Ұлттық ойындарды дәріптеу, ата-бабадан аманат болып жеткен асыл мұраны жаңғырту және оны кейінгі ұрпаққа насихаттау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Павлодар қаласында алғаш рет асық атудан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Еліміздің 19 өңірінен 200-ге жуық спортшы қатысқан дүбірлі дода ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, өңірдің мерейін үстем етті.
9–13 қараша күндері Павлодар қаласындағы «Бірлік» жекпе-жек сарайында өткен ел біріншілігіне 21 жастан асқан ерлер мен әйелдер қатысты. Спортшылар дәстүрлі асық ату, блиц және бес асық бағыттары бойынша бақ сынады. Қатысушылар қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен спорт шеберіне үміткерлер болды. Тәжірибелі ойыншылармен қатар, жас спортшылардың да көптеп қатысуы ұлттық ойынға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартты.
Бес күнге созылған бәсекеде қатысушылар мергендік пен ептіліктің, дәлдік пен шеберліктің жоғары үлгісін көрсетті. Ерлер арасындағы дәстүрлі жекелей сында Павлодар облысының намысын қорғаған Жомарт Нұрланов топ жарып, Қазақстан чемпионы атанды. Екінші орынды Ақмола облысының өкілі Еркебай Сәрсеков иеленсе, үшінші орын Ақтөбе облысынан келген Ғарышбек Құлыбекке бұйырды.
Айта кетейік, Екібастұз қаласының тұрғыны Жомарт Нұрланов – кәсіби механик. Ол асық атумен небәрі үш жылдан бері айналысып келеді. Соған қарамастан, осы уақыт ішінде спорт шебері нормативін орындап, ел чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп үлгерген. Күнделікті жұмысынан кейін жаттығуға уақыт тауып, шеберлігін шыңдап жүрген спортшы бұл жолы көптен күткен чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Ал блиц бәсекесінде Ұлытау облысының спортшысы Батырбай Сәрсекеев жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Шымкент қаласының өкілі Нұрқисса Молжігітов еншілесе, қола медаль тағы бір Ұлытау облысының спортшысы Саят Жаркеновке бұйырды.
Әйелдер арасындағы блиц сайысында Астана қаласының өкілдері үздік нәтиже көрсетті. Айжан Серікова бірінші орынға көтерілсе, Камилла Даниярова екінші, Перизат Елемес үшінші орынға тұрақтады. Облыс атынан сынға түскен Құндыз Қойшиева оныншы, Гүлжазира Алпысбай он бірінші орынға жайғасты.
Павлодар облыстық Асық ату федерация-сының президенті және ұлттық спорт қайраткері Қалибек Қуанұлы Павлодар өңірінде соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерін дамытуға, оның ішінде асық атуды бұқаралық сипатқа айналдыруға ерекше мән беріліп келе жатқанын тілге тиек етті.
— Өңірде ұлттық ойынға деген қызығушылық артып, асық атумен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің қатары көбейіп келеді. Жаттығу жұмыстарын жандандыруға, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және ұлттық ойынды кеңінен дәріптеуге басымдық беріп отырмыз. Осы орайда, асық атудан республикалық чемпионаттың Павлодар өңірінде ұйымдастырылуы – атқарылып жатқан жұмыстардың маңызды жалғасы. Бұл жарыс өңірдегі ұлттық спорттың дамуына тың серпін беріп, тәжірибе алмасуға және жас спортшылардың әлеуетін көрсетуге үлкен мүмкіндік туғызады. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, асық атуды өңір жастары арасында кеңінен насихаттап, бұқаралық спорт деңгейіне көтеруді көздеп отырмыз, – дейді Қ.Қуанұлы.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеледі. Олар алдағы халықаралық додаларда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.
Айдана БОРАНБАЕВА
Павлодар қаласы.
