Өлең жазған гвардия лейтенанты

Мам 28, 2026

Осыдан бірер жыл бұрын қолымызға бір кітапша түсті. «Они защитили Ленинград» атты орысша еңбекте павлодарлық жауынгерлің ерліктері паш етілген екен. Олардың қатарында ақын, журналист, гвардия лейтенанты, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің қызметкері Қиса Арықовтың естелігі беріліп, ерлігі суреттелген екен.

Бұл естелік кітап – Ұлы Отан соғысы басталғанда жауға қарсы күресу үшін Қазақ КСР Петропавл қаласында жедел жасақталған 314-інші Кингисеп Кутузов орденді атқыштар дивизиясының, оның құрамында шайқасқан павлодарлық жауынгерлер туралы шынайы еңбек. Жергілікті автор, жазушы Бекболат Хазыровтың құрастыруымен 1991 жылы шығарылған екен.

Кітаптың кіріспесінде автор: «Жерлестеріміздің ерлігін жазуда Кеңес Армиясының Подольск (Ресей Федерациясы Мәскеу облысы) қаласындағы мемлекеттік архивінде, Павлодар облыстық тарихи өлкетану музейінің қорында сақталған деректер, облыстық «Қызыл ту» және «Большевит-ский путь» газеттерінде соғыс жылдары жарияланған құжаттар пайдаланылды. Сондай-ақ  осы
дивизияда қызмет еткен павло-дарлық ардагер-жауынгерлер Қиса Арықов пен Георгий Петрович Симоненконың есте-ліктері қолданылды», деп атап көрсектен.

Пышақтың қырындай ғана жұқа кітаптың іші ерлікке толы. Суреттелетін оқиғалардың өткеніне жарты ғасыр уақыт болған. Автор бұл кітапта павлодарлық жауынгерлердің түгелі толықтай қамтылмауы мүмкін екенін, оған тарихи деректер қоры аздық еткенін бірден ескертіп өтеді.  Дегенмен үлкен жүрекпен жазылған еңбекте сол заманның қасіреті, ерлігі, жеңісі татымды түрде жазылған. Оған Қиса Арықовтай әрі журналист, әрі ақын, соғыс ардагерінің естеліктері, өлеңдері қосымша реңк, дем беріп тұрғандай әсер қадырады. Мәселен, автор кітаптың басында Қ.Арықовтың:

«Боевые были оживут,

Имена героев…

Потомки гордо назовут», — деген өлең жолдарын келтірген.

Б.Хазыровтың еңбегінде көрсетілгендей, 314-інші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің кем дегенде 3/1 бөлігі павлодарлық азаматтардан құралған. Әсіресе 858-інші атқыштар полкінде, 590-ыншы жеке зениттік-артиллерия дивизионында, 598-інші жеке саперлік батальонының құрылымында біздің жерлестеріміз көп болған. Ал 1076-ншы атқыштар полкінің 80 пайызы павлодарлық жауынгерлерден құралды. Сондықтан автор 314-інші атқыштар дивизиясы мен оның әскери бөлімдерін біз павлодарлық дивизия деп
атауға толық құқылымыз деп түйін айтады.

Небары 1 айдың ішінде жасақталған дивизия 1941 жылдың 6-8 қыркүйегінде Свирь өзенінің бойындағы 130-ыншы және 200-інші шақырым бөліктерін қорғауға алады. Бұл Ленинградтың маңындағы атақты Ладога және Онега көлдерінің арасын жалғап тұрған жермойнақ (перешейка) болатын. Үлкен ұрыстар осы жерден басталды.

Кітапта ерліктері суреттелетін жауын-герлердің арасында ақын, журналист, Ертіс ауданының тумасы Қиса Арықов та болды. Ол атқыштар дивизионының партия ұйымының хатшысы, лейтенант еді. Бірде өзінің «тіл» алып келгені жайлы «Барлау туралы естелік» өлеңінде жазған.

