Павлодар қаласында еліміз бойынша машина жасау және қорғаныс өнеркәсібі саласында қызмет атқарып келе жатқан DQB Group (Damu Quat Birlik) компаниясы бар. Бұл өндіріс ошағы жол талғамайтын техника, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, оптикалық электрондық өнімдер, атыс қаруы мен оқ-дәрілер өндіру бойынша әлемнің жетекші өндірушілерінің ресми дилері болып табылады.
Кәсіпорынның өндірістік кешені Павлодар қаласында орналасқан. Жалпы аумағы 4,2 гектарды құрайды. Оның ішінде 12 мың шаршы метр өндірістік қоймалық және кеңсе ғимараттары, заманауи инженерлік институттар құрылымымен толық жабдықталған. Компания барлық қажетті рұқсат құжаттарына ие. Соның ішінде қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрілерді әзірлеу, өндіру-өңдеу, сатып алу және өткізуге арналған лицензиялар бар. Кәсіпорында жүзден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Компания жұмыстарының жаңадан жандануына байланысты мұндағы құрастырылатын техника жабдықтарының
30 пайызы — отандық өнім. Қалған қажеттіліктер сырт елден алынады. Алдағы уақытта үздіксіз жұмыстың нәтижесінде толықтай өз құралдарымызды қолданатын боламыз, дейді компания басшылығы.
2025 жылдан бастап компания мемлекеттік органдарға, мұнай-газ секторына және жеке клиенттерге арналған арнайы көлік қондырғыларын өндіріп бастаған, дейді DQB Group компаниясының бас директоры Ержан Әуезов.
— 2025 жылдың қараша айында Оңтүстіккореялық «Preneu» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылды. Қазіргі таңда компания халықаралық ірі серіктестермен бірлесіп, еліміз үшін бірегей өндірістік жобаларды жүзеге асыруда. Жалпы инвестиция көлемі 8 млрд теңгеден асады. DQB Group-тың негізгі миссиясы — Қазақстанның қорғаныс өнеркәсіптік әлеуетін дамыту. Стратегиялық мақсат —
2032 жылға қарай әлемдік әскери өнеркәсіптік кешендегі топ 100 компания қатарына ену, — дейді ол.
Бұған қоса, компания арнайы құтқару техникаларын өндіруді басты назарға алған. Соның бірі —
қызметтік иттерді тасымалдауға арналған тіркеме. Аталған тіркеме толықтай жануарлардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Ішкі құрылымында, желдету жүйесі және жануарлардың жеке дене бітіміне сай бөлімдер жасалған.
DQB Group компаниясының құтқару қызметкерлерінің қызметін барынша жеделдету мақсатында Toyota Hilux өрт сөндіру машиналары құрастырылған. Бұл техниканы ірі өрт сөндіру техникалары кіре алмайтын аймақтарда қолдануға ықшамды етіп жасаған. Арнайы машиналар су резервуарларымен және гидранттармен жабдықталған. ТЖМ үшін жасалған үлгілер шағын өрт ошақтарын жылдам оқшаулап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Компания батпақта жүретін арнайы техника мен аэроқайықтар жасауға ерекше назар аударған. Бұл техникалар тегіс табаны және ауа жастығы жүйесімен ерекшеленеді. Аталған мүмкіндік оларды батпақты жерлерде немесе су тасқыны кезінде пайдалануға тиімді етеді.
— Қазіргі таңда аэроқайықтар Қазақстанның бірнеше өңіріне жеткізіліп, ТЖМ-ның су базаларында қызмет атқарып жатыр. Олар әсіресе қыс және көктем мезгілінде, су тасқыны кезеңінде таптырмас құрал саналады. Аэроқайықтар Астана қаласы, Ақтөбе облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау, Жезқазған және басқа да өңірлерге жеткізілуде. Техника артқы қозғалтқыш пен әуе винті арқылы қозғалып, ауа жастығы үстінде жүруге мүмкіндік береді. Компания тәжірибесінде мотобагги үлгілерін құрастыру да бар. Олар «Нева» мотоблогына ұқсас, яғни жеңіл әрі жүруге ыңғайлы. Сонымен қатар мобильді өрт сөндіруге арналған қосымша құралдар да дайындалады: су шашатын құралдар, су тасымалдайтын жылжымалы су бөшкелері, — дейді компания басшысының орынбасары Ержан Бекболат.
Кәсіпорын студенттермен жұмыс жасауда ерекше белсенділік танытуда. Қазір мұнда Ақпараттық технологиялар колледжінің
4 студенті дуалды оқу жүйесі арқылы біліктіліктерін арттыруда. Олар қазірдің өзінде өз мүмкіншіліктерін көрсетіп, білім ордасын қуантуда. Талантты жастардың бірі — 2025 жылғы «WorldSkills» атты республикалық чемпионатында робототехникадан өңіріміздің алғашқы жүлдегері, колледждің 2-курс студенті Бейбіт Паруаз.
— Бала кезімнен робототехникаға деген қызығушылығым ерекше болатын. Кейін колледждің ішіндегі осы бағыттағы байқауларға белсенді қатысып жүрдім. Қазір DQB Group компаниясында жұмыс істеймін. Мұнда келгелі өз мамандығым бойынша ғана емес, жалпы өнеркәсіп саласындағы біршама жаңа дүниелерді үйрендім. Республикалық жарыстарға қатысуға мүмкіндік туып, жаңа тәжірибе жинақтадым, —
дейді ол.
Студенттердің біліктіліктерін арттыру мақсатында робототехника бағытында әртүрлі тапсырмалар мен кездесулерге жіберуде. Астана қаласындағы компания серіктестерімен өткен кездесу дәл осы дронды жинақтау, бағдарламалау тақырыптарына арналған. Жас мамандардың айтуынша, олардың бұл салада жүрген кореялық профессорлармен кездесуі ерекше тәжірибе болған. Қазіргі таңда бұл студенттер мектеп оқушыларын мамандыққа қызығушылықтарын ояту мақсатында көлемі кішкентай дрондар құрастырып, оны кеңінен насихаттауда.
Сара ӘБДОЛ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
