Өмірде әртүрлі ұстанымдар бар. Менікі сәл бөлектеу болса керек. Мен әлдебір жанды Аға деп қабылдасам, сол қалыптан шыға алмай қаламын. Анау бір тұстарда Әбіш ағаны күстаналап жатқанда «Әбіш аға, қолыңыздан сүйдім!» атты мақала жаздық. Өнерші Бекболат Тілеухановты жерден алып, көрге салып жатқанда «Әміре — әнім, Бекболат — бағым» деп жаздық…
Қасымхан ағаны алғаш көргенде таң қалдым.
— Ой, Серіксің бе?- деп құшақтай қысқан.
Аға кежір, іні безір шаққа үйреніп кеттік қой, ақын аға мінезі қатқан көңілге құйылған ыстық шуақтау тартып әкетіп еді.
Иә, адамды мақтауға сараң ғұмырда өмір сүреміз…
Не асыра мақтаушылар кезінде ме?
Қасымхан ағаның қасында ылғи «жоқ іздегендер» көп жүреді.
Әсіресе, шеттен келген қазақтар үйіріліп құлап жатады…
Суатқа құлаған құлындар тектес.
От жүректің ыстығына қол жылытар енсіз, меңсіз елге араласқан бауырларым.
Алып ағаның қасында қарманып, алғы ұмтылып, қанаттанып шығып, қияға аттанып жатады…
Бірі Өзбекстаннан, бірі Қытайдан, бірі Мұңғұлиядан келген іні-қарындастың негізгі беттеген төлқұжаты — ҚАЗАҚСТАН.
Жақсылық қайтарымсыз…
Топсалап айтылған тәтті уәделер бопсалап келіп жатыр Өзімізге де!
Білем, Аға. Сіздің «Дәстүр» журналыңыз… Жағда Бабалықұлымен жасаған «Этнографпен әңгімеңіз» —
бұл шедевр! Қазақты танымаққа ұмтылған әр жас қазақ соқпай кетпес МҰНАРА.
Менің есіме Джеймс Джордж Фрэзер ғана түседі. Немесе, Конрад. Мен секілді кәнігі кітапшының өзі құныға оқығаны рас. Ал Мұстафа Шоқай үшін жасаған ісіңіз — БӨЛЕК ХИКАЯ. 2012 жылы 18 мамырда Мұстафа Шоқай жайлы мақалаға қатысты сот үкімі шықты Өскеменде. «Flash!» болатын от тастаушы.
Қасымхан Бегманов Ұлт Тұлғасы үшін майданға шықты… Жалғыз! «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ». Абайша елден бұрын оянып, ақысын сұрады Арыстың! Алыста жатқан мен ұялдым! Үн қоса алмағаным үшін…
Қасында болмағаным үшін… Осы жолы Ақын мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуда.
Бес саусағымдай Бесқалам, бар екенсің ғой жарықтық.
Заманалардың өтінде,
Қан-қызыл болдық, тарықтық.
Бабалар өткен көшеңе,
Қатар да қатар гүлдер егіпсің арық қып,
Егін егіпсің қарық та, қарық,қарық қып.
Айбозым ақын тұрғанда,
Бауырын жаза анау бір ойпаң, қыраттың.
Жеттім ғой саған, өкпемді міне, қолыма ап,
Рухы қалған мұңайып,
Айбергенов пен бұл маңда
Өмірзақ Қожамұраттың!
Қаршадайынан қара өлеңмененауырған,
Оң жағымда — Бауыржан*,
Сол жағымда — Бауыржан*.
Айберген менен Жібек ананың аруағын,
Олардан туған Төлегендейін аяулым,
Қасастықтармен осында мәңгі кетіскен,
Шыққан ол мына маңдайы айдай жарқырап,
Қоңырат пенен Нөкістен.
Ай-хой, шаңы ұшқан, мұңды өткен күн,
Алыстан жеттім сәуірінде бұл көктемнің.
Тақтакөпірдің ар жағы
Қазалы менен Қызылордаға ұласқан.
