Ұлттық мұраның шырақшысы

Қар 26, 2026

Ұлттың рухани қазынасын түгендеп, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға ғұмырын арнаған тұлғалар аз емес. Солардың алдыңғы қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің есімі ерекше аталады.

Биыл халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің туғанына 95 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Павлодар қаласында тағылымы мол көшпелі көрме көпшілік назарына ұсынылды.

«Өз-ағаның жинаған өз мұрасы» деп аталатын аталмыш экспозиция Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылды. Мәдени шараны Қостанай облысына қарасты Арқалық қалалық дала өлкесі тарихы облыстық музейі мен павлодарлық музей бірлесіп ұйымдастырды. Көрме төріне Арқалық музейінің қорында сақталған 95 тарихи жәдігер қойылды.

Музей басшысының орынбасары Батырлан Сағынтаевтың айтуынша, мерейтой аясында көрме экспонаттары еліміздің бірнеше қаласында таныстырылған. Алғашқы көрмелер Түркістан өңірінен бастау алып, кейін Шымкент, Алматы, Астана және Қостанай қалаларында жалғасын тапқан. Павлодардағы шара осы мәдени-танымдық сапардың қорытындысы болмақ.

Экспозициядан Өзбекәлі Жәнібековтің жеке мұрағатына қатысты құжаттарды, әр жылдары түсірілген фотосуреттерді, ұлттық киім үлгілерін және этнографиялық бұйымдарды көруге болады. Олардың арасында қайраткердің өзі музей қорына тапсырған тарихи заттар да бар. Әрбір жәдігер өткен дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертіп, халқымыздың тұрмыс-салты мен мәдениетінің өзіндік ерекшелігін танытады.

Көрмедегі құнды дүниелердің қатарында халық батыры Амангелді Иманов пайдаланған қанжар, суретші Әбілхан Қастеев салған портрет, қазақтың алғашқы фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сахналық киім үлгілерінің эскиздері мен өнерпаздар тұтынған музыкалық аспаптар бар.

Айта кетейік, аталмыш көрме желтоқсан айының 10-на дейін жұмыс істейді.

Айдана БОРАНБАЕВА.