Әскери Даңқ музейінде Ұлы Отан соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қайыр Хасеновке арналған тақырыптық көрме ашылды. Оған майдангердің 20-дан астам жеке заты қойылған.
Музей мамандарының айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыру, ел қорғаған батырлардың ерлігін насихаттау. Экспозиция аясында арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, келушілерге Қайыр Хасеновтің майдандағы және бейбіт өмірдегі еңбегі туралы кеңінен мәлімет беріледі.
– Аталмыш көрмеде Қайыр Хасенұлының жауынгерлік марапаттары, отбасылық мұрағаттан алынған суреттері, жеке заттары ұсынылған. Бұл экспонаттар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Бұл дүниелер майдан даласындағы ауыр кезеңді, жауынгердің күнделікті өмірін шынайы сипаттайды. Сонымен қатар, Ағаділов отбасы, Михаил Катаев және Михаил Гапон секілді жерлестерімізге арналған көрме де ашылды, – деді музей басшысының міндетін атқарушы Ерлан Мырзатаев.
Айта кетейік, Қайыр Хасенов 1925 жылы 9 қарашада Тереңкөл ауданының Жасқайрат ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың қаңтар айында 17 жасында әскер қатарына алынып, қысқа мерзімді даярлықтан кейін майданға жіберіледі. Ол 204-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында шайқасып, Ұлы Отан соғысы барысында Украина аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан. Атап айтқанда, 1943 жылдың күзінде Днепр өзенінен өту операциясына қатысып, кейін Житомир қаласы үшін болған ауыр шайқастарда ерлік көрсеткен. Сол ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, әскери госпитальде ем алады. Дәрігерлік қорытындыға қарамастан, ол майданға қайта оралуға өз еркімен өтініш білдірген. 1945 жылы Забайкалье майданының барлау бөлімшесіне ауыстырылып, Маньчжурия операциясы барысында жауынгерлік тапсырмаларды орындаған. Сонымен қатар, Мукден және Харбин қалаларын азат ету кезінде барлау топтарының құрамында болған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Қайыр Хасенов І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Құрмет» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ Георгий Жуков атындағы мерейтойлық медальмен марапатталған. Соғыстан кейін жоғары білім алып, 1950–1980 жылдар аралығында Тереңкөл ауданында партия-кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