Бекболат Хазыров өзі Қиса Арықовты өмірде жақсы білген, жақын араласқанын айтады. Әңгімелеуінше, ол майданда соғыс арасындағы тыныштық кездерде өлең жазып, сарбаздардың ерліктерін жырлауға тырысқан. Ақын әрі журналистің сөздері жауды артиллерия полкы пушкаларының снарядтарынан бетер ызаландырған. Себебі, ол жауынгерлердің жігерін қайрайтын өлеңдер жазды.

«Гвардия лейтенанты Қиса Арықовтың өлеңдерін тек майдангерлер ғана оқып қойған жоқ. Оның өлеңдерін Ертістің Павлодар өңірі де оқыды. «Қызыл ту» газетінде шыққан «Павлодарым, саған» атты өлеңі жауынгердің туған қаласы мен жерелстері алдында берген сертіне ұқсайды» дейді автор.

Өкінішке қарай, Қ.Арықовтың аталған өлеңінің қазақша нұсқасы біздің қолымызға түспеді. Кітапта оның орысша аудармасы ғана берілген екен. Әзірге біздің қолымызда осыдан бірер жыл бұрын ұрпақтарының жинақтауымен сақталып келген бір топ өлеңдері бар. Оларды біз мақала соңында арнайы ұсынатын боламыз.

Соғыстан қайтқан соң Қиса Арықов өзінің мамандығына адалдық тантып, журналист болып облыстық газетке қызметке тұрды. Енді оның өлеңдері бейбіт халық өмірін жырлауға арналды.

Айта кетсек, Б.Хазыровтың павлодарлық жауынгерлердің ерлігіне арналған еңбегін – «Они защитили Ленинград» атты кітабын біз Павлодар қалалық орталық кітапханасының цифрлық нұсқасынан оқыдық. Жұқа ғана кітап 1991 жылы Павлодар облыстық бейбітшілік қоры бөлімшесінің қолдауымен, «Пульс» акционерлік қоғамының сыйға тартқан қағазына басылып шыққан екен. Осындай еңбектер көптеп цифрландырылып шықса, оқырмандарға қолжетімді бола түссе ғанибет қой.

Деректерге сүйенсек, Арықовтар отбасынан соғысқа үш бірдей ағайынды аттанған. Қиса Арықовпен қатар оның Ахмет және Мұса ағалары бірге қан майданға араласқан. Өкінішке қарай, біреуі қаза тапты. Өлкетанушы ғалым Эрнест Соколкиннің айтуынша, Ертіс ауданынан шыққан журналист Қиса Арықовты дивизион парторгі деп атаған. Ол 314-қазақ атқыштар бригадасында жаумен арпалысқан. Батыл артиллерист болған. Шайқастардың бірінде біздің жауынгерлердің адымын аштырмай, оқты қарша боратқан пулеметтің көзін жойған. Сол ерлігі үшін «Жанқиярлығы үшін» медалін иеленген. Кейін Қ.Арықов Ленинград, Брянск, Степной және 2 Украин майдандарында фашистермен күресті.

Айтқанымыздай, ұрыстардан бос уақытта ол өлең жазып тұрған. Қолжазбалар қорында оның «Босатып бір қаланы келдік жаңа» деп аталатын 1943 жылғы өлеңі сақталған. Сол кездері жауынгерлік газеттерде оның өлеңдері басылып тұрған. Осылайша Қ.Арықов соғыста жауынгерлерді отты өлеңдерімен жігерлендіріп, олардың бойына рух-күш беріп отырған. Ротаның саяси ұйымдастырушысы (политрук), майдандық газет тілшісі болған. Ленинградтың «Жауға!»
(«Врагу!») газетіне жиі араласқан.

Қиса мен оның ағасы Мұса да талай сұрапыл шайқастарға еніп, ерліктің үлгісін көрсеткен. Омырауларында жауынгерлік ордендері мен медальдары жарқыраған офицерлік шенде соғысты аяқтаған бұлар елге оралып, қызметтерін жалғастырады.

