Екібастұзда қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәт алыстап, балалармен бірге серуендеп немесе кешкі концерт тамашалауға болатын орындар көп емес. Дегенмен, «Шахтер» саябағы көпшілік бас қосатын кеңістікке айналып келеді. Кезінде ескі аттракциондар орналасқан аумақ бүгінде заманауи демалыс орны ретінде жаңғыртылуда. Құрылыс жұмыстары әлі жалғасқанымен, саябақтың бір бөлігі тұрғындардың игілігіне беріліп үлгерген.
Жалпы аумағы 28 гектарды құрайтын саябақты қайта жаңғырту – Екібастұз қаласының қоғамдық кеңістігін жаңартуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі. Облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 7,2 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталғанымен, негізгі жұмыстар осы жылдың 20 сәуірінде қолға алынған. Алғашқы екі айдың ішінде саябақ аумағының жартысы пайдалануға берілген. Ал қалған жұмыстарды осы жылдың қараша айының басында аяқтау жоспарланып отыр.
Жоба жетекшісі Дәурен Құсайыновтың айтуынша, басты міндет – бұрыннан қалыптасқан саябақтың табиғи келбетін сақтай отырып, оны заманауи талаптарға сай қайта жабдықтау.
– Саябақтың аумағы үлкен болғандықтан, мұнда келушілердің барлық санатына қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Жобада тек серуендеуге арналған жолдар мен демалыс орындары емес, спортпен айналысуға, мәдени іс-шараларға қатысуға және балалардың уақытын тиімді өткізуге арналған бірнеше аймақ қарастырылды. Сонымен қатар, бұрыннан өсіп тұрған ағаштарды сақтауға ерекше мән бердік, – дейді Дәурен Мұсайұлы.
Шынында да, жаңғырту жұмыстарының ауқымы кең. Саябақта 38 600 шаршы метр аумаққа тас төселіп, жалпы ұзындығы 3,6 шақырым болатын асфальт жол салынған. Жасыл желектердің жайқалып тұруы үшін «Hunter» автоматты суару жүйесі қарастырылған. Оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында әрқайсысының сыйымдылығы 30 текше метр болатын 2 су қоймасы орнатылған.
Жоба барысында инженерлік коммуникацияларды жүргізу де оңайға соқпаған. Әсіресе, автоматты суару жүйесіне қажетті құбырларды бұрыннан өсіп тұрған ағаштар мен жасыл желектерге зақым келтірмей тарту құрылысшылардан үлкен ұқыптылықты талап етті.
– Күрделі жұмыстардың бірі осы болды. Себебі саябақтың қалыптасқан жасыл желегін сақтап қалу біз үшін маңызды еді. Инженерлік желілерді жүргізу кезінде ағаштардың тамыр жүйесіне және айналасындағы өсімдіктерге зиян келтірмеуге тырыстық. Құрылыс алаңында бір мезетте 170-тен астам маман мен 25 арнайы техника жұмыс істеді, – дейді жоба жетекшісі.
Саябақтың жаңа келбеті тек абаттандырумен шектелмейді. Мұнда қала тұрғындарының бас қосып, мәдени демалыс ұйымдастыруына мүмкіндік беретін кеңістіктер де қалыптасқан. Атап айтқанда, Павлодар қаласының Орталық жағалауында орналасқан «Ертіс Променад» сияқты сахна алғашқы кезеңде-ақ пайдалануға беріліп, жаз бойы түрлі концерт пен мәдени шаралардың орталығына айналды. Сонымен қатар, жарықтандырылған жаяу жүргіншілер субұрқағы мен құрғақ субұрқақтар саябақтың сәнін кіргізіп, кешкі серуенге ерекше көрік береді.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін скейтпарк, баскетбол алаңдары мен мұз айдыны қарастырылған. Балаларға арналған ойын аймақтары да бар. Ал қарбалас тірліктен бір сәт алыстап, тыныштықта демалғысы келе-тіндер үшін арнайы орындар жасалған. Жас жұбайлар мен мектеп түлектеріне арналған алаң, саябақ көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін шолу төбесі және ит серуендетуге арналған арнайы аумақ та жобаның мазмұнын толықтыра түскен.
Саябақтың тағы бір ерекшелігі – мұнда шағын кәсіпкерлікті дамытуға да мүмкіндік қарастырылған. Жоба бойынша 5 модульдік коммерциялық ғимарат салынған. Олардың қатарында кофеханалар, стрит-фуд орындары және өзге де қызмет көрсету нысан-дары бар. Бұл орындар кәсіпкерлерге жалға берілмек. Ал келушілердің жайлылығы үшін бастапқыда 3 сани-тарлық модуль жоспарланғанымен, аумақтың үлкендігін ескере отырып, қосымша тағы біреуі енгізілген. Осылайша, саябақта барлығы 4 модульдік санитарлық торап болады.
Көгалдандыру жұмыстары да саябақтың жаңарған бейнесін айқындай түседі. Мұнда жөке, шаған, қайың, шырша, қарағай және терек ағаштары отырғызылған. Жасыл желектер саябақтың табиғи көркін сақтап қана қоймай, келешекте қала тұрғындары үшін саялы демалыс ортасын қалыптастырмақ.
Бүгінде құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, саябақтың ашылған бөліктері тұрғындардың күнделікті өміріне еніп үлгерді. Мұнда отбасылар серуендейді, балалар ойын алаңдарында уақыт өткізеді, жастар спортпен айналысады, ал кешкілік сахна маңы мен субұрқақтар төңірегі қала тұрғындарының бас қосатын орнына айналады. Алдағы уақытта да қала тұрғындары мен қонақтарының қатары көбейе түсері анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.
