Қазақ сахарасында табаны құрыш дүлдүл ақындар қаншама? Ақжал тарихтан бері ойды сабақтап, тарих дөңгелегін кері айналдырсақ солардың әр қайсысына тоқталып өтіп, өзіндік қолтаңбасына қанық болып, аты аталмаса да өлеңдерін бірден тани кететініміз хақ. Бұл дегеніміз сөздің, ақынның құдіреті.
Мен білетін авторы белгісіз болса да өлеңін бірден танитын ол — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов. Бүгінгі сөзбұйданы Қасымхан Бегмановтың «Құланиек құба таң» атты 2023 жылы жарық көрген таңдамалы жыр жинағына арнамақпын. Осы таңдамалы жыр жинақтың ішіндегі этнографиялық сарында жазылған өлеңдеріне айрықша тоқталуды жөн санап отырмын.
Томас Джефферсон: «Жақсы жазылған заңнан, жақсы салт-дәстүр артық» деген екен. Қазақ деген халықты айтқанда оның ең әуелгі ерекшелігі салт-дәстүрі, әдет ғұрпы, этнографиясы еске түседі. Осындай ұлттық құндылықтарымен әлемнен өзгеше, бөгенайы бөлек ол — қазақ халқы.
Салт-дәстүр, қазақ этнографиясы сөз болса бірден біз қазақтың өзіндей қарапайым, қазақтың өзіндей қоңыр ақын Қасымхан Бегмановтың өлеңдерін еске түсіреміз. «Құланиек құба таң» кітабына енген мына жырға назар аударайықшы:
«…Сағындым, қалқам, самалы аңқыған қыр таңын,
Жала жабылған шала тарихты жыртамын.
Құрта алмайды ешкім Ата Дәстүрің тұрғанда –
Ер қазағымның намысты, отты ұрпағын!
Тарихи мұра – аманаттары өлген жоқ,
Куә ғой оған тылсымды, түпсіз жер мен көк.
Сұрақтарым да бар еді тағы қоятын,
Ол жақтан әлі бір адам қайтып келген жоқ» — деп,
ата дәстүр тұрғанда бізді ешкім балталай алмайтынын жырлайды.
«Этнографпен әңгіме» кітабында қазақ «Адам-көркі шүберек» деген. Киім-кешектің тарихы қай уақыттан басталады? деген сауалға Жағда ақсақал «Шүберек» атты Қасымхан Бегмановтың өз өлеңін оқуды сұраған екен. Сол өлеңді осы жерде шамамыз келгенше, хал-қадерімізше талдағанды жөн көріп отырмыз. Себебі Қасымхан Бегмановтың салт-дәстүр жайлы жазған өлеңдері бір төбе. Тоқталмай кетуге болмайтын дүние.
«Құланиек құба таң» жыр жинағындағы Қасымхан Бегмановтың «Шүберек» өлеңі –
өмір мен өлім, адамдық болмыс пен уақыт туралы философиялық толғаныс. Ақын қарапайым ғана «шүберек» сөзін терең символдық мәнге айналдырып, адам ғұмырының басталуы мен аяқталуын байланыстырады.
«Тым алыста қалған сол үмiтi едiм солардың,
Адам көркi шүберек, шүберекке орандым.
Бақ пен тақтан сен түгiл патшалар да жеңiлген,
Үш-төрт кездей шүберек әкетерiң өмiрден.» — дейді.
Бұл шумақта ақын адам өмірінің өткіншілігін көрсетеді. «Бақ пен тақтан сен түгіл патшалар да жеңілген» деген жолдар арқылы дүниедегі ең құдіретті адамдардың өзі ажал алдында дәрменсіз екендігі айтылады. Ал «үш-төрт кездей шүберек» деген тіркес кебінді меңзеп, адамның өмірден ештеңе алып кетпейтінін білдіреді. Ақын шүберек образын адамның бүкіл ғұмырымен байланыстыра жырлайды.
