Бүгінгі таңда кәсіп ашамын дегендер үшін елімізде барлық жағдай қарастырылған. Тек оны игеріп әкететін айқын мақсатыңыз бен талабыңыз керек. Біздің өңірде де осындай мемлекеттік қолдауларға ие болып, береке көзін тапқан кәсіпкерлер баршылық. Бұған Өңірлік коммуникациялар қызметі мен «Damu» қорының Павлодар облысы бойынша филиалы ұйымдастырған баспасөз туры аясында тағы бір мәрте куә болдық.

Кәсіпкерлер нені білуі тиіс?

Өткен аптада «Даму» кәсіп-керлікті дамыту қорымен қаладағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралаған едік. Мұндағы мақсат мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысу еді. Жалпы, аталған қор «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидия-лау және кепілдік беру бойынша көмек көрсетеді.

«Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы директоры Игорь Одинокийдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе шағын кәсібін дамытуға ынталы азаматтар үшін мемлекеттен көмек алу – қиын шаруа емес. Қор қызметі де тікелей осы бағытты қамтиды. Яғни, микро, шағын және орта бизнесті қолдау. Сондай-ақ, несиелерді субсидиялаумен қатар ішінара кепілдік береді.

– Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап алты бағытты қамтитын «Бірыңғай кешенді бағдарлама» күшіне енді. Аталмыш бағдарлама аясында «Микро және шағын бизнесті қолдау» бағыты бойынша кәсіпкерлер несие сомасы 20 млн теңгеге дейінгі жобаларға субсидиялар мен кепілдіктер ала алады. Бұл ретте сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық Банкінің 7 пайыздық тармаққа ұлғайтылған базалық ставкасынан аспауы керек, оның 8 пайызын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Ал елді мекендерде, соның ішінде моно және шағын қалаларда, ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылатын жобалар үшін кәсіпкер 7 пайыз төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Кепілдік сомасы 85 пайызды құрайды, – деді И.Одинокий.

Сонымен қатар, филиал директоры «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау» бағыты бойынша кәсіпкерлер несие сомасы 3 миллиардқа дейінгі жобаларға субсидия ала алатынын айтты. Бұл ретте, сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыздық тармаққа ұлғайтылған ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінен аспауы керек. Мұнда өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар үшін алғашқы 3 жылда 8 пайызды кәсіпкер төлеп, айырмашылықты мемлекет субсидиялайды.

– «Шағын, орта және ірі кәсіпкерлікті қолдау» бағыты аясында кәсіпкерлер несие сомасы 15 миллиардқа дейінгі жобаларға субсидия ала алады. Сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыздық тармаққа ұлғайтылған ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінен аспауы керек. Сондай-ақ, кәсіпкерлер кепілдік мерзімі несие беру мерзімінен аспайтын 3,5 млрд теңгеге дейінгі несиелер бойынша 50 пайызға дейін кепілдік ала алады. «Моно және шағын қалалар, ауылдық елді мекендер» бағыты аясында кәсіпкерлер несие сомасы 1,5 миллиардқа дейінгі жобаларға салалық шектеусіз субсидиялар ала алады. Бұл ретте сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыздық тармаққа ұлғайтылған ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінен аспауы тиіс. Мұнда өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар үшін 7 пайызын кәсіпкер төлесе, айырмашылықты мемлекет субсидиялайды. Субсидиялау мерзімі 3 жылды құрайды. Кепілдік сомасы жаңадан бастаушылар үшін 360 млн теңгеге дейінгі несиелер үшін 85 пайызға дейін, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін 1,5 млрд теңгеге дейінгі несиелер бойынша кепілдік сомасы 50 пайызды құрайды, – деп толықтырды ол.

Бұдан бөлек, «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері» бағыты аясында кәсіпкерлер несие сомасы 1,5 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға салалық шектеусіз субсидиялар ала алады. Сондай-ақ, «Қор биржасы шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары» бағыты аясында кәсіпкерлерге бір эмитентке 5 млрд теңгеге дейінгі жобалар бойынша купондық мөлшерлеменің бір бөлігіне субсидия беріледі.

– «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы», «Бірыңғай кешенді бағдарлама» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2024 жылдың бірінші тоқсанында жалпы несие сомасы 28,3 млрд теңгені құрайтын 140 жаңа жобаны субсидиялау туралы келісімге қол қойылды. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында несиенің жалпы сомасы 4,8 млрд теңгеге 47 кепілдікке қол қойылып, кепілдіктер сомасы 2,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде «Даму-Оптима» бағдарламасы бойынша несиенің жалпы сомасы 296 млн теңгеге 4 кепілдік қолдау тапты. Кепілдік сомасы 127,2 млн теңге шамасында, – деді И.Одинокий.

