«Ұлы көштің ұлағаттары»

Қаз 1, 2026

Май ауданында Ұлы көштің басталғанына 35 жыл толуына орай «Ұлы көштің ұлағатары» атты мерекелік шара өтті. Оған ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Атажұртқа оралған аудан тұрғындарымен қатар, көшіп келушілерді қабылдап алған азаматтар да қатысты.

Іс-шараның шымылдығын аудан әкімі Қадылжан Сәтиев ашып, елге келген қандастардың ауданға сіңірген еңбегі жайлы айтты. Сонымен қатар, тарихи Отанына оралып, табысты еңбек етіп жүрген азаматтарды аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.

– Алғашқы көшпен келген отбасылар ауданымыздың ажырамас бір бөлігіне айналды. Бүгінде олардың ұрпақтары білім, ғылым, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет және басқа да салаларда табысты еңбек етуде. Бұл – Ұлы көштің ең үлкен нәтижесі. Қандастарымыздың елге оралуы ұлттың тұтастығын, тілін, салт-дәстүрін және рухани құндылықтарын қайта жаңғыртты. Бүгінгі жиынның мақсаты – алғашқы тарихи көшті еске алып, сол көшті бастап келген аға буынға құрмет көрсету, – деді Қадылжан Сәтиев.

Марапат алған қонақтардың қатарында зейнеткер Сәдуақас Көбешұлы,  аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің статисі Мұғыраж Қызыр, айтыскер ақын, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Ерлан Аманқожа, жеке кәсіпкер Сайрхан Қалидолда, аудандық білім беру бөлімінің экономисі Жанарбек Қуат сынды ауданның белсенді әрі іскер азаматтары бар.

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ-нің  Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Зауыттың сөзінше, Павлодар облысына алғашқа көш басталғаннан кейін Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Түркіменстан, Қытай және басқа да елдерден 42 мыңнан астам адам көшіп келіпті. Осы жылдары филиал тарапынан 3 мәрте көші-қон жұмысы ұйымдастырылғанын да атап өту керек. Мәселен, 1998 жылы 30 отбасының 218 адамы, 2010 жылы 152 отбасының 1220 адамы, ал 2019 жылы 13 отбасының 84 адамы сол ұйымдасқан көш арқылы келген. Яғни, бүкіл жол шығынын ұйымдастырушы тарап көтерген. Облысқа көшіп келген қандастарымыздың өтініштері бойынша қала аумағынан, яғни, Павлодар ауылынан
110, Кенжекөл ауылынан 10, Жетекші ауылынан 62 сотық жер телімі берілді.

– Жалпы, шеттен келген қандастар үшін Ертіс-Баян өңірі — киелі мекен, құтты қоныс болды деп айта аламын. Олай дейтінім, аймағымызда ірі өндіріс орындары көп. Бұл жағдай қоныстанушыларды жұмыспен қамтуға мол мүмкіндік берді. 1991 жылы еліміздегі қазақтардың үлесі 40 пайызға жетер-жетпес болса, қазір 70 пайыздан асты. Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақстанға 1,2 миллионнан астам қазақ қосылып, олардың өсімі 2,8-3 миллиондай болды деген бейресми дерек бар. Біздің облыс квоталық өңірлер қатарына кіреді. Әр жылдар әр түрлі себептерге байланысты өңірлік  квотаға кірмей қалғандар да кездеседі. Олар мемлекетке қол жайып отырмай, «Екі қолға бір күрек» деп өндірісте, кәсіпкерлікте, білім мен мәдениет салаларында табысты еңбек етіп, ел дамуына өздерінің қомақты үлестерін қосып келеді, — деді Болат Зауытұлы.

Биылғы Ұлы көштің  35 жылдығына аталған тарихи оқиғаны еске алу мақсатында облыс көлемінде көптеген тағылымды іс-шаралар өткізілуде. Соның аясында Атажұртқа алғаш болып көш басын бұрған азаматтар мен зиялы қауым өкілдеріне құрмет көрсетіліп келеді.

Тілеуберді САХАБА,

Май ауданы.