Архивте тұтас бір дәуірдің шежіресі мен ел өміріндегі елеулі оқиғалар қаттаулы. Осындай баға жетпес мұраны сақтап, көпшілікке қолжетімді ету мақсатында облыстық архивте цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде 187 мың құжаттың электронды нұсқасы әзірленген. Бұл жалпы мұраның 17 пайызына тең.
Бүгінде цифрлық техноло-гиялардың мүмкіндігі кеңінен пайдаланылып келеді. Облыстық архивте де тарихи мұраны элект-ронды жүйеге көшіру жұмыстары қолға алынған. Алғашқы дайындық шаралары 2021 жылы басталғанымен, нақты әрі жүйелі жұмыс 2024 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта мекеме қорындағы 187 мың құжаттың электронды нұсқасы жасалған.
Әрине, мұндай жұмысты тек сканерлеумен шектеуге болмайды. Құжаттардың цифрлық көшірмелері әзірленгеннен кейін олар мазмұнына, тақырыбына және тарихи кезеңіне қарай жүйеленіп, арнайы электронды базаға енгізіледі. Бұл үдеріс ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, құжат дұрыс реттелмесе, қажетті уақытта оны табу да қиын.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Алтаевтың мәліметінше, архивтегі көне материалдар 1866 жылдан бастау алады. Қорда мемлекеттік басқаруға қатысты ресми деректермен қатар, өлкетану, әдебиет және өңір тарихына байланысты құжаттар жинақталған. Сондай-ақ, қазақтың белгілі тұлғаларына тиесілі жеке істер де сақтаулы.
— Цифрландырудың басты артықшылығы – архив қорындағы ақпараттың географиялық шектеуден арылуы. Бұрын Павлодардың тарихи деректерін зерттеу үшін өзге өңірден арнайы келу қажет болса, болашақта қажетті мәліметтерді қашықтан алу мүмкіндігі кеңейеді. Бұл, әсіресе жастарға, тарихшылар мен өлкетанушыларға үлкен қолдау болмақ. Дегенмен, межеленген мақсатқа жету үшін шешімін күткен мәселелер де бар. Соның бірі – білікті мамандардың тапшылығы. Қазіргі таңда цифрландыру жұмыстарына 7 қызметкер жұмылдырылған, — деді Қ.Алтаев.
Оның сөзінше, барлық құжатты толық цифрландырудың нақты мерзімін әзірге айту қиын. Өйткені, жұмыс қарқыны мамандар санына ғана емес, техникалық жабдықтардың мүмкіндігіне де байланысты. Осыған орай басқарма өкілі IT саласының мамандарын архивтегі цифрландыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.
– Біздің басты мақсатымыз – архив қорында сақталған тарихи және әлеуметтік маңызы бар құжаттарды көпшілікке қолжетімді ету. Қорымызда 1866 жылдан бергі материалдар бар. Олардың арасында мемлекеттік басқаруға, өлкетануға, әдебиетке және өңір тарихына қатысты құнды деректер кездеседі. Қазақтың көрнекті тұлғаларына қатысты жеке істер де сақталған. Осындай мұраларды электронды нұсқаға көшіру арқылы зерттеушілердің жұмысын жеңілдетіп, тарихи ақпаратты кеңінен пайдалануға мүмкіндік жасағымыз келеді, – дейді Қ.Алтаев.
Қолданыстағы техникалық құралдардың бір бөлігі 2023 жылы сатып алынған. Алайда құжаттарды өңдеу көлемі артқан сайын жаңа жабдықтарға қажеттілік те туындап отыр. Мамандар қатары көбейіп, материалдық-техникалық база жаңартылса, архив қорын толық цифр-ландыруға шамамен 8-10 жыл қажет болуы мүмкін. Дегенмен, бұл – нақты бекітілген мерзім емес, алдын ала жасалған болжам.
Шынын айтқанда, сегіз-он жыл аз уақыт емес. Бірақ ғасырлар қойнауынан жеткен құжаттарды сақтау мен жүйелеудің ауқымын ескерсек, мұндай жұмыстың бір күнде аяқталмайтыны түсінікті. Бастысы, басталған істің жүйелі жалғасуы және оған қажетті жағдайдың жасалуы.
Айдана БОРАНБАЕВА.