«Бар өмiрi адамның шүберекке тәуелдi,
Шүберектен тiгiлген портфелiм де әуелгi.
Неге, неге ұзадым бұлыңғырлау бүгiннен,
Шүберектен алғашқы иткөйлегiм тiгiлген.»
Мұнда нәрестенің алғашқы киімі – иткөйлек пен күнделікті тұрмыстағы заттар арқылы адамның өмір жолы суреттеледі. Шүберек тек тұрмыстық бұйым емес, адам тағдырының символына айналғандай. Өлеңді оқып отырып ойға шомасың, бар ғұмырың көз алдыңнан бір сәтке зымырап өте шығады.
Өлеңнің келесі бөлігінде ақын өлімнің заңдылығын және халықтық дәстүрді еске ала жырлайды.
«…Кетiп жатыр, кетедi үш-төрт кездей сұрыппен,
Қазақ дейтiн ұлы жұрт тастап кеткен ғұрыппен…» —
деп, бұл жолдарда қазақ халқының мәйітті кебінге орап жерлеу дәстүрі көрініс тапқан. Ақын бұл дәстүрді жай ғана салт ретінде емес, өмірдің мәңгілік ақиқаты ретінде қабылдайды.
Өлеңнің шарықтау шегінде негізгі философиялық ой ашылады. «Кетеді адам үш-төрт кез аппақ түсті кебінмен.»- деп, «Аппақ түсті кебін» эпитеті тазалықты, пәктікті білдіретінін меңзейді. Адам өмір бойы түрлі қиындық көрсе де, соңғы сапарға қарапайым ғана ақ кебінмен аттанады. Бұл жерде ақын адамзаттың бәрі ажал алдында тең деген ойды жеткізеді. Шығарманың соңында лирикалық кейіпкер ел-жұртына сырын айтып, қоштасқандай әсер қалдырады.
«Кешіріңдер қайран ел, қардай аппақ арым бар,
Шүберекті көргенде мені де еске алыңдар.» — деп жырлауы ақынның рухани тазалығының белгісі. Ол артында байлық немесе мансап емес, адал аты мен таза арын қалдырғысы келеді.
Біз тоқталған бір ғана «Шүберек» өлеңінде шүберек образы иткөйлек – өмір – кебін ұғымдарын біріктіретін философиялық символ ретінде жырланған. Бұлда ақынның мәңгілік тақырыптарды жырлауы. Ақынның «Шүберек» атты өлеңін толық тыңдап шыққан Жағда Бабалықұлы да оң бағасын беріп, «Шын мәнінде, жақсы өлең екен. Адам өмірінің шын мән-мағынасы жайлы ойлы қазақы өлең екен деп ойын ары қарай сабақтайды.
Мәселен ақынның мына бір өлеңінде дәстүрдің ұмытылып бара жатқаны сөз болады.
«…Жаңа ғасыр бәрін үнсіз жалмады,
Етек жайды түрлі діндер тармағы.
Ғұрыптарым ұмытылып біртіндеп,
Салттарымның кетті азайып салмағы…» Бұл жерде ұлттық ғұрыптардың әлсіреп, халық өміріндегі маңызы кеміп бара жатқанын жырлайды. «Жаңа ғасыр бәрін үнсіз жалмады». Мұнда ғасырдың «жалмауы» арқылы заман ықпалынан көптеген ұлттық құндылықтардың жоғалып бара жатқанын бейнелейді. Өлеңде ақын қазақ халқының салт-дәстүрі, тілі, діні мен ұлттық болмысы өзара тығыз байланысты екенін көрсете келе әсіресе: «Тіл мен ділің, дін мен рух түп-түгел, Жоғалады сақталмаса Дәстүрің» деген жолдар шығарманың негізгі ойын толық ашады. Ақын дәстүрді сақтау – ұлтты сақтау екенін терең жеткізген.
«…Экспонат боп қалмасын Күбің де,
Барлық салмақ түсіп тұр ғой Бүгінге!
