Тұрғындардың қалауы не?

Қар 26, 2026

Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов ауылдық аймақтарда тұрғындармен кездесіп, талап-тілектерін тыңдауда. Жуырда шаһар басшысы Достық, Қалқаман, Қызылжар, Қанаш Қамзин ауылдық округтерінің халқымен кездесті.           

Бұл туралы әкімнің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазылды. Кездесулер ашық диалог форматында өткен. Достық, Қалқаман ауылдарында көпшілік балабақша салу, жолдарды асфальттау, көмір жеткізу, көшелерді жарықтандыру мәселелерін көтерген.

Ал Қанаш Қамзин, Қызылжар елді мекендерінде ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстарды баяндады. Одан кейін көпшілік ойларын ортаға салып, билік пен халық арасында ашық диалог орнаған. Мұнда тұрғындар мәдениет үйін ашу, жолдарды асфальттау, электрмен жабдықтау, балабақша мен дене шынық-тыру-сауықтыру кешенін салу, балалар ойын алаңын жабдықтау және спорт залын жөндеу мәселелерін алға тартқан.

Қала әкімі кездесулерде көтерілген әрбір мәселе бойынша түсініктеме беріп, жауапты органдарға оларды шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Халықпен кездесулерден кейін шаһар басшысы, мемлекеттік орган өкілдері тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Г.МАҒЖАН.

Ақсу қаласы

 

Спорт кешені бой көтереді

Ауылдардың инфрақұрылымын қаладан кем етпеу – бүгінде мемлекеттің алға қойған басты мақсаттарының бірі. Сондықтан, ауылдық елді мекендерге әлеуметтік нысандар салу, жолдарын жөндеу сияқты жұмыстар іске асуда. Мәселен, Павлодар ауданына қарасты Кемеңгер ауылында қазіргі таңда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.   

Нысанның құрылыс алаңына аудан әкімі Дидар Ибраев барып, құрылыс барысымен танысты. Спорт нысанын «Ремсервис-Павлодар» ЖШС мердігерлік ұйымы салуда. Аудан әкімінің айтуынша, жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқаны, қажетті күштердің жұмылдырылғаны байқалады.

Аудан әкімі Дидар Ибраев жауапты мемлекеттік органдарына құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімдері мен сапасына күнделікті бақылау жүргізуді тапсырды. Ғимаратты жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Павлодар ауданы

 

  Мал азығы дайындалуда

Баянауыл ауданында алдағы қыс-көктем айларына арналған мал азығын дайындау жұмыстары үздіксіз жалғасуда.          

Аудан бойынша 322 мыңнан астам мал басы тіркелген. Оларды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 144 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың 80 пайызы шаруашылықтардың өз алқаптарынан әзірленсе, қалған бөлігі сатып алу және өзге аудандардың шабындық жерлерін пайдалану арқылы жеткізілуде. Осы мақсатта шөп дайындау науқанына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылып, Ақсу қаласы, Аққулы және Май аудандарымен мал азығын жеткізу бойынша ынтымақтастық меморандумдары жасалған. Сонымен қатар, қосымша жемшөп қорын қалыптастыру үшін лиман және суармалы алқаптардың мүмкіндіктері де кеңінен пайдаланылуда. Атап айтқанда, Жаңатілек ауылдық округінде 2,5 мың гектарға жуық жер мал азығын дайындауға жарамды деп танылса, Ұзынбұлақ ауылдық округінде суданка дақылы, Қаратомар ауылдық округінде жүгері өсіріліп, мал азығы ретінде кәдеге жарауда.

Аталған жұмыстардың барлығы қысқы кезеңде мал азығы тапшылығының алдын алып, ауданның ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға бағытталып отыр, дейді мамандар.

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы

 

 

Тұрғындардың өтініштері тыңдалды

Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында тұрғындар ағаш мәселесі және виза рәсімдеуге қатысты сауалдарын ортаға салды. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді баяндап, олар бойынша тиісті көмек пен түсіндірме сұрады.    

Аудан басшысы әрбір өтінішке мұқият назар аударып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсіндірмелер берді. Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектерін ескере отырып, оларды шешудің мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты сала мамандарына азаматтар тарапынан көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, олардың шешілу жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, әр өтініштің орындалу барысын назарда ұстап, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Май ауданы

 

Жаңа қазандық іске қосылды

Ақтоғай ауылдық округінде  жаңа заманауи модульдік қазандық жұмысын бастады. Жаңа қазандық екі қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту қазанымен, сорғы жабдықтарымен және қажетті инженерлік жүйелермен жабдықталған.      

Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Аспан Жүсіпов жұмыс сапары барысында елді мекенде жаңадан іске қосылған модульдік қазандықтың жұмысымен танысып, жабдықтардың техникалық жағдайын және жылумен қамтамасыз ету барысын тексерді.

Қазіргі уақытта жаңа қазандық екі көппәтерлі тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, құрылысы жүріп жатқан тағы бір көппәтерлі тұрғын үйді алдағы уақытта осы жылу жүйесіне қосу жоспарланған. Қазандықтың қуаты жақын маңда орналасқан аурухананы да жылумен қамтуға жеткілікті.

А.БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы

 

Танымдық экскурсия

Таяуда мемлекеттік «Ертіс орманы» резерватының туризм және экологиялық ағарту бөлімінің мамандары Шарбақты ауданындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің оқушыларына танымдық экскурсия өткізді. 

Экскурсия аясында оқушылар «Ғабдул Уахит Хазырет», «Өз өлкеңмен таныс» және «Лешкин ізі» туристік бағыттарымен танысып, туған өлкенің табиғи және тарихи-мәдени ерекшеліктері туралы мол мағлұмат алды. Сондай-ақ, балалар Ботабас орманшылығына барып, орман шаруашылығының жұмысымен танысты. Ондағы өрт сөндіру техникасы мен қарағай көшеттерін отырғызуға арналған арнайы техниканы өз көздерімен көріп, тамашалады. Мамандар оларға орман өртінің алдын алу, орманды қалпына келтіру және табиғи ресурстарды қорғау бағытындағы жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.

Аталмыш шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыру, туған өлкенің табиғи байлықтарына деген қызығушылығын ояту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, дейді ұйымдастырушылар.

Н.ШОДЫР.

Шарбақты ауданы