Театрлар тоғысқан өнер аламаны

Қаз 1, 2026

Павлодар өңірі алты күн бойы сахна шырайына бөленіп, өнердің әсем тынысын сезінді. Қаланың театр сахналарында еліміздің әр қиырынан келген өнер ұжымдарының таңдаулы қойылымдары шымылдық түріп, көрерменді сан алуан сезім мен ойдың әлеміне жетеледі. Бір сахнада классиканың мәңгілік үні жаңғырса, енді бірінде заманауи режиссураның батыл ізденістері бой көрсетті. Әр қойылым өзімен бірге өзгеше өрнек, бөлек бояу, өзіндік сахналық тыныс алып келді. Осылайша, театр өнерінің талғамы мен тағылымын тоғыстырған «Ертіс-Баян» екінші республикалық театрлар фестивалі Павлодар төрінде жоғары деңгейде өтті.

25-30 қыркүйек аралығында өткен фестиваль биыл қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрдың тұңғыш режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына арналды.

Фестивальдің алғашқы күнінен-ақ Павлодардың театр кеңістігі жанданып сала берді. Өнер майданына еліміздің әр түкпірінен келген шығармашылық ұжымдар өздерінің соңғы жылдары сахналаған таңдаулы қойылымдарын алып келді. Мұнда әр театрдың өзіндік қолтаңбасы, режиссерлік ізденісі мен актерлік мектебі анық байқалды.

Фестиваль аясында «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» атты республикалық ғылыми конференция өтіп, онда Ерсайын Тәпеновтің қазақ театр өнеріне қосқан үлесі, режиссерлік ізденістері мен шығармашылық мұрасы кеңінен сөз болды. Театртанушылар, сыншылар, ғалымдар мен режиссердің туыстары бас қосқан жиында өнер иесінің сахнадағы жолы мен ұлттық театрдың қалыптасуына қосқан еңбегі сараланды. Сондай-ақ, архивтік деректер негізінде жарық көрген «Қырсекциядан Аймауытов театрына дейін» атты тарихи зерттеу кітабының тұсауы кесілді. Бұл еңбек Павлодар театрының қалыптасу тарихын зерделеуге мүмкіндік беріп, сахна өнерінің өткені мен бүгіні арасындағы сабақтастықты айқындай түсті.

Фестиваль бағдарламасына енген қойылымдар да жанрлық әрі тақырыптық тұрғыдан алуан түрлі болды. Павлодар сахналарында Чеховтың драматургиялық әлемі, Шекспирдің мәңгілік тақырыптары, қазақ әдебиетінің классикалық туындылары мен заманауи режиссерлік ізденістер қатар көрінді.

Мәселен, Ақтөбеден келген Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры фестиваль сахнасына жаңашыл режиссер Әлібек Өмірбекұлының «Турандот» қойылымын алып келді. Классикалық шығармаға өзіндік көзқараспен келген режиссер туындының түпкі идеясын сақтай отырып, оның сахналық құрылымын өзгеше шешкен.

«Турандот» қойылымының сахналық әлемі алғашқы сәттен-ақ көрермен назарын өзіне аударды. Оқиға бір қалыпты желімен өрбімей, бірінен кейін бірі ауысқан ондаған сахна арқылы дамып отырды. Жарықтың құбылуы, түстердің үйлесімі, сахна кеңістігінің бөлінуі, бутафориялық шешімдер қойылымның көркемдік тұтастығын арттырды.

Сахнаның үш қабыр-
ғасының шыны тере-зелермен қапталуы да қойылымның өзіндік ерекшелігін айқындады. Кейіпкерлер сахна төріндегі қос есіктен кіріп-шығып, оқиғаның бір кеңістіктен екінші кеңістікке ауысуын сездірді. Ал бірнеше қабатқа бөлінген перде арқылы режиссер «қойылым ішіндегі қойылым» тәсілін қолданды.

Алдыңғы кеңістікте бетперде киген кейіпкерлер оқиғаны баяндаушы шағын адамдар бейнесінде көрінсе, ортаңғы сахна Қытай империясының айбарын танытты. Ал ең түкпірдегі перде тірілер мен о дүниенің арасындағы шекараны елестетті. Дүниеден өткен кейіпкерлердің сол терезе сыртынан көрерменге көз салуы қойылымның философиялық салмағын тереңдете түсті.

