Жазаны күшейту отбасылық мәселені шеше ме?

Қар 5, 2026

Алимент төлеу – ата-ананың заң алдындағы ғана емес, бала алдындағы азаматтық міндеті. Алайда сот шешімі болса да, баласына тиесілі қаражатты төлемеуден бастарын алып қашып, жауапкершіліктен жалтарып жүргендер аз емес. Соның салдарынан алимент берешегі жыл сайын өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты алимент төлемегендерге қатысты қылмыстық және әкімшілік жазаны қатаңдату мәселесі қайта көтерілді. Яғни, елімізде алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар үлесі артып келеді. Дегенмен жазаны күшейту берешектің өтелуіне қаншалықты ықпал етеді? Тақырыпты «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Жандарбек МЫРЗАБЕКОВ,

заңгер:

– Өз баласын асыраудан бас тартқан азаматтарды заңмен қатаң жазалау дұрыс деп санаймын. Өйткені, өзінің баласынан теріс айналып, оның әлеуметтік жағдайына, денсаулығына алаңдамайтын адамдар көбейіп келеді. Бұл ерге де, әйелге де қатысты. Егер, адам бұл жауапкершілікті өзінің ойымен, санасымен түсінбесе заңмен түсіндірген дұрыс деп есептеймін. Әрине, алиментті заң бойынша уақытында төлеп, өзінің жауапкершілігін, міндетін толық өтеп отырған борышкер әкелер де бар. Мемлекет оларға қарайласады, барынша қолдау көрсетеді. Жалпы, қолданыстағы заңға сүйенер болсақ, баласының алиментінен бас тартқан азаматтар Қылмыстық кодестің 139-бабы бойынша қылмыстық жазаға тартылып, әкелік құқығынан айырылады. Бұл әкелік құқығынан айырылды дегеніміз борышкердің алименттен құтылды дегенді білдірмейді. Ол қандай жаза арқаласа да перзентінің алдындағы қарызын өтейтін болады. Міне, осы арқылы  біз өзге борышкерлердің жауапкершіліктен жалтармай, алимент  төлеу міндетін уақытылы орындауына ықпал ете аламыз.

 

Жанарыс ҚЫЗЫР,
қоғам белсендісі:

– Мен алимент төлемегендерге қатысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті одан әрі қатаңдату мәселесімен келіспеймін. Себебі заңды күшейту арқылы бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес деп есептеймін. Қылмыстық жауапкершілікке тарту кей жағдайда әкенің де, баланың да болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Әрине, баланы асырау – ата-ананың, әсіресе әкенің тікелей міндеті. Одан ешкім қашпауы керек. Бірақ алимент төлемеген әрбір азаматты бірден қылмыстық жауапкершілікке тартып, түрмеге тоғыту мәселенің шешімі емес. Қоғамда мұндай адамдарды жауапкершілікке шақырудың басқа да жолдары бар. Мәселен, қоғамдық жұмыстарға тарту, тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесу, тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы олардың төлем жасауына ықпал етуге болады. Сонымен қатар, жұмыссыз жүрген, табысы жоқ азаматтарды жұмысқа орналастыру жағын қарастыру. Әкені түрмеге қамау арқылы баланың материалдық жағдайын жақсарта алмаймыз. Керісінше, оның табыс табуына, жұмыс істеуіне және алимент төлеуіне кедергі келтіруіміз мүмкін.

 

Еркегүл ЖЕҢІСХАН,

Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Өмірде түрлі жағдайлар болады. Алайда мемлекет пен қоғам қандай да бір әлеуметтік мәселеге баға бергенде, тек кінәлілерді іздеп, оларды жазалаумен шектелмей, ең алдымен сол жағдайдың алдын алу жолдарын қарастыруы қажет. Мәселен, бүгінгі таңда жас отбасылардың ажырасуына не себеп? Неліктен кейбір әкелер бала алдындағы жауапкершілігінен жалтарады? Қоғам осы сұрақтарға терең талдау жасап, отбасылардың ыдырауына әкелетін себептерді анықтауы керек. Ал сіз айтып отырған заңмен жазалау мәселесі өте күрделі. Бір қарағанда, мәселені шешудің оңай жолы секілді көрінуі мүмкін. Бірақ заң аясында қолданылған жаза әрдайым әлеуметтік мәселенің түпкілікті шешімі бола бермейді. Өйткені жазамен қоса, кейде отбасындағы онсыз да күрделі жағдайды одан әрі ушықтырып алуымыз мүмкін. Бәлкім, ерлі-зайыптылардың арасында әлі де татуласуға, қайта қосылып, шаңырағын сақтап қалуға деген үміт бар шығар. Алайда сот арқылы бір тарапқа қатысты қатаң шешім қабылданып, ол бас бостандығынан айырылса, отбасының қайта жарасу мүмкіндігінен айырыламыз. Сондықтан алимент төлемеген әрбір адамды бірден қылмыскер ретінде қарастыруға асықпаған жөн.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.