Соғыстан оралған соң, Алматыда Жоғары партия мектебінде оқыған. 1966 жылдан бастап «Қызыл туда» еңбекшілер хаттары бөлімін басқарды. Осы жерден зейнеткерлікке 1972 жылы шыққан.

Ақындығы, шығармашылығы бар Қисекең облысқа танылады. «Майдан жырлары» атты топтама өлеңдері басылымда шығып тұрды. Естеліктерге ден қойсақ, редакцияға оралған соң майдангерлер Жылқайдар Қарпықов пен Қиса Арықовтар майданда жүргендей аянбай еңбек етті. Жанқиярлықпен істеген қызметтері еленбей қалған жоқ. Олардың еңбекке деген
құштарлығы мен батылдығынан, сабыр-лылығынан талай ұрпақ үлгі алып өсті.

Батыр жауынгер Қиса Арықов 1985 жылы дүниеден озды. Майданда жауға мылтықпен оқ атып қана емес, жүректегі отымен де өзгелерге күш құйған ақын, журналист Қиса Арықовтың есімі «Сарыарқа самалы» газетінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалары хақ.

Біз осыдан бір жылдай уақыт бұрын журналист-майдангер Қиса Арықовтың шаңырағында болдық. Ақын атамыз тұрған үйді қазір қызы Гүлнар мекен етеді. Ол әкесі Қиса Арықовпен еңбек еткен майдангер журналистердің, олардың отбасы мен балалары туралы жақсы білетінін танытты. Редакциядағы әріптестері, басшылары осы үйде қызық-қуаныштарда жиі бас қосқан. Тіпті, альбомда бірқатар суреттері сақталған.

Біз Қиса Арықовтың мерекелік іс-шараларда кеудесіне тағып жүрген марапаттарын қолымызбен ұстап көрдік. Әрбір жәдігер кешегі тарихтан сыр шертеді. Міне, «Отан соғысы» ордені, «Қызыл жұлдыз» ордені,  «Ерлігі үшін» медалі, 1945 жылы 9 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен берілген «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі, бейбіт уақытта берілген «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдары бар. Сондай-ақ КСРО Журналистер одағының мүшесі төсбелгісі сақталған. Оның қаламгер үшін мәртебесі бөлек болғанын ішіміз сезеді.

Қиса Арықовтың майдандағы ерлік жолын ұрпақтары да мақтан етеді. 2025 жылы газеттің әлеуметтік желідегі парақшасында редакцияда қызмет еткен атасы туралы біздің жариялаған шағын іздеу-жазбаны оқыған соң редакцияға Астанадан майдангердің бір ұрпағы хабарласты. Ол атасының өлеңдерін жинастырып, сақтап жүргенін хабарлады.

Төменде біз қазақ тіліндегі Қ.Арықовтың бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз. Олардың арасында Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзинге арналған балладасы ерекше әсер қалдырады. Шамалауымызша, бұл еңбек 1978 жылы жазылуы мүмкін. Осы кезде Павлодар қаласының орталық көшелерінің біріне  Қанаш Қамзиннің есімі беріледі. Батырдың бюсті орнатылады (Толстой көшесімен қиылысында). Бұл салтанатты іс-шараға Кеңес Одағының батыры, даңқты Махмет Қайырбаевтың өзі де қатысқан. Сол кезге куә болған адамдардың айтуынша, батырдың құрметіне көше беріліп, оған екінші батырдың қатысуы жұрт көзіне ерекше әсерлі көрінген. Бұл ерлікке тағзымның зор үлгісі еді. Сол секілді, өзі де жаумен арпалысып, қан кешкен Қиса Арықовтың Батыр Қанаш Қамзинге шынайы жырдан ескерткіш соғуы
ерекше бір құбылыс еді.

Біздің ендігі міндетіміз – осындай майдангер батырлардың ерлік жолын ұлықтау. Ғасырдан ғасырға дейін бейбітшілік құнын ұмытпау.

