Биыл шетелдегі қандастардың тарихи Отанына орала бастағанына — 35 жыл. Осы уақыт ішінде әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған талай қазақ баласы Атамекеніне қоныс аударып, елдің экономикалық және демографиялық өсіміне, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына өз үлесін қосты. Қандастардың елге оралуына үлес қосқан және олардың құжаттанып, азаматтық алуы жолында еңбек сіңіргендердің еңбегі зор. Солардың бірі – көші-қон саласының ардагері, ақын, жазушы Мұхит Жақсылықұлы. Қаламгердің биылғы 70 жас мерейтойына орай көші-қон саласында атқарған қызметі мен шығармашылық жолы жайлы әңгімелескен едік.
— Мұхит аға, биылғы мерей-тойыңыз құтты болсын! Зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылыққа ден қойып, өмірде көрген-білгендеріңіз бен басыңыздан өткен оқиғаларды естелік ретінде бөлісіп келесіз. Әлеуметтік желі қолданушылары да жазбаларыңызды қызығу-шылықпен оқиды. Осы орайда, ақындық пен жазушылыққа алғаш қадам басуыңыз және шығармашылық жолыңыздың қалыптасуы туралы айтып берсеңіз.
— Рақмет. Иә, зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылықпен тиянақты айналыса бастағаным рас. Бірақ менің әдебиетке құмарлығым сонау бала кезімнен басталған еді. Есімде, әкей 1963 жылы сол кездегі Кеңестік Қазақстанға Моңғолия делегациясының құрамында келіп, айдан астам уақыт жүріп қайтқан болатын. Ол кісі сол кездегі Қазақстанның мемлекет қайраткерлері Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, Ә.Кәкімжанов сияқты азамат-тармен кездесіп, сұхбаттасқанын үнемі айтып отыратын. Әкей сол сапарында Қазақстанның «Достық қоғамы» деп аталатын ұйыммен іскерлік байланыс орнатып келіпті. Сонан көп жылдар бойы Қазақстаннан үнемі әртүрлі әдеби кітаптар келіп тұратын болды. Сол кітаптарды 1964 жылы бірінші сыныпқа барып хат тани салысымен қызықтап оқитын болдым. Әлі есімде, «Мұңлық–Зарлық» деген кішкентай қызыл кітапты басынан аяғына дейін жаттап алып, атамның арқасын басып бергенде заулатып айтып тұратынмын. Ол дастан:
Ақыннан сөз табылар,
Жауар бұлттай торласа.
Қисық ағаш түзелер,
Тезге салып морласа..., — деп кете беретін еді. Керекулік жерлес ақынымыз Иса Байзақовтың: «Ақбөпе» поэмасын да жаттап алып, айтып жүретінмін. Поэманың:
Аруды Ақбөпені ел жырлайды, Бес кепе, бес арналы көл жырлайды. Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің, Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, — деп басталатыны әлі есімде. Тағы да жерлес ақындардан Дихан Әбілов атамыздың «Шолпан» поэмасын жатқа айтатынмын. Ал Мұзафар Әлімбаев ағамыздың «Жүрек лүпілі» атты кішкентай кітабындағы өлеңдерді түгелдей жаттап алған болатынмын. Менің өлең жаза бастауыма әкемнің әсері болды, себебі әкей өзі де өлең жазатын еді. Атажұртқа көшіп келгеннен кейін «Ұшқан ұядан — ұлттық ұяға дейін» және «Ұрпағыма» атты екі кітабы жарық көрді. Бесінші сыныпта оқып жүргенімде алғашқы жазған өлеңсымақтарымды әкей түзетіп, кейбір жолдарын өзі жазып қанаттандырып отыратын. «Нұр көктем» деп аталатын өлеңім алғаш аймақтық (облыс) «Жаңа өмір» газетіне жарияланды. Осыдан кейін өз басым қазақ тілі мен әдебиеті сабағынан басқа пәндерді оқымайтын болдым. Арманым Алматыға барып, қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі болу еді. Бірақ орта мектепті бітірген жылы Алматыдан бөліс келмеді. Мектепті үздік бітірген алдыңғы ондықтың ішіне енгендіктен мүлдем басқа салаға кетті. Құрылыстың газ және жылу инженері мамандығы бойынша Ресейдің қазіргі Екатеринбург қаласындағы Урал федералдық университетіне оқуға түстім. Бірақ өлең жазуымды жалғастыра бердім. Төртінші курстан бастап кейбір орыс тілінде жазған өлеңдерім мектебімізде шығатын «За индустральные кадры» деген газетке басылып тұрды. Мәселен:
Я на крылях любви,
Полечу над землей.
