«Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік. Енді бұл жұмысты одан әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет».
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның
өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Бүгінде жоғары оқу орындарының алдында тек білікті маман даярлау емес, ғылым мен өндірісті ұштастырып, жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу міндеті тұр. Осы бағытта Торайғыров университеті білім беру бағдарламаларын жаңартып, жасанды интеллект, цифрландыру және ғылыми зерттеулерді дамытуға басымдық беріп келеді. Университет бастамалары өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, болашақ мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Бағдарламалауды тегін үйренеді
Мәселен, Tomorrow School мектебі тұрғындарға IT саласын үйреніп, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, жоба екі жылдан бері жұмыс істесе, Павлодардағы кампустың ашылғанына үш ай болған. Осы уақыт ішінде төрт қарқынды оқу курсы өткізіліп, 200-ге жуық адам Go бағдарламалау тілінің негіздерін меңгерген. Қазір негізгі екі жылдық бағдарламаға қатысушылар іріктелуде.
– Бізге келетін адамдардың көбі өз саласында тәжірибе жинаған. Олар сол саладағы мәселелерді жақсы біледі. Бағдарламалауды меңгергеннен кейін осы мәселелерді шешетін пайдалы өнім жасай алады. Бұл – IT технологияларын басқа мамандықтармен ұштастырудың жақсы мүмкіндігі, – дейді ол.
Мектептегі оқу бір айлық қарқынды іріктеу курсынан басталады. Бұл кезеңде қатысу-шылар жасанды интеллектіні қолданбай, бағдарламалаудың негізгі қағидаларын меңгереді. Одан кейін екі жылдық негізгі бағдарламаға іріктеу жүргізіледі. Дегенмен, студенттер өз жобаларын жүзеге асыру үшін оқу аяқталғанын күтпейді. Мәселен, бір жылдың ішінде өзінің жеке өнімдерін іске қосқан білім алушылар да бар.
Қазіргі уақытта мектепке қабылдау аяқталған. Келесі жылы тіркелу қайта басталады. Өтінімдер онлайн қабылданып, үміткерлер есте сақтау қабілетін тексеруге арналған ойыннан өтіп, сауалнама толтырады. Бастысы, оқу толығымен тегін.
Құрылысқа — жаңа серпін
Торайғыров университетінің сәулет және құрылыс факультетінде кәсіби кадр даярлау мен ғылымды өндіріспен ұштастыруға басымдық берілген. Факультет деканы Гүлнар Жүкенованың айтуынша, мұнда құрылыс инженерлері, сәулетшілер, инженерлік желілер, көлік құрылысы және құрылыс материалдарын өндіру саласының мамандары даярланады. Қазіргі таңда факультетте 900-ден астам студент білім алуда.
Болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуында өндірістік тәжірибенің орны ерекше. Студенттер бірінші курстан бастап кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, жұмысшы мамандықтарын меңгереді. Сонымен қатар, білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесіп жетілдіріледі.
– Біз үшін білім мен өндірістің байланысы аса маңызды. Студенттер төрт жылдық оқу барысында әр курста өндірістік тәжірибеден өтеді. Бірінші курстан бастап жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, кейін білім деңгейіне қарай жоғары біліктілікке ие болады. Қазіргі құрылыс саласын цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан факультетте AutoCAD, ArchiCAD, 3ds Max бағдарламалары оқытылып, 3D модельдеу мен ғимараттарды цифрлық жобалауға басымдық берілген. Жыл сайын факультет 150-200 маман даярлап шығарады. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90 пайыздан асады, — дейді Г.Жүкенова.
Университет ғалымдары білім беру бағытындағы жұмыстармен қатар, облыстың өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға арналған ғылыми жобаларды да жүзеге асыруда. Соның бірі – өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеп, құрылыс материалдарын өндіруге пайдалану. Бұл бағытта ғалымдар Дүниежүзілік банк гранты аясында және өңір кәсіпорындарымен бірлесіп зерттеулер жүргізген. Негізгі назар металлургиялық қалдықтарды жол құрылысына, ал күлді құрылыс материалдарын жасауға пайдалануға аударылған. Мәселен, құрамында
70 пайызға дейін күлі бар кірпіш үлгісі әзірленген. Сонымен қатар, Екібастұз өңіріндегі көмір өндірісінен шығатын аршынды жыныстарды құрылыс және тұрмыстық керамикалық бұйымдар жасауға пайдалану технологиясы ұсынылған. Бұдан бөлек, беріктігі жоғары асфальтбетон құрамдары мен автоклавты газобетон өндіру бағытында да зерттеулер жүргізілуде.
Құрылыс саласындағы тағы бір өзекті мәселе – қолданыстағы ғимараттардың пайдалану мерзімін ұзарту, беріктігін арттыру және жылу тиімділігін жақсарту. Ескі нысандарды бұзып, жаңасын салу әрдайым тиімді бола бермейді. Сондықтан оларды заманауи материалдар арқылы жаңғыртуға қызығушылық артып келеді.
Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры және PhD докторы Қуаныш Мақашев осы бағытта ғылыми зерттеулер жүргізуде. Ғалымның айтуынша, негізгі мақсат – ғимаратты қосымша нығайтып қана қоймай, оның жылу сақтау қасиетін де жақсарту.
Зерттеу барысында көміртекті талшық, шыны арматура және эпоксидті шайыр негізіндегі материалдар қолданылады. Бұл технологиялар ғимарат конструкцияларының беріктігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Біздің мақсатымыз – бір жұмыс барысында екі мәселені шешу: ғимаратты нығайту және оны жылыту. Осылайша монтаж жұмыстарының көлемі мен шығынын азайтып, тиімді нәтижеге қол жеткізуге болады, – дейді Болат Мұқашев.
Ғылыми ізденістерге студенттер мен магистранттар да белсенді қатысады. Олар түрлі құрылыс конструкциясын өз қолдарымен құрастырып, беріктігін сынақтан өткізеді. Мұндай тәжірибе болашақ инженерлердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына жол ашады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
