Павлодар облысындағы жалғыз діни оқу орны – «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің ғимараты кеңейіп, материалдық-техникалық базасы жаңара түсті. Естеріңізде болса, 2023 жыл ы оқу кешенінің жанынан қосымша ғимараттың құрылысы басталған болатын. Бүгінде сол игілікті бастама өз нәтижесін беріп, жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды.
Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі – өңірдің діни-ағарту саласындағы елеулі оқиғалардың бірі. Бұл — ең алдымен, жас ұрпақтың сапалы діни білім алуына қолайлы жағдай жасауға, оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға және болашақ білікті діни мамандарды даярлау ісін дамытуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, жаңа оқу корпусы медресе-колледждің білім беру сапасын арттырып, шәкірттердің санын бұрынғыдан да көбейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы бойынша өкілі имамы Жұманазар Өсерханұлының сөзінше, жаңа оқу корпусы дінге жанашыр азаматтардың қолдауымен салынған. Атап айтқанда жеке кәсіпкерлер, әкелі-балалы Талғат Бақытұлы және Бақыт Нұрғалиұлы есімді азаматтар қаражат бөліп, құрылыс жұмысын соңына дейін жеткізген. Бас имам аталмыш азаматтарға өзінің алғыс-батасын беріп, ризашылығын білдірді.
— Медресенің жаңа оқу корпусының алғашқы кірпіші 2023 жылдың көктемінде қаланған болатын. Жаңа ғимарат екі қабаттан тұрады. Ғимарат заманауи стильде салынып, бүгінгі қоғамның жастарының сұранысына сай қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Ғимаратта барлығы 20 оқу кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана, ұстаздар бөлмелері және әкімшілік кабинеттері бар. Жалпы, қосымша тағы
200 студент білім алуға лайықталған. Мұнда шәкірттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Осы ізгі бастаманы қолға алған және оны қолдаған барша жанашыр азаматтарға алғыс айтамыз. Олар осы жобаға қолдау көрсету арқылы жас ұрпақтың рухани білім алуына және өңірдегі діни-ағарту ісінің өркендеуіне зор үлес қосып отыр, — деді бас имам Жұманазар Өсерханұлы.
Бүгінде «Әбу Бәкір-Сыддық» медресе-колледжінде 110 шәкірт білім алуда. Жаңа оқу корпусының пайдалануға берілуі жастардың діни білім алуына жағдай жасай отырып, болашақ діни мамандарын сапалы даярлауға мүмкіндік бермек. Медресе-колледжінде шәкірттер діни пәндерді ғана емес, жалпыға ортақ қоғамдық пәндерді қатар меңгереді. Атап айтқанда, Құран ілімі, тәжуид, ақида, фиқһ, ислам тарихы мен араб тілі сияқты арнайы пәндермен бірге Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, физика, информатика және басқа да жалпы білім беру пәндері оқытылады. Бұл шәкірттердің діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, дүниетанымын кеңейтіп, жан-жақты білім алуына мүмкіндік береді.
Медресе ұстазы Арман Қайыргелдінің айтуынша, алдағы жылдары шәкірттер санын бүгінгіден де көбейту жоспарда бар.
– Жастар арасында діни білім алуға қызығушылардың қатары көбейіп келеді. Соған байланысты медресе ғимаратын кеңейту мәселесі көтерілген еді. Ғимарат құрылысы үш жылға созылып, биыл өз мәресіне жетті. Жаңа ғимаратта тек сабақ жүргізіледі, ал ескі ғимарат жатақхана болып қалады. Сыныптар жаңа заманауи құрал-жабдықтармен толығуда. Төрт сыныпқа жаңа интерактивті тақта орнатылды. Сонымен қатар, мәжіліс залына 80 жаңа орындық қойылды. Бұл — діни-рухани білім алуға келген жастар үшін үлкен мүмкіндік, – деді Арман ұстаз.
Бұл оқу орнында оқыған жастардың барлығы болашақта осы салады қзымет істеуге міндетті деген сөз емес. Алланың ақ жолын дұрыс танып, ғибадат-құлшылығын толық орындаймын деген кез-келген адамға білім алу маңызды. Ал мамандық ретінде таңдау немесе басқа саланың тізгінін ұстауы – әр адамның өз еркінде. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздегі осындай медресе-колледждері тура жол, дұрыс бағыттағы жалғыз оқу орны болып саналады.
Бетті әзірлеген — Тілеуберді САХАБА.