Я на крылях любви,
Облечу шар земной.
Немесе: «Дружба» деген өлеңімдегі:
Наша дружба закалялась как сталь,
Наша дружба будущее магистраль.
Наша дружба испытанная в боях,
Будет крепнуть и растит на веках, — деген жолдары есімде қалыпты.
– Бүгінгі таңға дейін қанша кітабыңыз шықты және алда-
ғы шығармашылық жоспа-
рыңыз қалай?
– Оқу бітіргеннен кейін Моң-
ғолияның астанасы Ұлан-батыр қаласында мамандығым бойынша он жылдай қызмет атқардым. Дәл осы жылдары өлең жазуға қолым да тимеді, зауқым да соқпады. Себебі, күндіз-түні инженерлік нақты есептеу жұмыстарымен айналыстым. Осы кезде мемлекетке 13 млн төгрөгтің (моңғол ұлттық валютасы) пайдасын әкелген отыздай ұтымды пікір, жаңалықтың авторы болдым. Расын айтсам, қызмет пен мансаптың соңынан кеткен сияқтымын. Қазір ойлап отырсам, оқу бітіргеннен кейінгі айналасы он жылға жетпейтін уақытта (екі жыл партия мектебінде оқыдым) қатардағы құрылыс шеберінен Ұлан-батыр қаласының Құрылыс-экономика бөлімінің бастығы, Құрылыс бірлестігінің бас директоры қызметіне дейін жетіппін. Содан кейінгі лауазым – Моңғолияның Құрылыс министрінің бірінші орынбасары еді. Бірақ, ол тағайындауды күтпей Қазақстанға көшіп кеттім. Оған өкінбеймін, қайта осында келіп, өз тамырымды қайта таптым. Бастысы, бала күннен армандаған жазушы болсам деген арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Кезінде «Баянтау», «Сарыарқа самалы», «Ертіс дидары» газеттерінде істеген Шәкірат Шалбаев, Сүлеймен Баязитов, Мұхит Омаров, Арман Қани сияқты ағаларымның қолдауының арқасында жазған мақалаларым мен өлеңдерім аудандық, облыстық газеттерде жиі жарияланып тұрды. Ал Қадыр Мырза-Әлі, Мұхтар Мағауин ағаларымның қолдауымен өлеңдерім «Жұлдыз» журналында жарияланды. Павлодар облысының әкімдігінің қолдауымен 2001 және 2005 жылдары шыққан «Ата жұрт — алтын бесігім», «Теңізге тамған тамшылар» атты жинақтарға көптеген шығармаларым енді. 2014 жылы «Дария дәурен», 2020 жылы «Қашқан қазақ», 2025 жылы «Құрылыс көшбасшысы» кітаптарым жарық көрді. Алла қаласа, жуықта өзімнің мерейтойыма орай «Бұлғыным –
бақыт мекенім», «Ескірмейтін есте-ліктер» кітаптарымның тұсаукесері өтпек. Алдағы жоспарыма қысқаша тоқталар болсам, Моңғолия қазақ-тарынан шыққан екінші генерал Жекей Қалидолдаұлы туралы «Жекей генералдың өзгеше өмірі» және «Ата жұрттағы алғашқы жылдар» атты кітаптарымды баспаға дайындап жатқан жайым бар.
– Сіз әсіресе жастық шақ естеліктерін көп жазасыз. Бұлғында өткен балалық шағыңызды сағынатын
сияқтысыз…
– Иә, сұрағың орынды. Жастық шағы қандай жағдайда, қалай өтсе де, есейе келгенде адамдардың барлығы балалық шағын сағынады ғой. Мүмкін менде де сондай сағыныш бар шығар. Жастау кезіңде мән бере бермейсің ғой. Жасың ұлғая келе арт жағыңа қарап, өткен өміріңді ой елегінен өткізетінің — заңды құбылыс. Менің «Бұлғында өткен балалық» дастаным да осындай толғаныстан туған шығар деп ойлаймын. Жалпы, ауылда туып, қалалық болған әрбір пенденің жүрегінде ауылға деген мәңгілік сағыныш жатады ғой. 1972 жылы туған ауылымнан сегізінші сыныпты бітіріп, аймақ орталығына кеткен жеткіншек кезімді, кейін Ресейдің Иркутск, Свердловск қалаларында өткен студенттік шағымды, ал Моңғолияның астанасында есею жылдарымды ұмытпаймын. Ал одан кейін Баянауылға келіп, киелі өлкенің әсем табиғатында қой соңында өткізген әр күнім сол ауылға деген сағынышымның өтеуіндей сезіліп жүрді.