Бетперделі кейіпкерлер бірде халықтың үнін жеткізсе, бірде баяндаушы рөлін атқарып, енді бірде басты кейіпкерлердің бейнесіне енді. Осылайша спектакльдегі уақыт пен кеңістік шекарасы жойылып, көрермен оқиғаның ішіне біртіндеп еніп отырды.

Қатал әрі жұмбақ Турандоттың болмысы да біржақты көрсетілмеді. Оның әрекетінің астарындағы себептер, ішкі қайшылықтар мен адамдық болмысы арқылы кейіпкердің басқа қырлары ашылды. Калаф пен өзге де кейіпкерлердің мінезі мен мақсаты оқиға желісі барысында біртіндеп айқындала түсті.

Қойылымдағы актерлер ансамблі де назар аударды. Бір-бірінің қимылын, тынысын, сахнадағы ішкі ырғағын дәл сезінген актерлердің өзара үйлесімі спектакльдің әсерін күшейтті. Әсіресе, бетперделі кейіп-керлердің бірнеше бейнеге қатар енуі актерлік шеберлік пен шығар-машылық ізденісті талап етті.

Фестивальдің қалған күндері де театрсүйер қауым үшін мазмұнды өтті. Павлодар облыстық А.Чехов атындағы драма театры «Дядя Ваня» қойылымын ұсынса, Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры «ІС №20/25» спектаклімен сахнаға шықты. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Шекспирдің «Гамлетін» ұсынды. Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Шекпен» қойылымын көрсетсе, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Шолпанның күнәсін» сахналады. Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры «Шынарым менің, шырайлым менің» қойылымымен көрермен ықыласына бөленді.

Фестиваль бағдарламасында Шекспирдің «Макбеті» мен «Ромео мен Джульеттасы», Асанәлі Әшімов театрының «Томирисі», Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «ТОЙ» қойылымы да болды.

Осылайша, Павлодар төрінде алты күн бойы түрлі театр мектептері мен режиссерлік бағыттар тоғысты. Бір сахнада классика сөйлесе, енді бірінде заманауи театрдың ізденісі көрінді. Бір қойылымда актерлік шеберлік алдыңғы орынға шықса, енді бірінде сахнография мен режиссерлік шешім ерекше әсер қалдырды.

Фестивальдің қорытындысында кәсіби қазылар алқасы театр ұжымдарының шығармашылық жұмыстарын бағалап, бірқатар аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. «Бас жүлде», Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесі, «Үздік ансамбль», «Үздік режиссура» – Ерсайын Тәпенов атындағы жүлде, ер және әйел адам бейнелері, екінші пландағы ер және әйел адам бейнелері, сондай-ақ «Үздік сценография» аталымдары бойынша үздіктер марапатталды.

Фестивальдің шығармашылық деңгейіне кәсіби қазылар алқасы да оң бағасын берді. Қазылар алқасының төрағасы, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, өнертану ғылымының кандидаты Еркін Жуасбек қазіргі қазақ театрындағы фестивальдік үдерістің жандана түскенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде театр фестивальдерінің қатары көбейіп, шығармашылық ұжымдардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік артқан. Мұндай өнер додаларының басты нәтижесі де – сахнаға шыққан сапалы спектакль мен талантты актерлердің еңбегін айқындау

— «Ертіс-Баян» фестивалі  жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Біз қазылар алқасы ретінде әр қойылымға театр сыншысы тұрғысынан жан-жақты қарауға тырыстық. Спектакльдердің артықшылығы мен кемшілігін саралап, режиссерлік шешіміне, актерлік шеберлігіне, сахналық ізденісіне мән бердік. Бастысы, әр қойылымға әділ бағамызды беруге ұмтылдық. Тағы бір назар аударарлық мәселе – бүгінгі қазақ драматургиясы. Қоғамда «қазақтың заманауи драматургиясы жоқ» деген пікір ара-тұра айтылып жатады. Алайда осы фестиваль барысында бірнеше театр ұжымы бұл пікірдің негізсіз екенін көрсетті. Сахнадағы тың ізденістер мен жаңа қойылымдар қазақ театрының заманауи драматургиямен бірге дамып келе жатқанын аңғартты, — дейді Е.Жуасбек.

Айдана БОРАНБАЕВА.