Павлодар қаласында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «Stop Line» ақпараттық-профилактикалық акциясы өтті. Акция барысында қала тұрғындарымен ерекше кейіпкер – «Тәртіпбек» маскоты кездесті. Ол көпшілікке құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау және қауіпсіздік ережелерін орындау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның ерекшелігі – «Заң мен тәртіп» идеологемасының арнайы белгісімен безендірілген брендтелген трамвайдың пайдаланылуы. Қоғамдық көлік бұл күні ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының мобильді алаңына айналды. Жастар бастамаларын дамыту орталығының фронт-офис волонтерлері «Тәртіпбек» маскотымен бірге жолаушыларға тақырыптық ақпараттық парақшалар таратып, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын түсіндірді.
Профилактикалық шарада қазіргі қоғам үшін өзекті мәселелерге де басымдық берілді. Атап айтқанда, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, есірткі заттарының таралуы мен қолдануына қарсы күрес, лудомания және өзге де тәуелділік түрлерінің профилактикасы сөз болды. Сонымен қатар, тұрғындарға құқыққа қайшы әрекеттердің заңдық салдары түсіндіріліп, қиын жағдайға тап болған кезде тиісті органдардан көмек сұраудың маңыздылығы айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «STOP LINE» акциясы маңызды әлеуметтік және құқықтық ақпаратты тұрғындарға тікелей жеткізуге мүмкіндік берді. Мұндай шаралар қоғамда заңға құрметті қалыптастырып, әр азаматтың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