– Биыл шеттегі этникалық қазақтардың Атажұртқа көше бастағанына — 35 жыл. Көш туралы әңгіме бастамас бұрын, қазақтың тарыдай шашылып, тарам-тарам болып бөліну тарихына тоқталсаңыз. Көбі 30-жылдардағы аштықпен байланыстырғысы келеді. Сіз не деп жауап бересіз?
– Әрине, көшіп келген қазақтар туралы әртүрлі әңгіме айтылады. Бірақ «Қазақ» атты теңіздің бөлшектенуі жиырмасыншы ғасыр-дағы зұлмат саясаттан бұрынырақ басталғанын тарих беттерінен көреміз. Қазақтың ауыз әдебиетінде 1722 жылдары «Керейдің Сыр бойында жүргені анық» десе, кейбір тарихи жазбаларда 1727 жылы жоңғарлар талқандалғаннан кейін Абақ Керейлер Өр Алтай, Сауырға барып қоныстана бастағандығы айтылады. Ал жоңғар жорығында Абылай ханның оң тізесінен орын алған Абақ Керейдің батыры Ер Жәнібек жасы ұлғайғандықтан 1783 жылы билерімен кеңес құрып, «Төресіз — ел, төбесіз жер болмайды» деп Әбілфайыз төреге елші жібертіп, Абылайдың немересі Көгедайды қалап алдыртып, 1785 жылы хан көтергені айтылады. Осылайша 1861 жылға дейін Алтайдың екі бетін қоныстанған қазақ бір-бірінен бөлініп кетпегенін көреміз. Тек 1861 жылы Мәнжу-Қытай мен ақ патшалық Ресей империясы бір қазақты сыртынан екіге бөліп алған Шәуешек келісімінен кейін ғана қазақ халқы екі елдің боданына айналып, бөлініп қалған еді. Осылайша екі империяның қазақ жерін бөліп алу саясаты аяқталғандай болды. Алайда 20-ғасырда осы екі елде жүргізілген түрлі саяси науқанның кесірінен және өздерінің құрамындағы ұлт-ұлыстарға жасалған зұлмат салдарынан ең көп зардап шеккен қазақ халқы болды. Қазақ торғайдай тозып, әлемнің қырықтай еліне тарыдай шашылды. Соның бір тобы – Моңғолиядағы қазақтар. Керей қазақтарының моңғол бетіне өтуіне Қытайда болған «Қызыл аяқтар» жорығы, «Сары ноқта» лаңы сияқты жойқын соғыстар мен толқулар себеп болған дейді. Сондықтан көшіп кеткен қазақтарды тек 30-жылдардағы аштықпен байланыстыру дұрыс емес деп ойлаймын.
– Тарихқа көз жүгіртсек, Моңғолияда тұратын қазақ-тардың алды Тәуелсіздік алмас бұрын елге орала бастаған екен. Осы тәуекелді қадамның басында кімдер болды?
