«Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік. Енді бұл жұмысты одан әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет».
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның
өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Бүгінде жоғары оқу орындарының алдында тек білікті маман даярлау емес, ғылым мен өндірісті ұштастырып, жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу міндеті тұр. Осы бағытта Торайғыров университеті білім беру бағдарламаларын жаңартып, жасанды интеллект, цифрландыру және ғылыми зерттеулерді дамытуға басымдық беріп келеді. Университет бастамалары өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, болашақ мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Ауыл шаруашылығы цифрлануда
Торайғыров университетінің ауыл шаруашылық ғылымдар факультетінде де аграрлық саланы цифрландыру, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыру және заманауи мамандар даярлау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Университет ғалымдары мен студенттері шаруашылықтармен бірлесіп, су ресурстарын тиімді пайдалану, өсімдік шаруашы-лығындағы шығындарды азайту, малдың ет және сүт өнімділігін арттыру мәселелерін зерттеуде.
Факультеттің академиялық қызмет және цифрландыру жөнін-дегі декан орынбасары Айгерім Бейсенбайдың айтуынша, мұнда 750 білім алушы бар. Бакалавриат бойынша 9 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Ал 2027 жылы «Агрономия және агроэкологиялық инженерия» атты жаңа бағдар-ламаны енгізу жоспарланған.
Білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізуге де басымдық берілген. Университет оқытушылары ChatGPT Edu платформасын пайдалану мүмкіндігіне ие болған. Алдағы уақытта жасанды интеллект құралдарын бейіндік пәндерде қолдану көзделіп отыр. Бұл болашақ мамандарға өнімділіктің төмендеу себептерін анықтап, шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоғары оқу орнында агрохимиялық зертхана ашу жұмыстары қолға алынған. Мұнда топырақтың құнарлылығы кешенді бағаланып, құрамындағы жылжымалы фосфор, алмаспалы калий, қарашірік пен нитратты азот мөлшері зерттеледі. Бұл тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға, топырақ құнарлылығын сақтауға және дақыл өнімділігін арттыруға жол ашады. Зертхана студенттер мен жас ғалымдардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастырып, өңір шаруашылықтарына ғылыми қолдау көрсетуге де бағытталған. Бұдан бөлек, факультет ғалымдары бидай, жүгері мен күнбағыс өсіру, малдың селекциялық қасиеттерін жетілдіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында зерттеулер жүргізуде.
Жаңа технология – жаңа маман
Ал Энергетика факультеті аймақтың өндірістік әлеуетін ескере отырып, энергетика, автоматтандыру және жаңартылатын энергия көздері бағытында білікті мамандар даярлауда. Білім беру бағдарламалары да саланың жаңа талаптарына сай жаңартылып келеді.
Факультет деканы Олжас Тәліповтің айтуынша, факультеттің тарихы университеттің құрылу кезеңінен бастау алады. Бүгінде мұнда электроэнергетика, жылу энергетикасы, релелік қорғаныс және автоматтандыру бағыттарында қалыптасқан ғылыми мектептер бар. Үш кафедрада бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша білім беріледі. Қазіргі таңда факультетте 890 студент оқиды.
Бакалавриатта жүзеге асыры-латын бес бағдарламаның бірі – «Автоматтандыру және өнеркәсіптік робототехника». Сонымен қатар, жасанды интеллект бағытында Астанадағы Кайру университетімен ынтымақтастық орнату жоспарланған. Бірлескен бағдарлама аясында студенттер энергетика мен жасанды интеллект саласындағы білімдерін ұштастыра алады. Сондай-ақ, болашақ атом электр станцияларына, жаңадан салынатын өндірістік нысандар мен деректерді өңдеу орталықтарына қажетті мамандар даярлау бағытында жаңа білім беру траекториялары әзірленуде. Факультетте күн және жел энергетикасы қондырғылары да оқу үдерісінде тәжірибелік мақсатта пайдаланылып келеді.
Осылайша, Торайғыров университетінде білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, заманауи технологияларды оқу үдерісі мен тәжірибеге енгізуге басымдық беріліп келеді. Факультеттердің бастамалары еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлауға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Асқар Ғазизов.
