«Кітап оқитын ұлт» жобасы Ақтоғай ауданында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алғашқы кезеңде тұрғындарды жобаға тіркеу, әртүрлі санаттағы қатысушыларды қамту және жауапты мамандарды белгілеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аудан бойынша жобаға 1268 адам тіркелген. Оның 374-і кітап оқып, кемінде бір пікір қалдырған. Бұл жалпы қатысушылардың 29,5 пайызын құрайды.
Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартқанымен, жұмысты әлі де жандандыру қажеттігін көрсетеді. Себебі тіркелген қатысушылардың белсенділігін арттыру – жобаның негізгі міндеттерінің бірі.
Осы бағытта аудандық және ауылдық кітапханалар маңызды рөл атқарып отыр. Кітапханаларда оқырмандарға қажетті әдебиеттерді ұсыну, кітап қорын насихаттау, тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, әдеби шығармаларды таныстыру және оқырмандармен кері байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, әдеби кештер, кітап талқылаулары мен қаламгерлер шығармашылығына арналған кездесулер арқылы тұрғындардың кітапқа деген ықыласын арттыру көзделген.
Аудандық мәдениет бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданда жобаның алғашқы нәтижелері де көңіл қуантады. Қазіргі таңда қатысушылар тарапынан 1149 мәтіндік пікір мен 43 бейнепікір жарияланып, жинақталған ұпай саны 203 150-ге жеткен. Әсіресе, бес кітап оқып, әрқайсысына пікір қалдырған 124 қатысушының белсенділігін атап өткен жөн. Бұл – тіркелгендердің 9,8 пайызы.
Жекелеген бағыттар бойынша да нәтижелер бар. Мәселен, «Оқитын педагог» бағытына тіркелген 366 адамның 158-і белсенділік танытып, 538 мәтіндік және 23 бейнепікір жариялаған. Бұл бағыт бойынша 91 400 ұпай жинақталған. Ал «Оқитын интеллектуал» бағытындағы белсенділік үлесі 44,4 пайызды, арнайы «Parasat» бағытында
54,1 пайызды құрайды.
— Кітап оқуға қызығушылықты арттыруда ұсынылатын әдебиет-тердің мазмұны мен сапасы да маңызды. Осы ретте оқырмандарға алдымен қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын оқу ұсынылады. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармалары – ұлт руханиятының асыл мұрасы. Сондай-ақ, қазіргі заманғы әдебиет, тарихи шығармалар, тұлғатану, психология, қоғамтану және көшбасшылық бағытындағы кітаптарға да сұраныс бар. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы адам мен табиғаттың байланысын, қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелерін терең қозғайды. Осындай тағылымды шығармалар оқырманды тек оқуға емес, ойлануға, сараптауға және өмірге сын көзбен қарауға жетелейді, — делінген ұсынылған ақпаратта.
Одан бөлек, кітап мазмұнын таныстыратын қысқа бейнероликтер, оқырмандардың бейнепікірлері мен танымдық контент әзірлеу жоспарланып отыр. Рейтингте алдыңғы орындардан көрінген белсенді оқырмандармен бейнесұхбат-
тар түсіру де көзделген. Бұған қоса, аудандық деңгейде әр бағыт бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқырмандарды ынталан-дыру мақсатында ақшалай сыйлықтар тағайындау жарияланды. Мұндай қолдау қатысушылар арасында салауатты бәсекелестік қалыптастырып, кітап оқуға деген ынтаны арттыруға ықпал етпек.
Жобаның ауқымын кеңейтуде ауылдық кітапханалардың үлесі де айрықша. Ақтоғай ауданының елді мекендері бір-бірінен қашық орналасқандықтан, ауыл кітапханалары тұрғындарға кітапты қолжетімді ететін негізгі мәдени орталықтардың бірі саналады. Олар оқырмандарды жобаға тарту, кітап көрмелері мен тақырыптық кездесулер ұйымдастыру арқылы ауылдағы оқу мәдениетінің қалыптасуына үлес қосуда. Өйткені кітап оқу дәстүрі аудан орталығымен ғана шектелмей, әр ауылдың тыныс-тіршілігіне енуі тиіс.
Алдағы уақытта белгілі қаламгерлермен кездесулер, жаңа кітаптардың таныстырылымдары, оқырман конференциялары, әдеби талқылаулар мен кітап оқу марафондарын жандандыру да маңызды міндеттердің қатарында. Мұндай шаралар оқырмандардың шығармашылық байланысын нығайтып, ортақ әдеби орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