– 1990 жылы Моңғолияда демо-кратиялық қозғалыстың нәтижесінде елді 70 жылдай басқарып келген МХРП тағынан түсіп, елде саяси үлкен өзгерістер басталғаны белгілі. Жаңа құрылған үкімет ел экономикасын жаңа нарықтық басқару жүйесіне көшіруді басты мақсат етіп қойған болатын. Осы өтпелі кезеңде елде жұмыссыздық белең алып, одан шығудың тың жаңа жолдары іздестіріле бастады. Осыны ұтымды пайдаланған Сағат Заханқызы бастаған моңғолиялық қазақтар Кеңестік Қазақстанның биліктегі ұлтжанды азаматтарымен «Еңбек келісім шартын» жасап, жұмыссыз қазақтарды Қазақстанның ауылдық жерлеріне 5 жылдық мерзімге әкелуге уағдаласқан еді. Осылайша қазақ көші Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан тоғыз ай бұрын басталған еді. Нақты дерекпен айтар болсам, 1991 жылы 21 наурызда алғашқы көшіп келушілер Талдықорғанға ат басын тіреген болатын. Ал менің еншіме Павлодар облысына алғаш көшіп келген 165 отбасын (Қуан Тайшабарұлы, Қабылбай Қарқымбайұлымен бірге) бастап көшіріп әкелу бұйырды десем болады. Иә, «Атамекенге аман жеттік» деп айтуға оңай болғанымен, сол атажұртыңда «Қазақ» деген қара шаңырақтың бір уығы болып шаншылып, «ҚАЗАҚСТАН» атты алып ғимараттың бір кірпіші болып қалану бірден мүмкін болмады. Сен үшін жаңа орта болған атамекеніңде бәрін жаңадан бастап, өз орныңды тауып, бола-шаққа бет түзеген ұлы көштен қалмай, аяғыңды көппен бірге тең басып, тік жүріп кету оңай болған жоқ. Міне, содан бері де отыз бес жыл болыпты. Ал біздің Жақсылық әулеті осы мерзімде Қазақстанның Атырау мен Жамбыл облысынан басқа барлық облыстарымен құда-құдандалы болып үлгеріппіз. Қолымдағы келінім де, күйеу балаларым да — жергілікті жер-
дің тумалары. Қазір немере-жиендерімді аймалап, солардың қызығын көріп отырған жайым бар. Мұнан артық бақыт
бола ма?!
– Қазақстанға қоныс аудар-ғанқандастардың азаматтық алу мәселесі қалай шешілді? Осы жауапты жұмыстың басы-қасында жүріп, қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Жалпы, көші-қонмен 1991 жылы көшіп келгеннен бері айналыстым. Ал ресми түрде 2001 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққанша істедім. Азаматтық мәселесі әр елдің «Азаматтық туралы» Заңының аясында шешілетін күрделі іс болғандықтан, Қазақстанға көшіп кеткен қазақтарды азаматтығынан шығаруға Моңғол үкіметі асыға қойған жоқ. Тек еңбек шартымыздың мерзімі біткен 1996 жылы ғана Моңғолиядан арнайы комиссия келіп, қазақ еліне келген өз азаматтарымен жолығып, пікірлерін сұрап, сол елдің азаматтығынан шығатындығы жөніндегі өтініштерін қабылдады. Сол өтініштері қанағаттанды-рылып, Моңғолия азаматтығынан шыққан ағайындарды Қазақстан азаматтығына қабылдау басталды. Бірақ, оны жергілікті жерлерде жүзеге асыру ісі тығырыққа тірелді. Себебі моңғол тіліндегі құжаттарды қойып, қазақшаға шорқақ жергілікті жерлердегі полиция қызметкерлері бұл жұмысты алып кете алмады. Ақыры осы жұмысқа қазақша, моңғолша, орысша білетін маман керек болған соң ондағылар мені лайық деп тауыпты. Мені Баянауылдан шақыртып алып, ішкі істер департаменті төлқұжат бөлімінің бастығы, полковник Нұрлан Ағжанов деген кісімен жолықтырды. Содан кейін жұмысқа кірістім. Облысымызға Моңғолиядан қоныс аударып келген он екі мыңнан астам ағайынның құжатын моңғол тілінен қазақ-орыс тілдеріне аударып, рәсімдеу, он сегіз жасқа толған әр азаматқа жеке-жеке анкета толтыру сияқты жұмысты жалғыз атқаруыма тура келді. Аудан, ауылдарды аралап, ағайындарға түсіндірме жұмысын жүргіздік. Кейбір ағайындар екі қолын жүрегіне қойып, Қазақстан азаматтығын алуға қуана келіссе, қайсыбірі бастарында баспана, қолдарында жұмыс жоқтығын көлденең тартып, Моңғолияға қайта жеткізуді талап етті. Кейбіреулерінің қолдарындағы құжаттары тозған, жазулары өшкен немесе жыртылған, енді біреулері зейнеткерлікке ерте шығамын деп құжаттарындағы туған жылдарын қолдан жасап, өзгертіп тастаған. Енді біреулерінің төлқұжатындағы аты-жөні, туған жылы мен ай-күні неке куәліктерімен сәйкес келмейді. Мұндайды күтпеген жергілікті жерлердегі полиция қызметкерлеріне бұл жұмыс ауыр тиді. Мұның бәрін айтып түсіндірумен қатар, Алматыдағы Моңғолия елшілігімен байланыс жасап, құжаттары жоғалғандарды құжаттандыру, туған жылын өзгерткен азаматтарға Моңғолияның орталық мұрағатынан анықтама алу сияқты қыруар жұмыс атқарылды.