Бұған дейін жазғанымыздай, 2027 жылдың 11 қаңтарынан бастап елімізде халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа пилоттық жоба іске қосылмақ. Қазіргі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жобаның талаптарын халыққа түсіндіруде. Министрлік өкілдерінің айтуынша, басты мақсат – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдауды әділ бөліп, әсіресе, шын мұқтаждарға жағдай жасау.
Сонымен, жаңа бастама аясында азаматтардың әл-ауқаты қалай бағаланады? Қандай мүлік пен кіріс есепке алынады? Жалпы, кімдердің жағдайы қосымша ескеріледі? Саладағы соңғы өзгерістермен бөліскенді жөн көрдік.
Қалай анықталады?
Жаңа жүйенің басты құралдарының бірі – Отбасының цифрлық картасы (ОЦК). Бұл – мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді біріктіретін талдамалық платформа. Ол азаматтардың әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалап, тиісті санатқа жатқызуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда цифрлық карта 20 миллионнан астам қазақстандықты қамтиды. Жүйедегі мәліметтер ай сайын жаңартылып отырады.
Ескерте кететін бір жайт, отбасының әл-ауқатын бағаланғанда оның күнделікті тіршілігіне қажетті қарапайым мүлкі бірден жоғары табыстың белгісі ретінде қарастырылмайды. Мәселен, пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан жеңіл автокөлік, трактор, жүк көлігі мен комбайнның есептік құны нөлге теңестіріледі. Яғни, мұндай ескі техника отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде есепке алынбайды.
Пилоттық жобада тұрғын үйге қатысты да арнайы өлшемдер қарастырылған. Отбасының жеке баспанасының болмауы немесе шағын пәтерде тұруы әл-ауқатты бағалау көрсеткішін төмендетеді. Апатты деп танылып, бұзылуға жататын үйлер есепке мүлде алынбайды. Ал ескі әрі тозығы жеткен баспаналардың ауданы арнайы түзету арқылы есептеледі.
Ауылдық жерлердегі мүлікке қатысты да талап бар. Қаладан тыс орналасқан елді мекендердегі тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандардың ауданы бағалау барысында төмендетілген коэффициентпен есептеледі. Себебі, ауылдағы жылжымайтын мүліктің нарықтық құны ірі қалалардағы нысандармен бірдей емес. Сондай-ақ, шағын жер телімдері, бақша учаскелері және үй іргесіндегі азын-аулақ мал мен құс ұстау отбасының әл-ауқатын арттыратын көрсеткішке жатпайды. Мұндай шаруашылықтар қарапайым күнкөріс көзі ретінде қарастырылмақ.
Нелер есептеледі?
Отбасының материалдық мүмкіндігін анықтауда кіріс көлемі маңызды рөл атқарады. Министрлік түсіндірмесіне сәйкес, әл-ауқатты бағалау шкаласында отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс үш күнкөріс минимумынан басталады. Кіріс осы межеден неғұрлым жоғары болса, отбасының әл-ауқат деңгейі де соғұрлым жоғары бағаланады.
Алайда жүйе барлық түсімді бірдей табыс ретінде есептемейді. Мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, алимент, тұрғын үй көмегі, бала тууына немесе асырап алуға байланысты біржолғы төлемдер, сондай-ақ, қайырымдылық қаражаты отбасының кірісіне қосылмайды. Бұл – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың жағдайын бағалаудағы маңызды ерекшелік.
Қаржылық міндеттемелер де ескеріледі. Мәселен, қолданыстағы ипотекалық несие-
нің болуы отбасының әл-ауқатын бағалау балын төмендетеді. Ұзақ уақыт бойы өтелмеген несие берешегі де осындай әсер етеді. Өйткені, мұндай міндеттемелер отбасылық бюджетке тұрақты салмақ түсіріп, азаматтардың нақты қаржылық мүмкіндігін шектейді. Ал шағын қарыздар мен төлемдердің қысқа мерзімге кешіктірілуі, сондай-ақ, жеке автокөлікті кепілге қойып алынған ломбард несиелері бағалауға ықпал етпейді.
Банк картасында немесе депозитте аздаған қаражаттың болуы да отбасының әл-ауқатын автоматты түрде жоғары санатқа көтермейді. Бұған қоса, «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй құрылыс жинақтары есепке алынбайды. Демек, баспана алуға қаражат жинап жүрген азаматтардың бұл әрекеті олардың әлеуметтік жағдайын бағалауда теріс фактор ретінде қарастырылмайды.
Ал қымбат автокөліктер, бес жылдан аспайтын коммерциялық көліктер, бірнеше пәтер мен тұрғын үй, сондай-ақ, дүкен, сауда үйі немесе дәріхана секілді коммерциялық нысандардың болуы жоғары материалдық мүмкіндікті көрсететін өлшемдер қатарына кіреді.
Тұрмысың тұраласа…
Жаңа бағалау жүйесінің тағы бір маңызды тұсы – отбасының ерекше өмірлік жағдайларын ескеру. Атап айтқанда, үйдегі адам саны, балалар мен қарттардың болуы, олардың жасы назарға алынады. Егер отбасы мүшелерінің арасында мүгедектігі бар немесе созылмалы ауруына байланысты диспансерлік есепте тұрған адам болса, жүйе төмендету коэффициенттерін қолданады. Мамандардың айтуынша, мұның өзіндік себебі бар. Яғни, денсаулығында кінәраты бар адамды күту, ем-домына қаражат жұмсау, күнделікті қажеттіліктерін өтеу отбасының шығынын арттырады. Сондықтан мұндай отбасылардың материалдық жағдайын тек кіріс пен мүлікке қарап бағалау әділетсіз, дейді мамандар. Цифрлық карта осы ерекшеліктерді ескеріп, отбасының әл-ауқатына берілетін қорытынды бағаны түзетеді.
Жаңа жүйенің басты міндеті – азаматтардың тұрмыс деңгейін бір ғана көрсет-кішпен өлшеу емес, олардың өмірлік жағдайын барынша толық қамту. Сол арқылы көмекке мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтап, мемлекеттік қолдауды нақты қажеттілікке бағыттау көзделіп отыр.
Әділдік — басты талап!
Министрлік жаңа бастаманы жүзеге асыру барысында азаматтардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік төлемдерге қол жеткізуді негізсіз шектеуге жол бермеуге ерекше мән берілетінін атап өтті. Пилоттық жоба кезең-кезеңімен жүргізіліп, оның нәтижелері мен ықтимал әлеуметтік салдары жан-жақты талданатын болады.
Бұл жұмысты үйлестіру үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан арнайы жобалық офис құрылмақ. Оның құрамына Президент әкімшілігі, Үкімет аппараты, Құрылтай өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының мүшелері тартылады. Сонымен қатар, сала мамандары мен тәуелсіз сарапшылардың пікірлері де ескеріледі.
Жобаның қорытындысы бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірленеді. Яғни, пилоттық кезең тек жаңа тәсілдерді сынаумен шектелмей, олардың тиімділігін, әділдігін және халыққа ықпалын бағалауға мүмкіндік бермек.
* * *
Осылайша, алдағы уақытта әр азаматтың шынайы жағдайы мен қажеттілігіне қарай мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі деп жоспарлануда. Бастысы, әлеуметтік саясаттың әділ жүргізілуіне басымдық берілмек. Ал оның нәтижесін жаңа пилоттық жоба жүзеге асқаннан кейін көретін боламыз.
Нұржайна ШОДЫР.
