Жаңа технологияның жемісі

Қар 19, 2026

Павлодарлық дәрігерлер күрделі тамыр операциялары арқылы науқастардың аяқ-қолын сақтап қалуға әрекет етуде. Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананың диабеттік тамыр хирургиясы және диабеттік табан орталығы заманауи ангиографиялық қондырғының көмегімен жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіп келеді.

Заманауи медициналық құрылғы қант диабетінің салдарынан жапа шеккен науқастар үшін өте тиімді. Мамандардың айтуынша, қант диабеті – тек қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауымен шектелмейтін күрделі ауру. Уақыт өте келе ол қан тамырларын зақымдап, олардың тарылуына немесе бітелуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда тіндерге оттегі мен қоректік заттар жеткіліксіз түсіп, жазылмайтын жаралар пайда болады. Тіпті, ауру асқынған кезде аяқ-қолды
ампутациялау қаупі туындайтын көрінеді.

Міне, осындай күрделі жағдайларда ангиографиялық қондырғының көмегі зор көрінеді. Оның ерекшелігі – қан тамырларына үлкен хирургиялық тілік жасамай-ақ, арнайы катетер арқылы зақымданған аймаққа жетіп, қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Дәрігерлер тарылған артерияларды баллонмен кеңейтіп, қажет болған жағдайда тамырдың ішіне стент орнатады. Бұл әдіс қанның еркін ағуын қамтамасыз етіп, тіндердің қоректенуін жақсартуға көмектеседі.

– Ангиографиялық қондырғының басты артықшылығы – шағын тесулер арқылы қан тамырларының ішінен операция жасауға мүмкіндік беруі. Тіпті, оның көмегімен балтырдағы ұсақ артерияларға дейін емдік араласулар жүргізуге болады. Ал мұндай тамырларға ашық хирургиялық әдіспен операция жасау — өте күрделі іс. Сол үшін заманауи қондырғының пайдасы зор, – дейді жоғары санатты рентгенэндоваскулярлық және тамыр хирургі Нұржан Асылханов. Сондай-ақ, ол бөлімше мамандарының басты мақсаты – қан айналымын қалпына келтіріп, науқастың аяқ-қолын ампутациядан сақтап қалу екенін атап өтті.

Кейбір клиникалық жағдайларда мамандар гибридті операцияларға жүгінетін көрінеді. Бұл тәсілде дәстүрлі ашық хирургия мен тамырішілік технологиялар қатар қолданылады. Мәселен, қан тамырларының бірнеше бөлігі зақымданған жағдайда алдымен шунттау операциясы жасалып, кейін ангиографтың көмегімен ұсақ артериялардың өткізгіштігі қалпына келтіріледі. Мұндай күрделі хирургиялық араласулар 7-8 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ал осы орталық жұмысын бастағаннан бері ангиографиялық қондырғының көмегімен 30-дан астам операция жасалған екен. Жалпы есеп бойынша бүгінге дейін 40-тан астам хирургиялық араласу орындалған. Осынау мүмкіндік өңірімізде жоғары технологиялық тамыр хирургиясының дамуына жол ашып отыр, дейді дәрігерлер.

Заманауи қондырғы медицинаның бірнеше бағыты бойынша күрделі операциялар жасауға мүмкіндік береді. Соның бірі – нейрохирургия. Мәселен, ми қан тамырларының аневризмасын емдеу кезінде дәрігерлер бас сүйегін ашпай-ақ, артерия арқылы енгізілген арнайы катетердің көмегімен зақымданған тамырға жетеді. Аневризманы платина спиральдарымен толтыру, стент орнату немесе қан ағынын арнайы құрылғы арқылы өзгерту тәсілдері қолданылады. Сонымен қатар, ишемиялық инсульт кезінде де мидың ірі артериясын бітеп қалған тромбты алып тастауға мүмкіндік бар. Бұл процедура механикалық тромбэктомия деп аталады. Арнайы катетер мен құрылғылардың көмегімен тромб тамырдан шығарылып, миға қан баруы қалпына келтіріледі. Алайда мұндай емдеу әдісі барлық науқасқа бірдей қолданылмайды. Оның тиімділігі инсульттің түріне, басталған уақытына және медициналық көрсетілімдерге байланысты болады.

Ангиограф гинекология саласында да кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, жатыр артерияларына эмболизация жасауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс кейбір ауруларды емдеуде, соның ішінде жатыр миомасы кезінде қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, заманауи қондырғының ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсету кезінде де пайдасы зор. Мысалы, жамбас сүйектері сынған кезде ірі қан тамырлары зақымданып, өмірге қауіп төндіретін қан кету жағдайлары орын алуы ықтимал. Мұндай жағдайда ангиография арқылы қан кетіп жатқан тамырдың нақты орны анықталады. Кейін микрокатетердің көмегімен зақымданған артерияға арнайы эмболизациялық материалдар енгізіліп, қан кету тоқтатылады. Бұл әдіс арқылы ауқымды операциялық тілік жасамай, қан жоғалтуды азайтуға болады.

Жалпы, эндоваскулярлық және ашық тамыр операцияларының құны күрделілігіне қарай 700 мыңнан 4,5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда пациенттер жоғары технологиялық медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында тегін ала алады.

Мамандар операциядан кейінгі кезеңде де денсаулыққа мұқият қарау қажеттігін ескертеді. Әсіресе, қант диабетімен ауыратын адамдар қандағы қант пен холестерин деңгейін тұрақты бақылап, дәрігер тағайындаған емді үзбеуі керек. Өйткені, қан айналымын қалпына келтіру негізгі аурудың асқыну қаупін толық жоймайды.

Осылайша, заманауи ангиографиялық технологиялар облысымызда медициналық көмектің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Яғни, бұрын күрделі хирургиялық араласуды қажет еткен немесе аяқ-қолынан айырылу қаупі жоғары болған науқастар енді өз өңірімізде жоғары технологиялық ем алу мүмкіндігін иелене алады.

Нұржайна ШОДЫР.
Суретті түсірген – Есенжол ИСАБЕК.