Павлодар облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Жандарбек Қабдраштың айтуынша, жастармен жүргізілетін жұмыстың негізгі мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру. Осы мақсатта 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында орталық «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында 76 іс-шара өткізіп, 3 899 адамды қамтыған.
– Жастармен құқықтық сауаттылық, киберқауіпсіздік, тәуелділіктің алдын алу, отбасылық құндылықтар тақырыптарында кездесулер мен диалог алаңдары ұйымдастырылды. «Нашақорлыққа жол жоқ! Күшіміз бірлікте!» облыстық антинаркотикалық форумы, «Face to Face: Заң & Жастар» диалог алаңы, «Әділет жолы» профилактикалық экскурсиялары секілді жобалар жастардың құқықтық білімін арттыруға бағытталды. Бұл жұмыста
«Заң және тәртіп» идеологиясының 7 амбассадоры белсенділік танытып келеді. Олар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық мәдениет, қауіпсіздік және жауапты азаматтық ұстаным мәселелерін қатарластарына қолжетімді тілде жеткізуде, – дейді Жандарбек Қабдраш.
Нұржайна Шодыр.
