1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Павлодар қаласында ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Мерекенің негізгі шарасы Конституция алаңында ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Асайын Байханов, қала әкімі Хасар Хабылбеков және мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары қатысты.
Мерекелік бағдарлама әсем этномәдени шерумен бастау алды. Шеруге қатысқан түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, өздерінің бай мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен таныстырды. Әрбір киімнің өрнегі, әрбір әуен мен қимыл этностың тарихы мен рухани болмысының көрінісіндей әсер қалдырды. Бұл көрініс көпұлтты Қазақстандағы бейбітшілік пен өзара сыйластықтың, татулық пен келісімнің жарқын үлгісіне айналды.
Мерекелік көңіл-күй сахна төріндегі әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Әр этнос өкілдері ән мен биден шашу шашып, ұлттық өнердің сан қырын паш етті. Кеш барысында елімізге танымал «Made in KZ» тобы мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шырқалған әуезді әндер мен мың бұралған билер көпшіліктің көңілін көтеріп, көрермен сүйікті әндерге қосылып, алаңды нағыз думанға айналдырды.
Конституция алаңының аумағында мазмұнды көрмелер мен танымдық алаңдар ұйымдастырылды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қолөнер бұйымдарын ұсынды. Көздің жауын алатын зергерлік әшекейлер, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен тұрмыстық заттар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жергілікті шеберлердің туындылары ұлттық өнердің өміршеңдігін айқындап, ұрпақтар сабақтастығын паш етті. Облыс әкімі Асайын Байханов көрмелерді аралап, ұлттық өнерді насихаттап жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
Сонымен қатар, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған кітап көрмесі де көпшілік назарынан тыс қалмады. Онда ақынның қара сөздері мен сирек кездесетін басылымдары ұсынылып, келушілерге рухани азық сыйлады. Бұл тағылымды шара ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақты әдеби мұраға құрметпен қарауға үндеді. Ұлттық ойындар алаңында асық ату, тоғызқұмалақ секілді дәстүрлі ойындар ұйымдастырылып, балалар мен ересектерді бірдей қызықтырды. Қатысушылар өзара бақ сынап, ептілік пен шапшаңдықтарын көрсетті. Одан бөлек, балалар техникалық мектебі «Ақылды қала» тақырыбында макеттер көрмесін ұсынып, жас өнертапқыштардың тың идеялары мен заманауи ойлау қабілетін көпшілікке паш етті. Бұл алаң дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесім тапқан ерекше кеңістігіне айналды.
Айта кету керек, мерекелік іс-шаралар тек орталық алаңмен шектелмей, қаланың Орталық мәдениет және демалыс саябағында, кітапханаларда және қалаға қарасты елді мекендерде де кең көлемде өтті. Кешкі уақытта Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында «Бір досың керек екен» комедиясы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, А.Чехов атындағы драма театрының сахнасында «Двое на качелях» қойылымы қойылып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Сусанна АРАКЕЛЯН, облыстық армян «Айреник» этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
– Біз үшін Бірлік күні – ерекше мәнге ие мереке. Бұл күн әртүрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айқын көрсетеді. Менің ойымша, мұндай мерекелер ұлттар арасындағы достықты нығайтып, жастарға зор тәрбие береді. Біз өз кезегімізде ұлттық құндылықтарды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге әрдайым күш саламыз. Себебі, мәдени әртүрлілік – біздің байлығымыз, ал бірлік – үлкен жетістігіміз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
