына дініміздің кінәсі жоқ, бұл жерде шариғатты желеу етіп, оны жағымсыз жағынан көрсетіп жүрген адамдар кінәлі. Осыны түсіну керек.

– Бүгінде үйленбей жатып, шаңырақтары шайқалып жатқан ерлі-зайыптылар көп. Мұны бұрынғы үлкендеріміз әулеттің абыройына нұқсан келтірген ең берекесіз әрекет деп санап, ұрпақ санасына да солай сіңірген. Ал қазіргі қоғам үшін ажырасу үйреншікті әдетке айналып кетті. Мұның сыры не деп ойлайсыз?

– Иә, ажырасу қоғамның ең үлкен дертіне айналды. Әрине, оның астарында әртүрлі себеп, әртүрлі тағдыр жатыр. Ең басты себеп әлеуметтік жағдай деп ойлаймын. Өйткені, жастар арасында өзгенің өміріне қызығатындар көп. Жаңа отбасын құрып, аяққа тұрмай жатып басқалар сияқты өмір сүру үшін несие алып, қарызға батады. Немесе алдап-арбау, жеңіл жолмен ақша табу сияқты дүниелерге соқтығады. Оның соңы отбасының бұзылуына, шаңырақтың шайқалуына әкеп соғады. Сол себепті әркім Алла бөліп берген ризық-несібеге разы болып, өзгенің өмірне қызықпаса, тыныш өмір сүреді. Осыған байланысты: «Дінде өзіңнен жоғарыға қара, дүниеде өзіңнен төменге қара» деген тәмсіл бар.

Шариғатта ажырасу рұқсат болғанымен, Алла Тағаланың ең жеккөретін амалы.  Адамзаттың қас дұшпаны шайтан адамды тура жолдан адастыру үшін түрлі амал-тәсілдер жасайды екен. Сол амалдардың ішінде ерлі-зайыптыны ажырастыру шайтанның ең үлкен жетістігінің бірі болып саналады. Сондықтан шаңырақ көтеруге ниеттенген әрбір жас ең алдымен отбасын құрудың өмірдегі ең үлкен жауапкершілік екенін, оны сақтап қалу ең басты міндет екенін сезінуі керек.

–  Жалпы, отбасы құндылығын қалыптастыру бағытында діни басқарма тапсырмасымен және мешіттер тарапынан қандай жұмыс жүргізілуде?

– ҚМДБ тарапынан отбасы құндылығын қалыптастыру жолында әртүрлі жұмыстар атқарылуда. Мысалы, өкілдік қасынан аталар мектебі, әжелер мектебі құрылып, соның аясында жастармен кездесулер өткізіліп жүр. Мақсаты – қоғамға үлгі бола білген ата-әжелерміздің өмір жолы мен ақыл кеңесін үлгі ретінде көрсету. Сонымен қатар, әр облыстың орталық мешіттерінде жанұя мәселелері жөнінде ашылғанда арнай кабинеттер бар. Ол жерге кез келген адам келіп, отбасылық мәселелері жөнінде сұрақ қойып, жауабын ала алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.