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әлеуметтік қиындықтарға тап болған қандастар кей жерлерде наразылық шерулерін де ұйым-дастырған екен. Сол кезеңде көші-қон саласының қызметкері ретінде қандай қадамға бардыңыздар? Есіңізде ерекше сақталған оқиғалар туралы айтып берсеңіз…
– Біз Қазақстанға Кеңес Одағы ыдырап, ел тәуелсіздік алған, экономикалық қиындықтар күшейген өтпелі кезеңде оралдық. Жұмыссыздық белең алып, айлап жалақы берілмей, азық-түлік пен күнделікті қажеттіліктердің бағасы шарықтаған шақта жергілікті халықтың өзі қиындық көрді. Ал жаңадан көшіп келген, азаматтық алмаған қандастардың жағдайы тіпті ауыр болды. Олардың тұрмыс-тіршілігі күрт төмендеді. Жекешелендіру бастал-
ғанда олар Қазақстан азамат-тығын алмағандықтан, көбінің қолындағы бағып отырған мал-мүлкін жергілікті тұрғындар бөліп алысты. Қыстақтарын басқалар жекешелендіріп алды. Кейбірі тарихи отандарына көшкен орыс-немістерден қал-
ған баспаналарды паналады. Жұмыссыздық салдарынан кейбір қандастар қоқыс теріп, темір жинап күнелтсе, жастардың бір бөлігі қылмысқа ұрынды. Тұрмыс тауқыметіне шыдамағандар арасында психологиялық күйзе-ліске түскендер де болды. Облыстық көші-қон полициясында істеп жүрген кезім. Бірде қандастар мәселесін түсіру мақсатында «КТК» телеарнасының тілшілерімен бірге Майқайыңға келдік. Келсек, әкімдік алды қара шоғыр халық. Бастапқыда біздің келетінімізді естіп, азаматтыққа құжат тапсырғалы жүрген шығар деген ой келді. Кейбіреуінің қолынан плакат көріп, ешнәрсенің байыбына бармаған біз екінші қабатқа көтерілдік. Әкімнің кабинетінің іші толы қандастар. КТК телеарнасының тілшісі бізді қоя салып, соларды түсіріп жайына кетті. Содан әкімі: «Мұқа, келгеніңіз жақсы болды. Мына ағайындар үш күннен бері кабинетімнен шықпай отырып алды. Олар балалар жәрдемақысын, «Майқайыңалтын» кәсіпорнының төлемеген еңбек- ақыларын өндіртіп беру сияқты талаптар қойып отыр. Жағдайды айтып түсіндірсем де көнетін түрлері жоқ. Сіз жағдайды түсіндіріп, кабинетімді босатып беріңізші» — деді. Ақыры келген жұмысымыз жайында қалып, күні бойы ағайындармен болып, кеш бата әкімнің кабинетін босатып, үйге қайтуға тура келді. Тағы да мынадай жағдай болған еді. 2001 жылы Павлодар қаласына көшіп келіп, Көші-қон басқармасында оралмандарды бейімдеу орталығының меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезім болатын. Май ауданынан бір топ әйел «Астанаға жаяу барып, аштық жариялаймыз» деп жолға шығыпты деген хабар келді. Басқарма бастығы Идият Бекболатұлы Әбдіхалықовпен бірге Май ауданының орталығы Көктөбе ауылына келдік. Әкімдік алдында топтасқан адамдардың ішінен бұрынғы басшысын көргендер: «Сіз кеткен соң мыналар бізді құртты, өзіңіз қайтып келіңізші» деп айғайлап жатқандар болды. Абдырап отырған әкімнің сөзінен ұққанымыз, айлық-жалақы, балалар жәрдемақысының берілмеуіне ашынған әйелдер Астанаға жаяу барамыз десіп, жолға шығуға ауылдың шетіне жиналып жатқан көрінеді. Оларды бастап жүрген оралман келіншек екен деді. Бастық өзі әкімдік алдында жиналып тұрған көпшілікпен сөйлесіп, оларды тоқтататынын, ал бізге ана әйелді ақылға көндіруді тапсырды. Ол келіншектің күйеуін Ұлан-батырда құрылыс тресінде экскаваторшы болып істейтін кезінен танитынмын. Амантай Әлхан маған: «Таныстығыңды пайдаланып, қалайда топтан ана келіншекті бөліп әкетейік» деді. Мен машинадан түсіп, келіншекті шақырып: «Алыстан шаршап келе жатырмын, үйіңе барып, бір кесе шай ішейін» дедім. Осылайша наразы топқа ақыл-кеңесімізді беріп, тоқтатқан едік.