Қазағым-ау жойылса егер Дәстүрің,
Жойылады Тіл мен Дінің түбінде…». Ақын салт-дәстүрімізді сақтамасақ болмайтынын айта жырлайды, жойылып бара жатқан ырым-тыйымдарды қозғай жырлайды.
«…Іні ғып мені ерткен еді,
Сырларын бүкпей шерткен еді.
Бесік пен бейіт аралығында,
Салт пенен дәстүр зерттегені.
Ғұламаларым,
Ғұламаларым,
Жауапсыз сұрақ сұрап аларым.
У-шуға толы сұм жалған мынау,
Біледі бір күн тына қаларын.
Ғұламаларым,
Ғұламаларым…» — дейді ақын «Ғұламаларым» өлеңінде. Біз бұдан ақынның салт-дәстүрмен қаншалықты егіз екенін, қазақ деген ұлтын қаншалықты сүйетінін аңғарғандаймыз. Бесік пен бейіт арасындағы адам ғұмырын салт пен дәстүрге ұштастыра жырлау ақынның, оның ішінде қазақтың өзіндей қоңыр ақынның ғана қолынан келері ақиқат.
Ақын Қасымхан Бегманов: «… халқымыздың озық ойлы перзенттерін өзіме ұстаз тұттым. Сондықтан болар қабырғамыз қатпай жатып, күңіреніп өлең жаздық. Қазақ политехникалық институтының студенті кезімде атақты ақындар Жүмекен Нәжімеденовтің рецензиясымен, Өтежан Нұрғалиевтің редакторлығымен алғашқы жыр кітабым жарыққа шықты. Содан бері де арада отыз жеті жыл өте шығыпты. Бүгінгі арманым – туған халқыма қалтқысыз қызмет ету…» — дейді.
Йә, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанына шүбәміз жоқ. Ол халқына өлеңмен де, ұлт руханиятына олжалы істерімен де тоқтаусыз қызмет етіп келеді. Кейбіреуіміз Қасымхан Бегмановты ақын ретінде ғана білетін болуымыз керек. Бізде осы ақындық қырына аз-кем тоқталып отырмыз. Бірақ азаматтық қыры, ұлт руханиятына қосып жатқан үлесі жайлы таңды таңға ұрып айтуға болады. Мәселен «Дәстүр» журналына мұрындық болып шығаруы, «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» томдықтарындағы телегей еңбегі, «Этнографпен әңгіме» кітабында Жағда Бабалықұлымен алынған сұхбаттары қазақ руханиятына қосылған өлшеусіз үлес.
Егер Қасымхан Бегманов болмағанда Жағда дейтін қарияның өмірде болғанын естісекте осындай ұлы тұлғаның мол қазынасын алып қала алмай қайранда қалатын едік. Бұл біздің бетін қалқып айтып отырған бірнеше еңбегі ғана. Кешегі Алаш арысы «Мұстафа Шоқай жолымен» жүріп сол үшін жан беріп, жан алып айқасқан ерлігі бір азаматтың өміріне жүк боларлық дүние. «Құланиек құба таң» кітабындағы «Менің Мұстафам» тарихи монодрамасы өз алдына бір аңыз. Біз ақын Қасымхан Бегманов жайлы ғана ой өрбіткенді жөн санадық. Ақын Қасымхан Бегмановтың «Құланиек құба таң» кітабындағы этнографиялық сарында жазылған бірнеше өлеңіне ғана тоқталдық. Ақынның біз бірнеше өлеңіне тоқталған «Құланиек құба таң» атты
2023 жылы жарық көрген таңдамалы жыр жинағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқаны баршамызға мәлім. Соны жырлармен әдіптелген бұл кітап осы сыйлыққа лайықты деп санаймын. Ұлт дәстүрінің жыршысына айналған ақынның өмірі де, өлеңі де қазақ деген ұлтпен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз.
Нарқұлан РАЙХАН, филология ғылымдарының магистрі.
