Өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстан Респуб-ликасындағы мерекелік күндердің тізбесі «Аналар күнімен» толыққан еді. Енді биылдан бастап әр мамыр айының екінші жексенбісінде атаулы күн ауқымды түрде аталып өтіледі. Бұл – әр адамның өміріндегі ананың маңыздылығын көрсететін ерекше оқиға болары сөзсіз.

Әлемнің көптеген елінде «Аналар күні» мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде ауқымды түрде атап өтіледі. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайтуға бағытталған бұл күндер елімізде де ресми мереке ретінде белгіленіп отыр.

Сол уақыттағы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі отбасын нығайтатын факторлардың бірі – әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екенін атап өткен еді.

– Халқымыздың «Отан – отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі», – дегені белгілі. Министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстандық отбасылар» атты ұлттық баяндамасында көрсетілгендей, еліміздегі отбасылық дәстүрлердің діңгегі – әулет мүшелерінің туған күнін атап өту екен. Бұл – сауалнамаға қатысқан 86 пайыздан астам респонденттің ой-пікірі. Сондай-ақ, отбасылардың жартысынан көбі Жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз және тағы басқа мемлекеттік мерекелерді атаған, – деген еді Д.Қыдырәлі.

Дархан Қыдырәлі атап өткендей, әзиз әкелер мен ардақты аналарға арналған бұл атаулы мерекелер ұлттық болмысымызға сай жаңа мазмұнда тойланып, жалпыхалықтық сипат алмақ.

– Аналар күні мен Әкелер күнінің бекітілуі елімізде отбасы институтын нығайтуға, аналарымыз бен әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенеміз, – деді ол.

Шыр етіп дүниеге келген сәби жанарынан жылулық тараған анасының аялы алақанының мейіріміне бөленеді. Оның ер жеткенше жанынан табылатын, оңы мен солын көрсетіп, жол сілтейтін, оған «тәрбие» деген ұлы білімді сіңіретін де – сол анасы. Ана алдымен, тоғыз ай бойы жүрегінің астында көтеріп жүреді. Іште жатқан сәбидің денсаулығы мықты, ақылды, сабырлы болуы, міне, сол кезден басталады. Сол себепті, құрсағына алғаш сәби біткеннен бастап ана үлкен жауапкершілікті сезінуі керек.

Мейірім, махаббат және жауапкершілік. Әжелер мектебінің мүшесі және қолөнер шебері Ғалия Сұңғатованың сөзінше, бақытты отбасының құпиясы дәл осы қасиеттерде жатыр. Одан бөлек, отбасы – қоғамның негізін қалаушы. Сондықтан үнемі бала тәрбиесіне баса көңіл бөлу қажет екендігін алға тартады.

– Барша адамзат баласы үшін ата-ананың орны ерекше. Әрбір жан өзінің өмірге келуіне себепші болған қымбат жандарды барынша құрметтеп, қадірлейді. Қазақ халқында да ата-ананың мәртебесі айрықша. Ананың қоғамда, отбасында алатын орны, атқарар рөлі ұшан-теңіз. Ана – ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке –
ырысы ғана емес, ол – ел мен елді елдестіруші, араздықты бітістіруші, дәнекерлеуші, ол іскер, қаһарман, – дейді ол.

Ғалия Сұңғатова, өз баласын бағып-қағуда ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш жігерін перзентіне жұмсайды. Сол арқылы оның жаны нұрлана, нәрлене түседі. Ал ананы барынша құрмет тұтып, қастерлеу – әрбір баланың борышы екендігін айтады.

– Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар, – дейді ол.

Сондай-ақ, қазақ аналарының ер адамға деген ізеті ерекше екенін атап өтті.

– Қазақ әйелдерінің өзге ұлт өкілдерінен ерекшелігі – кез келген жағдайда әкені, ер адамды сыйлауды қыз кезінен бойға сіңіреді. Аналары қыздарына әкеге қарап сөз қайтармауды, ер адамның көзіне тіке қарамауды айтып отырады. Сызылып, сыпайы болуды насихаттайды, – дейді ол.

Одан бөлек, батыс елдеріндегі «дәстүр» бойынша ата-аналар баласы кәмелет жасқа толғаннан кейін баласына аса қамқорлық танытпайтынын, дәл осы үрдісті аса ұната қоймайтынын айтады.

– Шет елдерде ата-аналар баласы 18-ге толған бойда өзегінен тепкендей өз күнін өзі көрсін деп шығарып жібереді. Ал бізде баласы қанша жаста болса да ана ретінде баласына қамқорлығын танытады, – дейді ол.

Ана – адамзат баласының дүниеге келуіне себепкер болатын аяулы жан. Ана дегенде жүрегі жылымайтын адам жоқ. Бауыр еті баласы үшін сұлулығын, денсаулығын, жан тыныштығын құрбан етуге дайын аналарды қалай құрметтесек те, артық емес. Сондықтан, Аналар күні құтты болсын!

 

Айдана БОРАНБАЕВА.