«Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді». Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің болашағына алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы мемлекет-
тік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған ең ауқымды жиын. Ал бұл мәжіліске Мемлекет басшысының өзі қатысып, баяндама жасап, алдағы маңызды міндеттерді тілге тиек етуі қазақ тілінің мерейін үстем етті. Сонымен қатар, болашақта әр салада кеңінен қолданысқа ие болып, ел өмірінің өзегіне айналады деген сенім күшейді. Ел Президенті осы құрылтайда ана тіліміздің келешегіне қатысты маңызды міндеттер жүктеді. Мәселен, қазақ тілінің емле ережелері қайта қаралып, орфографиялық сөздігі жаңартылады. Бұл жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Одан бөлек, ғылым мен технологиядағы қолданысын кеңейту, ұлттық мұраны цифрландыру және
қазақша контентті көбейту мәсе-лелеріне де арнайы тоқталды.
– Қазақ тілі — Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы, —
деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осыдан кейін түрлі саладағы лауазымды тұлғалар, тіл жанашырлары, зиялды қауым өкілдері құрылтайда жасалған баяндаманың маңызды тетіктерін атап көрсетіп, жүктелген міндеттемелерді сапалы әрі тиімді іске асыру жолдарын талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді. ҚР Вице-Президенті Ерлан Қариннің айтуынша, Президент белгілеген маңызды мақсат-міндеттің бірі – қазақ тілін ғылым мен өндірістің, технология мен инновацияның тіліне айналдыру. Болашақта кез келген тілдің әлеуеті оның цифрлық қорына байланысты болмақ.
– Мемлекет басшысы қазақ тілінің нормаларын жетілдіруге қатысты үлкен реформа жүргізуді тапсырды. Бұл – шынында да өзекті мәселе. Аталған мәселеге ғалымдарымыз да, қаламгерлеріміз де көптен бері назар аударып келген еді. Расында да, тілге қатысты емлені түзетпей, ережені ескермей, нормаларды біріздендірмей, басқа мәселелерді шешу мүмкін емес. Сол себепті, Президент тапсырмасымен қазақ тілінің емле-ережесі мен сөздіктері жаңартылып, жетілдіріліп, мемлекеттік деңгейде бекітілетін болады. Яғни, тіл ғалымдары мен сала мамандарын алда ауқымды жұмыс күтіп тұр, — деді Ерлан Тынымбайұлы.
Осы құрылтайда мемлекеттік тілдің үстемдігін байқататын мынадай сандық көрсеткіштер де аталды. Мәселен, биыл бірінші сыныпқа барған оқушылардың 71 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Ал баспадан шығатын кітаптардың 70 пайызы мемлекеттік тілде жарық көреді. Сонымен қатар отандық 71 фильмнің 63-і қазақ тілінде көрсетіліп, ана тіліміздегі кино өнімдерінің үлесі артып келеді. Ал қазақ тілінің ұлттық корпусы секілді ғылыми-цифрлық ресурстар тіл байлығын жүйелеп, оны заманауи техноло-гиялармен ұштастыруға жол ашуда. Бұл көрсеткіштер қазақ
тілінің білім, мәдениет, ғылым және ақпарат кеңістігіндегі қолданыс
аясының кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Асылбек ТУҒАНБАЙ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы:
– Президент өз сөзінде қазақ тілінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызына ерекше тоқталып, оның дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге қатысты нақты міндеттерді атап өтті. Маған әсіресе, мемлекеттік тілді үйретуде жасанды интеллект пен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану туралы ойы маңызды көрінді. Шынында да, қазақ тілі тек тарихымыз бен мәдениетіміздің тілі болып қалмауы керек. Ол ғылымда, білімде, бизнесте, цифрлық кеңістікте және жаңа технологиялар саласында кеңінен қолданылатын заманауи тілге айналуы тиіс.
Жұмағали ҚОҒАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– 1989 жылғы бірінші құрылтайда негізінен бірыңғай қазақ ұлты көп болса, кешегі жаңа Х құрылтайда біз мемлекеттік тілді жетік меңгерген ұлты басқа этнос өкілдерінің қалың қатарын көзбен көріп, құлақпен тыңдап тәнті болдық. Президентіміз ұстанып отырған Тіл саясатының дұрыс екендігіне көз жеткіздік. Мемлекет басшысының 40 минутқа жуық баяндамасынан «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырынан түспейді, тіл — баршамызға ортақ құндылық, Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың тығырыққа тірелетіні анық еді» деген қанатты сөздерді миға қондырдық. 1989 жылғы алғашқы қоғам құрылтайында болып, қоғамның құрылуына атсалысқан едім. Содан кейін жалпы төртінші құрылтайына қатысып, облыс көлемінде мемлекеттік тілдің қалыптасуына аз-кем үлес қосқан мен үшін бұл Х құрылтай мәңгі есте қалмақ. Президент айтқандай, мемлекеттің тілдің төрден орын алып, тау-төбеге шығуына бәріміз жауаптымыз.
Айбек ОРАЛХАН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлының баяндамасынан басталған ой арнасы, Сауытбек Абдрахманов ағамыздың сөзіндегі байыпты пайым мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың негізгі баяндамасында айтылған тұжырымдар қазақ тілі-
нің дамуында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Әсіресе тіл мәселесінің мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде қарастырылуы айрықша назар аудартады. Тағы бір маңызды міндет – цифрлық дәуір және жасанды интеллектіні игеру. OpenAI зерттеулерінде қазақ тілінің соңғы үш жылда қарқынды дамып келе жатқан тілдердің қатарында аталуы, сондай-ақ Google компаниясының Gemini жасанды интеллект моделінде қазақ тілінің қолдау табуы — ана тіліміздің цифрлық кеңістікке бейімделуіндегі елеулі жетістіктер.
Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.
