Ұлт жадындағы қасірет

Мам 28, 2026

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Құжаттар сыр шертеді» атты көрме ашылды. Көрмеде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жерлестерімізге қатысты музей қорында сақталған құжаттар, фотосуреттер, жеке заттар мен жәдігерлер, сонымен қатар, сталиндік репрессия кезінде елдің болашағы үшін күрескен Алаш зиялыларының еңбектері мен мұралары да қойылған.

Көрме ерекшелігінің бірі – музей суретшілері әзірлеген ГУЛАГ картасы. Онда Кеңес Одағы аумағындағы түзету лагерьлерінің орналасуы көрсе-тілген. Картада өңіріміздегі Екібастұз лагерінен бөлек, Қазақстандағы ең ірі лагерьлердің бірі – АЛЖИР мен КарЛаг туралы мәліметтер берілген. Сондай-ақ, көрмеге Екібастұз барактарының макеттері, қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген азаматтардың суреттері қойылған.

Өлке тарихын ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжанат Әлиева бұл тақырыптың ұзақ уақыт бойы жабық болғанын атап өтті.

– Бұрын бұл мәселе жөнінде көп айтылмайтын. Тек 1990 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталғаннан кейін ғана материалдар жинала бастады. Павлодарлық өлкетанушылар Мария Тереник пен Бекболат Хазыровтың қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестер туралы зерттеулері, мемлекеттік ақтау комиссияларының еңбектері де көрмеге қойылды, – деді ол.

Көрмеде Алашорда қайраткерлеріне, өңірдің саяси және партия қызметкерлеріне, дәрігерлерге, ұстаздарға қатысты жәдігерлер де бар. Солардың қатарында қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінің бұрынғы бас редакторы Аяпберген Әубәкіров, театр негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шанин, композитор әрі әнші Темірболат Арғынбаевтың жеке заттары қойылған. Атап айтқанда, оның домбырасы мен кілемі бар. Сонымен қатар, қуғын-сүргінге ұшыраған тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың музейге 1962 жылы тапсырған қолжазбалары, өмірбаяны, кітаптары мен фотосуреттері де көрмеден орын алған. Бұған қоса, түрлі анықтамалар, ақтау құжаттары мен қайтыс болғаны туралы куәліктер қойылған. Көрмедегі ерекше жәдігердің бірі – бос бесік. Гүлжанат Әлиеваның айтуынша, ол репрессия жылдарында үзілген тағдырлар мен жетім қалған балалардың символын білдірген.

– Әке-шешесінен айырылған бүлдіршіндер мемлекеттік балалар үйіне өткізілді. Оларды «халық жауының балалары» деп атаған. Қанша жақсы оқыса да, оларға жоғары баға берілмеген, пионер мен комсомол қатарына қабылданбаған. КарЛагта көптеген әйелдер кішкентай балаларымен бірге жазасын өтеді. Ауыр жағдай салдарынан көптеген сәби шетінеп кеткен. Сондықтан КарЛагта «Аналар зираты» деген орын бар. Бос бесік – сол қасіретті кезеңнің белгісі, – деді Гүлжанат Әлиева.

1997 жылдан бастап Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ресми түрде аталып өте бастағаннан кейін бұл тақырып кеңінен зерттеліп, архив құжаттары жинақтала бастады. Бүгінде сол материалдар музей қорында сақтаулы. Көрме аясында экскурсиялар мен тақырыптық дәрістер ұйымдастырылып, жастарға арналған түзету лагерьлерінің көріністері де таныстырылмақ. Ұйымдастырушының айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты – жазықсыз жапа шеккен азаматтарды еске алып, өткеннің қасіретін ұмыттырмау. Айта кетейік, көрме келушілер үшін 1 маусымға дейін жұмыс істейді.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.