Баспанамен қамту — басты бағыт

Қар 26, 2026

Екібастұз қаласының Бәйет ауылында жаңа спорт кешені ашылып, пайдалануға берілді.  Жаңа кешен-
нің ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы осы күні шахтерлер қаласында  бой көтерген жаңа тұрғын үйдің ашылу рәсіміне қатысып, кезек күткен азаматтарға пәтер кілттерін табыстады.  

Жаңа кешен  жеңіске жол ашады

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойы қарсаңында Екібастұз қаласында бірқатар жаңа нысан бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Соның бірі – Бәйет ауылында ашылған спорт нысаны. Заманауи спорт нысаны ауыл тұрғындарына, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді.

Жаңа нысанның ашылу лентасын қиған ауылдың құрметті ардагері Қайыпхан Жантелиев мұндай нысандардың ауыл жастары үшін ауадай қажет екенін айтып, жауапты азаматтарға алғысын жаудырды.

– 700-ден астам тұрғыны бар ауылымыз үшін мұндай спорт кешені аса қажет еді. Оның ашылуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына және қала әкімдігіне ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамыз. Енді балаларымыз бен жастарымыз осында жаттығып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алды. Осы кешеннен талай спорт шебері шығып, облыс намысын қорғайды деп сенеміз, – деді Қайыпхан Жантелиев.

Жаңа спорт кешенінде қазақ күресі, волейбол және баскетбол секциялары жұмыс істейді. Екібастұз қаласы №3 балалар мен жасөспі-рімдер спорт мектебінің басшысы Азамат Смағұловтың айтуынша, бүгінде мұнда 132 оқушы спортпен шұғылданады. Оның 52-сі қазақ күресімен айналысса, қалғандары волейбол мен баскетболды таңдаған.

Кешенде барлығы 25 бөлме бар. Олардың қатарында медициналық кабинет, ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар мен әдіскерлердің кабинеттері.

– Мен волейбол ойнаймын. Бүгін біз үшін ерекше күн. Бұрын жаттығуларды мектеп залында жасайтын едік. Енді биік кәсіби залда дайындалатын болдық. Мен өзімді олимпиада чемпионы секілді сезініп отырмын. Ауыл жастарына осындай жағдай жасап жатқан биліктегі ағаларға алғыс айтамын, — деді жас спортшылардың бірі Ұлту Тілеубек.

Бұған дейін Бәйет ауылдық округіне қарасты Атығай ауылында жолдар жөнделіп, жаңа мектеп салынған. Ал Бәйет ауылында жол инфрақұрылымы жаңартылып, мәдениет үйі ашылды. Сонымен қатар медициналық пункт заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жаңа кешеннің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, спорт кешені ұжымына 1 млн теңгенің сертификатын сыйлады.

  31 отбасы – өз  шаңырағында

Екібастұз қаласындағы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы жаңа тұрғын үйдің ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарға пәтер кілттерін тапсырды. М.Әуезов көшесі, 32 мекен жайындағы тұрғын үйден халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 31 отбасы баспаналы болды. Үйдің құрылысы 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың тамызында аяқталған. Жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты баспанамен қамту мәселесінің маңыздылығын үнемі айтады. Осы бағытта жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз. Соңғы үш жылда өңірімізде мыңдаған пәтер табысталған болатын. Бүгін 31 пәтер кілті өз иесіне берілді. Жыл аяғына дейін тағы 50 отбасы үйлі болады. Бұл — аймақтағы жүйелі жұмыстың
бір көрсеткіші. Осы үй кезегінде 15 жылдан астам тұрған адамдар бар. Осы шыдамдылықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Асайын Қуандықұлы.

Сонымен қатар, алдағы бірнеше жыл ішінде шахтерлер шаһарында тағы бірнеше тұрғын үй салынып, 1700 отбасын баспанамен қамту жоспарланған.

Қыстан тоңбай шыға ма?

Облыс әкімі Екібастұз қаласының жылу-электр орталығының өкілдерімен кездесіп, қысқа дайындық жұмыстарымен танысты. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мен «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаев баяндама жасап, 2026 жылы атқарылған реконструкциялау жұмыстарымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кәсіпорында өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, негізгі жабдықтардың техникалық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, бас корпусты қайта жаңғыртудың I–III кезеңдері толық аяқталған. Жобаның құны 836,5 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, тұз көліндегі каналды қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталып, оған 162 миллион теңге бағытталған.

Қазіргі уақытта кәсіпорында тағы екі ірі жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Соның бірі – биіктігі 180 метр болатын
№3 түтін мұржасын күрделі жөндеу. Жобаның жалпы құны — 1 миллиард 317,7 миллион теңге. Сондай-ақ,
жұмысшыларға арналған жалпы ауданы 2 400 шаршы метрден асатын жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы жалғасуда. Бұл жобаға 2 миллиард 322,9 миллион теңге бөлінген.

– Қазіргі уақытта тоғыз желілік сорғы жұмыс істеп тұр, тағы төртеуі резервте. Жылу желісіне қатысты ауытқулар тіркелген жоқ. Жылу беру маусымы басталғанға дейін кәсіпорын өз қаражаты есебінен жоспарланған жөндеу жұмыстарын жүргізді. №9 қазандық агрегатына күрделі жөндеу, ал №12 және №14 агрегаттарына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар қалған қазандық агрегаттары мен №1 турбогенератор ағымдағы жөндеуден өтті, – деді Айдарбек Қыстаубаев.

Жалпы, қалада жылу беру маусымы 15 қыркүйекте басталды. Бүгінде барлық тұтынушы жылумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 93 әлеуметтік нысан, 710 көппәтерлі және 6 525 жеке тұрғын үй бар. Жекелеген үйлердегі ішкі жылыту жүйелелеріне қатысты мәселелерді басқарушы ұйымдар, ПИК өкілдері мен тұрғын үй инспекциясы бірлесіп шешіп жатыр. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов жауапты қызметтер мен қала басшылығына жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді, Екібастұз ЖЭО жұмысы мен жылу желілерінің жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Т.САХАБА.