Ерлік пен еңбек иесі

Мам 7, 2026

Сұрапыл соғыс жылдары талай тағдырдың тезінен өткізіп, адамзатты ауыр сынаққа салды. Сол кезеңнің от-жалынынан өтіп, кейін бейбіт еңбекте де өзін таныта білген жандардың бірі – Сергей Выжутович. Майдан даласына аттанған жас жауынгер Отан қорғау жолында табандылық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Қан кешкен күндер, оқ пен оттың ортасында өткен сәттер оның жігерін жанып, рухын шыңдай түсті. Ол үшін ел мен жердің амандығы бәрінен биік болды.

Сергей Николаевич 1926 жылдың 20 шілдесінде Ресей елінің Новосібір облысында дүниеге келді. 1940 жылы отбасы мүшелерімен бірге Қазақстанға, Талдықорған өңіріне көшіп келеді. Осында қант зауытында жұмыс істейді. 1944 жылы Алматы қаласында 3 айлық әскери дайындықтан өтеді. Оқуын аяқтаған соң Екінші Беларусь майданына аттанып, жауға қарсы шайқастарға қатысады. Брест қаласына дейін жаяу жетіп, Жеңіс күнін Германияның Росток қаласында қарсы алады.

– Бізді пойызбен Брестке дейін алып барды. Сол жерде түсіріп, әрі қарай жасырын түрде, тек түнгі уақытта Польша жерімен жылжыдық. Бұл наурыз бен сәуір айлары болатын. Соғыс әлі аяқталмаған еді. Түнде жүріп, күндіз орман ішінде жасырынып отырдық. Кейін толықтыру бөліміне келгенде мені атақты 44-гвардиялық дивизияның 133-гвардиялық атқыштар полкіне қабылдады, – деп еске алады Сергей Выжутович.

Соғыс аяқталғаннан кейін де ол әскери қызметін жалғастырды. 1946 жылдан бастап Украинадағы Чертков қаласында авиациялық мектепте білім алды. 1948 жылы Балтық әскери округінде қызметін жалғастырып, 339-шабуылдаушы әуе дивизиясының 6-гвардиялық шабуылдаушы әуе полкінде радиомеханик болып еңбек етті.

1951 жылы әскерден босап, Павлодар қаласына келеді. Алғашында «Октябрь»
зауытында бір жыл жұмыс істейді. Кейін Павлодарда КСРО әскери-әуе күштері үшін ұшқыштарды бастапқы даярлайтын жазғы мектеп ашылады. Сергей Николаевич сол мектепке ұшақ жабдықтарының механигі ретінде мерзімінен бұрын қызметке шақырылады. Ол келісімін беріп, бұл қызметті 4 жыл атқарады. Мұнда курсанттарды оқытып, оларды әрі қарай училищеге түсуге дайындайды. 1956 жылдың соңына дейін осы мектепте адал еңбек етеді. Табандылығының арқасында авиация саласындағы қызметін құрылыс жұмысына ауыстырады.

Ардагердің ерлігі елеусіз қалмады. Ол II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Бейбіт кезеңдегі еңбегі де жоғары бағаланып, құры-
лыс саласының үздігі атағына ие болды.

Айдана БОРАНБАЕВА.