Қазір кез келген сауда орнында кір сабынның түр-түрі самсап тұр. Таяуда сол сөрелерден жергілікті өнім де орын алуы әбден мүмкін. Ақтоғайлық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаражатқа кір сабын өндірісін қолға алды. Бүгінде жуғыш заттың алғашқы легін дайындап үлгерді.

Ақтоғай ауданының тұрғыны Егемен Бақыт – өңірдегі жас кәсіпкерлердің бірі. Ол мемлекеттің қаржылай қолдауы нәтижесінде бір емес, екі бірдей кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бастаған шағын бизнесі де нәтижелі.

– Мен бұған дейін Павлодар, Екібастұз, Өскемен қалаларында бес жыл көлемінде тәрбиеші болып еңбек еттім. Үйдің кенжесі болғандықтан, ауылға оралып, ата-анама қолғабыс жасауым керек болды. Бірақ Ақтоғайға келген уақытта жалдамалы жұмысқа орналасқым келмеді. Сондықтан жеке істі бастаудың тиімді тетіктерін қарастырды. Сөйтіп, 2021 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 500 мың теңге көлемінде грант алдым. Бұл қаражатқа ет сату дүкенін аштым. Бұл кәсіпкерлік саласындағы жолымның алғашқы қадамы болды, – дейді «Адал ет» жеке кәсіпкерлігінің басшысы.

Жас кәсіпкер сауда ісімен тоқтап қалған жоқ. Кәсіп аясын одан әрі кеңейту үшін тағы бір бизнес-жоба ойластырды. Ол құрылыс материалын, атап айтқанда термиялық панельдерді дайындауды ойластырды. Бұл бағытқа қатысты бизнес-жоба әзірлеп, осыдан екі жыл бұрын 5 млн теңгеге дейін берілетін мемлекеттік гранттар конкурсында бағын сынап көрді. Алайда бұл жолы жобасы комиссия өкілдерінің тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Егемен оған да мойымады. Былтыр кір сабын өндірісін бастамақ болып, тағы да қайтарымсыз қаржы үлестіретін конкурсқа қатысуға өтініш берді. Қуантарлығы, аталмыш жоба ауданда баламасы жоқ, нарықта сұранысқа ие өндіріс ретінде есептеліп, грант иегері атанды.

– Өткен жылғы конкурсқа қатысар кезде тыңғылықты дайындалдық. Арнайы курстан өтіп, бизнес-жоспарды толыққанды жаздық. Кір сабын шығарудың қыр-сырын да меңгеріп алдық. Бұған дейін біздің ауданда мұндай өндіріс болмаған еді. Сол себепті болар, тың жоба ретінде есептеліп, мемлекеттің қаржылай көмегіне иек артатын болды. Жалпы, конкурсқа қатысуға қабылданған 130 өтініштің қатарында тек 18 жоба оң мақұлданды. Солардың қатарынан табылғанымызға қуаныштымыз, – дейді жас кәсіпкер.

Осылайша, ол 2,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алды. Бизнес-жоспарда дәл осы сома көрсетілген болатын. Бұл қаражатқа кір сабын дайындауға қажет құрал-жабдықтар сатып алды. Ерекше атап өтерлігі, ақтоғайлық кәсіпкердің ісі – қалдықсыз өндіріс.

– Жоғарыда ет сатумен айналысатынымды да айттым. Сол кезде көп май артық қалып жатады. Біз оны кәдеге жаратуды жөн деп шештік. Сондықтан кір сабынның негізгі шикізаты ретінде тоң майды пайдаланамыз. Ал каустикалық соданы Алматыдан тапсырыспен алдыртамыз. Жуғыш зат осы екі шикізаттан алынады, – дейді Егемен Бақыт.

Атап айтқанда, алдымен тоң майды турап, еріту керек. Ол біраз уақыт алады. Ол толығымен еріген соң оған қалдық май мен каустикалық сода құйылады. Бұл ерітінді қалыпта бір күн тұруы тиіс. Кейін оны арнайы құралдан өткізіп, 100-300 грамм аралығындағы дайын өнімді алады. Тұрмыстық тауардың пайыздық көрсеткіші де әр түрлі. Мұнда 65, 69, 72 пайыздық кір сабындар шығарылады. Шағын цех бір аптада 3 мың дана сабын алуға қауқарлы.

– Біздің өнімнің бағасы төмен әрі қолдан жасалған отандық тауар. Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін арнайы ілмегі де қарастырылған. Сондықтан аудан, облыс тұтынушылары тарапынан сұраныс болады деген ойдамыз. Қазірдің өзінде жергілікті дүкендер жуғыш затты сатып алуға әзір. Таяу уақытта тиісті сертификат алған соң өнімді толығымен саудаға қоя аламыз, – дейді ол.

Айтуынша, сабынның салмағы мен пайыздық құрылымына қарай босату бағасы 100-200 теңге аралығында болады. Осымен екінші рет мемлекеттік грант алып отырған кәсіпкер бұл бизнестің де табысты боларынан үмітті.

– Бүгінгі таңда елімізде жеке кәсібін бастауға ниетті азаматтарға мол мүмкіндік қарастырылған. Оның кілтін таба білсең болғаны. Осы орайда бизнес жүргізуге ынталы азаматтарға айтарым – ештеңеден қорықпай, тәуекел ете біліңіздер. Нарықта сұранысқа ие өнімді өндіруге қатысты жақсы бизнес-жоспар болса, тиімді тетіктерді кеңінен пайдалануға болады, – деп түйіндеді сөзін.

Айта кетейік, біздің облыста Ақтоғай ауданынан бөлек, облыс орталығында, Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылында және Баянауыл ауданында да кір сабын шығарылады. Күнделікті тұрмыста қажет осындай тауарды дайындауға жергілікті кәсіпкерлердің көңіл бөліп, білек сыбана кірісуі – қуантарлық жайт.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.