* Қарақалпақстанға бірге барған ақындар Бауыржан Жақып пен Бауыржан Бабажанұлы.
Қызыл қан төккен
қызылдан қашып қыр асқан.
Кешегі сонау сүргінде,
Жоғалтып алып сұрасқан,
Жұртымды іздеп кеп тұрмын!
…Самалына маңдайымнан сүйдіріп,
Жұдырықтай жүрегіме зарлы
тарихты сыйдырып,
Тұлабойым менен жандүниемді
қара ошақта күйдіріп.
Мынау асыл топырақ,
өтпесе де табаннан,
Өтті күні шекемнен,
Бұл өлкеге бөтен бе ем?
Ерте алмай көркем еркемді,
Қимасам да ірге айырған өлкемді.
Жанарымды көзілдірік қалқалап,
Қатепті қара нарларға ғана жүк болар,
Сағынышымды арқалап,
Кетем мен!
Қайран да қайран Бесқала,
Мәңгі-бақи сағынуменен өтем мен.
Өн бойымды билеп алған нала-мұң,
Арт жағыма қайта-қайта бұрылып мен қарадым.
Қолын бұлғап қалып қойған қарағым-ай, қарағым.
Мұңды, зарлы сырын бүккен
Бесқала,
Бөлшегі едің ғой еміренген анау ұлы даланың…
Бұл — Ақынның «Бесқала» циклы, «Құланиек, құба таң» кітабындағы.
Менің білуімде қазақтың шетке кеткен жерін осынша жырлаған Ақын жоқ! Бөлініп қалған Алаш иелігі жайлы осынша айтқан шайыр жоқ. Ақын адам. Ақын жалғыздық.
Телефоным тіл қатпайды,
іздемейді мені ешкім,
Он бесімде кеткен едім
соңынан бір елестің.
Орта жолдан шегінетін мен
жасық жан емеспін,
Шыққам, шыққам төбесіне
жұмақтай бір белестің.
Шулы шаһар… өсек… төсек —
барлығынан жалықтым,
Дүниеге нұрын шашқан,
айналайын, жарық күн.
Жоғын жоқтап, мұңын мұңдап
мынау сорлы халықтың,
Миллиондардың ортасында
жалғыздықтан жабықтым.
Бөлек толғау.
Басқа пайым.
Туған жерін Ақын өртене сүйеді.
Талықсып табынады.
Мөп-мөлдір-ау, бұл ауылда көк пен жер,
Әне, анау атам асып кеткен бел.
Мұғалім мен ата-анадан тығылып,
Алғаш рет темекі ұрлап шеккен жер.
Бәрін, бәрін өз көзіммен көргенмін,
Анау қырдың қызғалдағын тергенмін.
Бабайқорған даласында өскенмен,
Хантағыда дүниеге келгенмін.
Неше түрін жинап сақа асықтың,
Иә, ол кезде көрші қызға ғашықпын.
Алыс қала елестейтін жұмақ боп,
Неге, неге келер күнге асықтым.
Қыз еді ол, рең-басы келіскен,
Талай жігіт дәмелі еді-ау жеңістен.
Төңіректі азан-қазан шулатып,
Кешке қарай мал қайтатын өрістен.
Жүрісінен құпия бір сыр қалып,
Өтетін ол екі беті нұрланып.
Сабанхана орны ғана қалыпты,
Кітап оқып отыратын ұрланып.
Алғаш рет қыз ернінен сүйген жер,
Бала ерін ақ тамаққа тиген жер.
Оңашада өксіп-өксіп жылап ап,
Ғашық болған, лаулап жанған, күйген жер.
Аққала ғып ақша қарды үйген жер,
Табанымыз топыраққа күйген жер.
Көп құпия көкірекке түйген жер,
Туған жерді шын аңсайды сүйгендер.
Қарасаңыз шын дарынның сілтесі бұл.
Ұзаққа шабар, қолтығы кең тұлпарлық білінеді. «Құланиек, құба таң» сыйлыққа лайықты кітап.
Озар туынды.
Серік Елікбай, ақын, профессор, филология ғылымдарының кандидаты.