Партия билеті

 

Майданда жүрегім жадырап  жүреді,

Өйткені, жанымда — партия жүрегі.

Ол — менің партия билетім,

Ақылшым, жүректің тірегі.

 

Бір күні алыстан қаңғырған оқ тиді,

Жүректің басына кезеліп кеп тиді.

Шинельден, кительден өтсе де,

Жүрекке жау оғы өтпеді, жетпеді.

 

Өйткені жүректің тұсында,

Партия билетім сақтаулы.

Билетім қорғады ажалдан,

Құрттық Жеңіспен сұм жауды.

 

Сұр шинель

 

Сұрапыл сол бір жылдарда,

Оқ борап талай тұрды алда.

Сауыт та болды сұр шинель,

Төсеніш еттік мұз-қарда.

 

Жұлмалап талай жел ескен,

Етек-жеңін оқ тескен.

Сұрапыл күннің сырласы,

Шығарам сені қалай естен?

 

Қалсақ та талай қыспақта,

Жүрсек те күзде, қыстап та.

Сырлас болдың солдатпен,

Жеткенше Рейхстагқа.

 

Туды күн күткен асыл жар,

Сағынышы солдат басылар.

Қуанғаннан сол жардың

Шинельге тамған жасы бар.

Қиса Арықов.

 

 

Ескерткіш алдындағы ой

(Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Совет Одағының батыры
Қанаш Қамзинге)

 

Атакаға талай барып,

Жүрдің бастап ең алда.

Атой салып, топ жарып,

Тайсалмай кірдің қамалға.

 

Жау тобымен жекпе-жек,

Келдің талай бетпе-бет.

Отан үшін жан пида,

Жанға — жан деп, кекке — кек!

 

Жау жағы да жұтынып,

Лап қояды анталап.

Жемтік көрген жыртқыштарша,

Арсыз көздер қанталап.

 

Жердің үсті дүркіреп,

Көк аспан да күркіреп.

Кім кімді деп айқастың,

Аяғыңды нық тіреп.

 

Ол — Молдавия, бауырым,

Жау қолында — ауылың.

Азат етем бәріңді,

Деп кірісті бауырың.

 

Гура-Быкулий селосының

Биіктігі — жау қолында.

Бекіністі бұзып алар,

Қиындық та көп жолыңда.

 

Тұрды қарап фашистер,

Алас ұрып жалақтап.

Кім өтер деп өзеннен,

Қолға қару-жарақты ап.

 

Жалғыз өзі қайықпен,

Өте шықты өзеннен.

Оғы алмады Қанашты

Жаудың дәлдеп кезенген.

 

Жағаға кеп жер бауырлап,

Талай шепті бұзып өтті.

Жалғыз өзі биіктікке,

Жан ұшырып келіп жетті.

 

Биіктікке шығып ап,

Жиырма алтысын жайратты.

Қас жауымен жекпе-жекте

Көрсетті батыр қайратты.

 

Биіктікті ұстап тұрдың,

Жалғыз оғың қалғанша.

Атқыштардың қалың тобы

Көмекке саған барғанша.

 

Құлап түстің бір кезде,

Отан қорғау жолында.

Қызыл жалау биіктікте,

Желбіреді қолыңда.

 

Жауынгерлер жаныңа кеп,

Кетті, деді, жау қашып.

Жылдамырақ есіңе енші,

Тұрыңызшы аяқ басып, —

 

Деп жалынды оята алмай,

Сенің мәңгі ұйқыңды.

От-жалыннан көзіңді алмай,

Жүрегіңде үн тынды.

 

Ерлік болды өшпейтін,

Қанаш, сенің шешімің.

Қызыл туға жазылды,

Сенің батыр есімің.

 

Ерлігіңді жырға қостым,

Ескерткіштің қасына кеп.

Шіркін, гүлдер, гүлдер, гүлдер,

Гүлдей берсін қасыңда деп.

 

Қиса Арықов.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.