– Қандастарды азамат-тыққа қабылдау мәселесімен ұзақ жылдар айналысқан маман ретінде бүгінгі көші-
қон саясатына қандай баға бересіз? Әсіресе, этникалық қазақтарға қазақ тілінен тест тапсыру талабына қатысты пікіріңіз қандай?
– Иә, алғаш қарқынды басталған көш аяғы саябырсығаны рас. Менің зейнеткерлікке шыққаныма алты жылдың жүзі болды. Білген кісіге Қазақстан Республикасы жыл бойы этникалық қазақтар үшін есігін айқара ашып қойды. Жасырары жоқ, мұны өздерінше пайдаланған қушыкештер де болды. Біздің жақтан азаматтыққа қабылданды деген шешім бармай тұрып сол елдің азаматтығынан шығып қалып, күні бүгінге дейін не анда, не мұнда жоқ жүргендер бар. Мен қызмет істеп жүрген кезде Иран, Ауғанстан елдерінен келгендердің ұлтын анықтау қиынға түскен болатын. Әлі есімде, Ираннан келген бір отбасында жалғыз ұлы орысша біледі. Басқалары не қазақша, не орысша білмегендіктен, оралман (қандас) мәртебесін беру өте қиынға түскен болатын. Осының бәрі жиналып келіп, бүгінгі алмағайып заманда үш министрліктің біріккен бұйрығын шығаруға әкелген шығар деген ойдамын. Сондықтан Қазақстан үкіметі ең әуелі осы өткен отыз бес жылдағы көші-қонға талдау жасап, енді Қазақстанға қазақ керек пе, жоқ па деген сұраққа жауап табу керек. Керек десе, қанша қазақ қайда керек дегенді анықтау дұрыс. Жарайды, қазір солтүстік-шығыстағы жеті облысты анықтады дедік. Бірақ мына заманда бір кездегі тың игерген сияқты желдің өтіне, жердің шетіне ешкімнің барғысы келмейді. Ол жерлерге халықты тұрақтандырам десе, арнайы бағдарлама керек. Оған мемлекет тарапынан қаржы аямай бөліну керек. Қазіргі атқарылып жатқан істің бәрі шала, не жасап жатқандарын сол іспен айналысып жүрген қызметкерлер өздері түсінбейді. Ал қазақша тест тапсыру мәселесіне келсек, қазақ тілін білетін этникалық қазақтарға басқаша болу керек деп ойлаймын. Мүмкін бұйрыққа «этникалық қазақтан басқа» деген бір ауыз сөйлем енгізу керек шығар. Жуықта маған осы қазақша тест тапсыру жөніндегі Ережені қолдап, телеарнадан сұхбат беру жөнінде ұсыныс түсті. Мен әуелі Ереже қандай заңға сәйкес дайындалғанын білмек болып, бірнеше заңды қарап шықтым. Қандас мәртебесі және тұрақты тұруға рұқсат алу кезіндегі пилоттық жобада көрсетілген тестілеу ешбір заңнамада көрсетілмеген. Мәселен: «Халық-
-тың көші-қоны туралы» ҚР Заңында: «Қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ» деп көрсетілген. Ал жуықта қабылданған ҚР Конституция-сының 9-1-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жазылғанымен, Ата Заңның ешбір бабында ҚР өз азаматтарына мемлекеттік тілді білуді міндеттемеген. Өз азаматтарына міндеттелмеген дүниені шетелден келген, туғанынан қазақша сөйлеп келе жатқан этникалық қазақтан талап ету қаншалықты заңды деген сұрақ туындайды. Егер көрермендердің біреуі маған: «Мемлекеттік тілді білу қай заңда міндеттеліпті?» деген сұрақ қойса, не деп жауап беремін деп сұхбаттан бас тарттым.
– Әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
