Баянауыл ауданында алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқын алды. Осы мақсатта әлеуметтік нысандардың жылыту жүйелері жіті тексеріліп, қажетті отын қорымен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар қолға алынуда.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы әлеуметтік нысандарда барлығы
58 от қазандығы жұмыс істейді. Жылыту маусымының ойдағыдай өтуі үшін қажетті отын көлемін жеткізуге байланысты тиісті келісімшарттар жасалуда.
Жергілікті әкімдік өкілдері мектеп, балабақша, емдеу мекемелерін уақытылы әрі жеткілікті көлемде отынмен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда екенін алға тартуда.
– Жылыту маусымына салғырт қарауға ешқашан жол берілмейді. Келісімшарт жасалмаған мекеме басшыларына барлық келісімшартты толық аяқтауды тапсырдым. Оның аяқталу мерзімі қатаң бақылауда болады, – деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Осылайша, аудан басшысы бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайтынын қатаң ескертуде. Себебі, жылыту жүйелерінде олқылықтар орын алса, бұл жағдай аудандағы білім беру, медициналық мекемелер мен басқа да әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан алдағы жылыту маусымына дайындық қызу, дейді мамандар.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы
