Бүгінгі таңда кейбір блогерлер әлеуметтік желіде түрлі лотереялық ұтыс ойынын ұйымдастырып жатады. Оған қатысып, жеңімпаз атану үшін ақша аударатын желі қолданушылары да бар. Бірақ мұндай әрекет заңға қайшы.

 

Таяуда Туризм және спорт министрлігі ғаламтор арқылы заңсыз лотереялық ойын өткізген павлодарлық блогердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Осы және де өзге құқық бұзушылықтар әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу нәтижесінде анықталған. Алданып қалған тұрғындардың бір бөлігі аталмыш ведомствоға шағым түсірген.

– Құқық қорғау органдары өкілдерімен бірген тұрақты түрде интернет-кеңістікті мониторингтен өткізу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде өзінің Instagram парақшасында ұтыс ойынын ұйымдастырған павлодарлық блогердің әрекеті анықталып, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, – деп хабарлайды министрлік өкілдері.

Сол сияқты тағы бес блогердің әрекетіне байланысты материалдар сотқа жолданды. Тағы 35 оқиғаға қатысты хаттамалар әзірленуде.

Айта кетейік, «Лотерея және лотереялық іс» туралы заңға сәйкес, лотерея операторы немесе оның агенті ретінде тіркелмеген тұлғаларға мұндай ойынды ұйымдастырып, өткізуге тыйым салынған.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.