Қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Қар 20, 2026

Осы жылдың алғашқы он айында облыста құқық бұзушылық деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,6 пайызға төмендеген. Дегенмен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Есепті кезеңде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені және мас күйде жүргені үшін 9 003 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтың 4 656 дерегі анықталған.

Облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, алдын алу шаралары мемлекеттік органдармен, білім беру мекемелерімен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүргізіледі. Әсіресе, профилактикалық есепте тұрған азаматтар мен әлеуметтік жағдайы күрделі отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді.

— Құқық бұзушылықтың алдын алуда алкогольдік ішімдіктерге байланысты заңсыз әрекеттермен күрес маңызды орын алады. Учаскелік инспекторлар есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жеріне барып, әсіресе кешкі уақытта бақылау жүргізеді. Мәселен, он айда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға байланысты 9 003 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттар тәуелді азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы 321 өтінішхатты қанағаттандырды. Ал алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзғаны үшін 440 кәсіпкерлік субъектісі жауапқа тартылды. Полиция мен жергілікті органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде 51 елді мекенде кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан. Сондай-ақ, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтарды бақылау үшін
50 электронды құрылғы қолданысқа енгізілді. Биыл тағы 50 құрылғы сатып алу жоспарланып отыр, — деді А.Күркебаев.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу да басты назарда. Есепті кезеңде облыста 4 656 құқық бұзушылық анықталып, жәбірленушілерді қорғау үшін
3 674 қорғау нұсқамасы шыға-рылды. Одан бөлек, балалар қауіпсіздігі мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында облыстағы 362 мектепте ай сайын «Құқықтық білімнің бірыңғай күндері» өткізіледі. Әр білім беру ұйымына профилактикалық жұмыс жүргізетін полиция қызметкер-лері бекітілген. Нәтижесінде  1 459 ата-ана балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін,2 737 адам кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргені үшін және 58 кәсіпкерлік субъектісі жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында ата-анасыз жүргеніне жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.