Айта кетейік, қазіргі таңда қордағы барлық бизнес-процестерді жүргізу толық автоматтандырылған. Кәсіпкерлер онлайн режимде «Egov» және «Online Damu» порталдары арқылы өтінім бере алады. Субсидиялау және кепілдік беру шарттарына қол қою «Documentolog.kz» платформасы арқылы онлайн режимінде жүзеге асырылады.

Кәсіпорындар кеңейе түсті

Мемлекеттің қолдауына ие болған компаниялардың қатарына «КазПрофБезопасность» ЖШС бар. Жұмыс киімдерін өндіруші аталмыш компания Қазақстан нарығында 20 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда бірнеше цех қайта жабдықталып, 50-ден астам тігінші түрлі кәсіпорындардың қызметкерлеріне жұмыс киімдерін тігуде. Кәсіпорын басшысы Данияр Алпысбаев бүгінгі тігін цехын кезінде Павлодар қаласының іргесіндегі шағын үй-жайды жалдап, тігіншілікпен айналысатын 10 маманнан баста-ғанын айтты.

– Бүгінде біз Павлодар облысының ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарымен жұмыс істейміз, Астана және Батыс Қазақстан компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуларға жеткізуші компания ретінде қатысамыз. Соңғы жылдары жұмысымызда оң өзгерістер болып, цех толық қуатында жұмыс істей бастады. Мемлекеттік қолдау арқылы қомақты несиеге қол жеткіздік. Атап айтсақ, біз «Даму» қоры арқылы 2020 жылы банктік несиелер бойынша субсидияланған пайыздық мөлшерлемелерді пайдаланып, айналым қаражатын толықтырдық. Өткен жылы қордан бірден 108 миллион теңгеге кепілдік алдық. Осының нәтижесінде өніміміздің өзіндік құны айтарлықтай төмендеп, Ресей, Қырғызстан және Қытай өндірушілерімен бәсекеге түсе аламыз. Алпауыт кәсіпорындардан ауқымды тапсырыстар түссе де барлығын уақтылы әрі сапалы орындауға мүмкіндік бар. Тігін цехы алғашқыда тек арнайы жұмыс киімдерін тігетін, қазір аяқ-киім, каска, барлық қорғаныс құрал-дарына тапсырыс қабылдаймыз, – деді Д.Алпысбаев.

Айта кетейік, «КазПрофБезопасность» ЖШС 2002 жылы құрылған. Бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорын арнайы жұмыс киімі мен аяқ киім, сондай-ақ, жеке қорғаныс құралдары нарығында аймақта көшбасшы болып табылады. Тігін цехында өнімдерді дайындау процесі заманауи жабдықта жүзеге асырылады. Барлық дайын өнімдер белгі-ленген сапа стандарттарына сәйкес «СТ-KZ» сертификатымен ресімделген.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шеңберінде облыс орталығындағы «КазСтройТорг» ЖК де – қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Кәсіпорын директоры Виталий Зинченконың айтуынша, бірнеше жылдан бері бетон бұйымдарын шығаратын компаниясы да «Даму» қорының қолдауына ие болып, өз кәсібін кеңейте түсуге мүмкіндік алды. Мемлекеттік бағдарламалар арқасында компания өзінің алғашқы жабдықтарын, сондай-ақ, біраз уақытқа жалға алуға тура келген өндірістік үй-жайларды сатып алды.

– Бүгінде маусымда 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Біз тротуар, темір-бетон бұйымдарын және тағы басқа құрылыс материалдарын шығарамыз. Өткен жылы тек кеспе тас өндірісі шамамен 20 мың шаршы метрді құрады. Биыл тапсырыстың арқасында өндірісті кеңейту үшін жаңа үй-жайлар сатып алып жатырмыз. Барлық өнімдерді сатудың өз маусымдық уақыты бар. Құрылыс материалдарына сұраныс артатын маусым – наурыздан қарашаға дейінгі аралық. Қыс айларында төмен температурада өндірілетін өнімді монтаждауға жол берілмейді. Сондықтан қыста өнім өндіру жылытылатын үй-жайларда жалғасады және келесі маусымға дейін қоймада жинақталады, – деді кәсіпорын басшысы.

Аталмыш кәсіпорын 2015 жылы ашылып, 2017 жылы тротуар плиталарын, қоршау панельдерін, кірпіштер мен құрылыс блоктарын шығарумен айналыса бастады. Ал, 2022 жылы кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында өнеркәсіптік базаны, шанышқы және фронталды тиегіш техникаларын сатып алды. Кредит сомасы
16 пайыздық мөлшерлемемен 73,5 млн теңгені құрады. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ, 2022 жылдың желтоқсанында кәсіпкер өзінің айналым қаражатын толықтырып, мемлекеттік субсидияларды да пайдаланды.

Жеке кәсіп ашып, еңбек еткеннің нәтижесі болатыны анық. Ал шынайы қолдауды қажет ететін кәсіпті «Даму» қоры демейді. Жыл басынан бері Павлодар облысында 187 бизнес-жобаның бастамашылары қор қолдауына ие болды.

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек